Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бақташының әңгімесі жұрттың барлығына ұнады; бақташы, әсіресе, каноникті қатты ырза қылды: оның деревняда тұратын қарапайым бақташыдан гөрі оқу-тоқуы бар қала тұрғынына тән әңгімелеу мәнеріне тәнті болған каноник священниктің тауларда ғалымдар туады деген сөзін өте орынды деп білетінін айтты. Отырғандардың бәрі Эухеньоға көмек көрсетуге ықылас білдіре бастады; солардың ішінде Дон Кихот бәрінен де көбірек кеңпейілділік танытты, өйткені ол былай деді:

— Осы сөзім сөз, бақташы бауырым, шытырман оқиға іздеп шығар мүмкіндігім болса, енді ешқандай жаманшылық көрмеуіңе барлық жағдайды жасау үшін еш ойланбастан сапарға аттанып кетер едім: тәлімгер әйелдің де, сондай-ақ кедергі жасамақ болған басқалардың да қарсылығына қарамастан Леандраны монастырьдан (оны онда күшпен ұстап отырғандары кәміл) алып шығар едім де, ықтиярыңша ықылас көрсетуің үшін оны өз қолыңа табыс етер едім — тек, әрине, қыз-қырқындарға қандай да болсын жәбір көрсетуге тыйым салатын рыцарьлық қағидаларды қатаң сақтауың керек болады. Дей тұрғанмен, жаратқан иеміз жарылқар деп үміт етем және ақ ниетті сиқыршыдан гөрі қара ниетті сиқыршының құдіреті жоғары бола қоймас деп сенем, сөйтіп, қорғансыздар мен кембағалдарға арашашы болмаққа әу баста берген сертіме сай, болашақта өзіңе көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға уәде етем.

Бақташы Дон Кихотқа қарап қалды да, киімінің сиықсыздығы мен түр-әлпетінің ұсқынсыздығына таңырқаныс білдіріп, жанында отырған шаштараздан:

— Сеньор! Тұрпаты тым оғаш, сөзі де сөлекет мына кісі кім? — деп сұрады.

— Ау, бұл жамандықтың жойымпазы, жалғандықтың жауы, қыз-келіншектердің қалқаны, дәулердің дұшпаны, ұрыс даласының қаһарманы, дүйім жұртқа мәшһүр Ламанчалық Дон Кихот болмағанда кім болушы еді? — деп жауап қатты шаштараз оған.

— Бұл сөзіңіз кезбе рыцарьлар жайындағы кітаптарда жазылғандарды есіме салып тұр, — деді бақташы, — олар да өзіңіз мына кісіге қатысты айтқан шаруалармен айналысатын, бірақ, меніңше, не сіз қалжыңдап отырсыз, не мына мырзаның басында ми жоқ.

— Өй, ардан безген арамза! — деді бұған жауап ретінде Дон Кихот. — Басында ми жоқ қауақ бас мақұлық мына сен, ал менің басым өзіме жетерлік нәрсеге толы, ондай нәрсе сені дүниеге әкелген ана салдақыдан туған сайқал шешеңде де болмағаны анық.

Сөзден іске көшкен ол, алдында жатқан нанды алды да, бар күшімен бақташының бетіне жіберіп қалды, сөйтіп оның мұрнын даладай қан қылды; бақташы қалжыңды ұнатпайтын, оған қоса өзіне әсте қалжың деп жоруға жатпайтын жәбір жасалғанын көрген ол кілемге де, дастарқанға да, ас ішіп отырған адамдарға да қарамай Дон Кихотқа тұра ұмтылды, сөйтті де, оны кеңірдегінен қос қолдап қылғындыра бастады, егер сол екі арада жедел жетіп үлгерген Санчо Панса иығынан ала түспегенде, бәлкім, оны тұншықтырып өлтіруден де тайынбаған болар еді; табақтарды таптап, шыны аяқтарды талқан ғып, ішіндегілерінің бәрін төгіп-шашқан Санчо бақташымен бірге дастарқанның үстіне келіп құлады. Азаттық алған Дон Кихот бақташыға қайта ұмтылды, ал бақташының бетін онсыз да қан жуып кеткен-ді, оның үстіне Санчодан да тепкі жеген-ді, осыған байланысты қанды кек алмаққа ойы кетіп, төрт аяқтап еңбектеген күйі пышақ іздеп жүрген болатын, бірақ оның бұл ойын жүзеге асыруға каноник пен священник бөгет жасады, ал шаштараз бақташының Дон Кихотты алып ұрып астына бүктеуіне септесіп жіберді, сол сол-ақ екен, бейшара рыцарьға жұдырық жауып кеп берді, сөйтіп келесі сәтте оның да беті бақташының беті секілді қызыл-ала қанға боялды. Каноник пен священниктің күлкіден ішегі түйіле жаздады, жасауылдар да мәз-майрам боп, тұрақ таппай тыпыршып, құдды бір ит таластырып жатқандай, екеуін бір-біріне айдап салумен болды; тек Санчо Панса ғана не істерді білмей аласұрды, өйткені каноник малайының қолынан босанып шығуға шамасы жетпей дымы құрып, мырзасына көмек бере алмай тұрған-ды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий