Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Жіберген қателіктерің мен ағаттықтарың жайында естірмін деп жүргем, достым Санчо, оның орнына тапқырлықтарың турасында құлағдар болдым, кедейді ұшпаққа шығаратын, кещені кемеңгерге айналдыратын Жаратқан иемізге, сол үшін айрықша алғыс айтып, мінәжат еттім. Маған толыққанды адам ретінде билік жүргізіп жатқаның жөнінде және сондай адам бола тұра момақандығыңмен тілсіз мақұлықты еске салатының жайында хабар түсіп жатыр, алайда біліп қойғаның артық болмас, Санчо, өз билігіңді нығайту үшін көп ретте туа бітті көнпістігіңе кереғар әрекет жасауың қажет болады, себебі жоғары лауазым иесі атанған адамға зәузатының нашарлығы тежеу сап отыратын жайларға құлақ аспай, осы жоғары дәрежесіне лайық мінез көрсету керек. Жақсы киініп жүретін бол, адам көркі шүберек, ағаш көркі жапырақ, деген ғой. Әрине, бұл тұла бойыңа толтырып сылдырмақ тақ, сәнқойлан немесе сот қызметін атқара тұрып, әскери адамша киін деген сөз емес, қоғамда алып отырған орның талап ететіндей дәрежеде, атап айтқанда: мұнтаздай таза киініп жүруге тиіссің.

Басқарып отырған халқыңның сүйіспеншілігіне ие болу үшін сенің екі нәрсені естен шығармағаның абзал болар еді: біріншіден, жұрттың бәріне кішіпейілдік көрсеткенің жөн (жалпы, бұл турасында өзіңе айтқан да едім); екіншіден, азық-түлік қорының мол болуына қам жасауың керек, өйткені кедейлерді аштық пен қымбатшылықтан артық қатты ашындыратын ештеңе жоқ.

Шамадан тыс көп жарлық шығарма, шығара қалсаң, пайдалы болуы жағын қарастыр; ең бастысы — бұлардың қолданылуы мен орындалуын қадағала, өйткені орындалмайтын жарлық та бір, мүлдем шығарылмаған жарлық та бір; ол өз алдына, мұндай жағдай жұртты: әкімнің жарлық шығаруға ақылы жетті, қолында билік барын сезінді, бірақ оны қолдануға мәжбүр ете алмады, батылы жетпеді, деген ойға итермелейді; расында да, үрей тудыратын, бірақ іске асырылмайтын заң да дөңбекке, яғни көлбақалар патшасына ұқсас: әу баста ол бақалардың зәре-құтын алғанымен, артынан олар бұған қорсына қарап, басына әңгір-таяқ ойната бастаған-ды. Жақсы әдеттерге туған әке, жаман әдеттерге өгей әке бол. Әрдайым қатал немесе әрдайым жайдары болма – осынау екі шектің ортасын таңдап ал, кемеңгерліктің белгісі – орта жолмен жүру. Абақтыларға, қасапханалар мен базарларға барып тұр; губернатордың мұндай орындарда төбе көрсетуінің маңызы айрықша зор: бұл – істерінің тезірек біржақты болуынан үмітті тұтқындардың көңілін жұбатады, бұл – қасапшылардың құтын қашырады, оның көзінше олар кем өлшеуден тыйылады; осындай себептерге байланысты бұл, сондай-ақ, алыпсатар әйелдердің де апшысын қуырады. Егер құлқынқұмар, мансапқұмар немесе тәттіқұмар (ал сені ондай деп ойламаймын) болсаң, онда мұныңды байқатпа, өйткені бірден көзге ұратын мұндай жаман әдетіңді білген көпшілік қауым мен қосшыларың оны дәйім бетіңе басатын болады және ақыр соңында өзіңді тақтан құлатып тынады. Аралға аттанарың алдында жазбаша түрде берген ақыл-кеңесімді байсалдылықпен бағамдап, қайта-қайта ой елегінен өткізіп отыр, егер осыны бұлжытпай орындасаң, әкімдерге адым аттаған сайын жолығатын кедергілер мен қиыншылықтарды жеңуде мұның өзіңе қандай баға жетпес көмек көрсететініне әлі-ақ көзің жетеді. Герцог пен герцогиняға хат жаз, ризашылығыңды айт – жақсылықты білмеушілік өркөкіректік туымы және дүниедегі кешірілмес ауыр күнәлардың бірі; ал енді өзін жарылқаған жандарға деген деген ырзашылығын ұмытпаған адамның осынша рақымшылық жасаған және жасап та жатқан Жаратқан иемізге де алғыс жаудырары кәміл.

Сеньора герцогиня зайыбың Тереса Пансаға шабарман арқылы киіміңді және арнаулы сыйлығын беріп жіберді; әне келер, міне келер деп жауабын тосып отырмыз. Мысықтардың алас-күлесі салдарынан ойламаған жерден мұрным жарақаттанып, біраз күн мазам болмады, дегенмен соңынан бәрі ойдағыдай аяқталды, өйткені маған сиқыршылардың бір парасы зиян жасаса, екінші парасы ара түседі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий