Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сендер, сірә, ар-ұяттарың таза болмағандықтан, беттерін бүркеп алғандар! Қазір өздеріңе айтатын сөзімді мұқият тыңдап алыңдар! — деді.

Мүсінді көтеріп келе жатқандар алдымен тоқтады, ал әндетіп дұға оқып келе жатқан төрт псаломшының бірі Дон Кихоттың ерепейсіз түр-сықпытына, Росинанттың көтеремдігіне, Дон Кихоттың өзі байқап қалған басқа да езу тарттырар ерекшеліктеріне назар аударып, оған былай деді:

— Сеньорым және бауырым! Егер бізге бірдеңе айтпақ болсаңыз тезірек айта қойыңыз — мына ағайындар денелерін қызыл-жоса қан ғып тастады, сондықтан бір-екі ауыз сөзбен айтатын өте қысқа бірдеңе болмаса, әңгіме тыңдап тұрарлық мұрғамыз жоқ және оның бізге қажеті де жоқ.

— Мен мұны сіздерге бір-ақ сөзбен айта алам, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — әңгіме былай: мына сүйкімді сеньораны осы қазір қолма-қол босатыңдар, көзіндегі мөлтілдеген жас пен көңілсіз кейпі сендердің оны күшпен алып бара жатқандарыңды, оған әлденендей бір қатты жәбір-жапа көрсеткендеріңді байқатып тұр, ал өзім бұл дүниеге осындай зұлымдықтардың тамырына балта шабу үшін келген жан болуым себепті, оған ара түсіп, өзі арман еткен және өзіне тиесілі еркіндігін алып бермейінше сендерге адым да аттатпаймын.

Бұл сөзді естіп тұрғандар оның жарымес екенін түсіне қойып, ду күлісті, олардың күлкісі Дон Кихоттың ашуын қоздырып жіберді, — бір ауыз сөзге келместен семсерін суырып алды да, зембілге қарай ұмтылды. Мүсінді әкеле жатқандардың бірі жолдасымен орын ауыстырды, сосын әлдебіреуі демалғысы келгенде зембілді тіреп қоюға арналған айыр ма әлде сырық па, бірдеңені жоғары көтеріп алған күйі Дон Кихоттың алдынан қарсы шықты, Дон Кихот семсерінің сұрапыл соққысы да, міне, дәл осы сырыққа кеп тиіп, оны ортасынан қақ бөліп жіберді, алайда зембілші сырықтың қолында қалған молтағымен Дон Кихотты семсер ұстап тұрған, қалқаны қатты қайырым қарекеттен қорғап қала алмайтын қолынан оңдырмай қонжитқаны сонша, бейшара Дон Кихот дым қарсылық білдірер дәрмені болмай атынан жерге жалп ете түсті. Оның соңынан жанұшыра жүгіріп келе жатқан Санчо Панса мырзасының құлап түскенін көріп, дұшпанына оны енді ұрмауын сұрап айқайлады, — ол жадыланған рыцарь, өмірінде ешкімге ешқандай зиян жасамаған адам, деді. Алайда зікіршіні Санчоның айқайы емес, Дон Кихоттың тіршілік белгісін білдірмей тырайып жатқаны тоқтатты; осыны көріп, Дон Кихотты өлдіге санаған ол шапанының етегін қайырып алды да, алды-артына қарамай зыта жөнелді.

Сол аралықта Дон Кихоттың басқа серіктері де келіп жетті, бұлардың тура тартып өздеріне төніп келе жатқанын, араларында арбалет асынған жасауылдар да барын көріп, жағдайларының қиындай түскенін аңғарған шерушілер мүсіннің маңайына шоғырланды; сөйтіп, күләпараларын киіп, қолдарына шыбыртқыларын, ал псаломшылар шамдалдарын алып дұшпанның тықсыруына тойтарыс бермекке, ал сәті түсіп жатса, тіпті қарсы шабуылға шықпаққа оңтайланды, бірақ тағдыр істің жайын олар жобалағаннан тәуірірек етіп орайластырды, өйткені мырзамнан айрылып қалған екем деп ойлаған Санчо оның денесін құшақтай жығылып, мейлінше аянышты әрі мейлінше күлкілі түрде оны жоқтап зар илей бастаған-ды. Біздің священникті шерумен бірге келе жатқан басқа священник таныды, бұл жағдай зәре-құтын жоғалта бастаған екі жақты да бірдей тыныштандырды. Біздің священник Дон Кихоттың кім екенін анаған екі-үш ауыз сөзбен түсіндіріп берді, сөйтіп ол бейшара рыцарьдың өлі әлде тірі екенін көрмекке соған қарай қозғалған кезде зікіршілер де оның соңынан топырлай еріп, Санчо Пансаның көзінен жас төгіп, былай деп жоқтау айтып жатқанын естіді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий