Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абай жауап айтқан жоқ. Үндемей кеттi. Шешесiмен ең алғаш ұғыспай, шалғай кетiскен бiр кезi осы едi. Айтар едi, көп нәрселер айтар едi. Бiрақ бұның қазiргi көңiлiн ұғу керек емес, сезiну керек. Сол сезiмiн Абай бұндай салқын кеңесте жеткiзе алмайды. Ақыл сынына салып сөйлессе, iсiнiң терiс шығатынын жiгiт өзi де түсiнедi. Шешесi де соны айтты. Ал жүректе жатқан не? Оны түгел ақтарып сырласуға Абай шешесiн аяйды. Оның ең үлкен түйiнi осы әке-шешенiң бұдан ықтияр, таңдау сұрамай, қақпалап апарып Дiлдәға қосқаны едi. Тоғжандай ғашығы туралы бiр ауыз хал сұрамай, бұның жастығын аямай айырғаны едi. Бiрақ бүгiн қайтiп ол туралы анасымен айтысады? Және, әсiресе өзiн "титтей де кiнәлымын" деп толғанып көрмеген, өз түсiнiгiнше "қамқорлықпен ғана өттiм" деген, қателiгi барлығын аңдап көрмеген, мейiрбан шешесiне не деп айтады? Осы күйлердi сезгендiктен, Абай әдейi үндемей кеткен.

Бiрақ iс байлауы бөгелген жоқ. Жиренше Мамай iшiне тағы кеттi. Бұл жолы он бес күндей жүрiп, бар сөздi өзi жайлап, бiтiрiп келдi. Әйгерiмнiң қайын жағын да тоқтатып, ырзалайтын бопты. Үлкен қиын түйiн осымен шешiлген едi. Абай Бекейге де, ана Мамайға да көп мал беретiн болды.

Құнанбайдың үлкен шаңырағында, Ұлжан қолында малға ие боп қалған Оспан едi. Ол Абайдан түк аямайтын. Әйгерiм үшiн шығатын малды оп-оңай тiзiп, топырлатып бiр-ақ жөнелттi. Жақып, Жиренше, Оспан, Ғабитхандар болып, Бекей аулына барып, құда түсiп, кит киiсiп қайтқан. Соның артынан жаңағы Оспан малы әрi қарғы бау, әрi қалың есебiнде, шоқ берiлiп едi.

Осымен аз күндiк аял болды да, ақыры, Абай қайындайтын күн жеттi. Тағы да Жиреншенi бастық етiп, Ербол, Оспан, Ғабитхандарды алып, Абай күйеушiлеп атанды.

ЖАЙЛАУДА

I

Кең көгалға жайыла қонған үлкен ауылдың оң жақ шетi өңшең үлкен ақ үйлер. Бұлар мал жататын қотаннан, иiс-қоңыстан, мазасыздықтан әдейi қашаңдап, шалқая қонған.

Ауылдың екiншi шетi мен мал иiрiлетiн орта тұсында отырған өңшең қоңыр үй. Бұл шетте жыртық, шоқпыт лашықтар, құрым қара қостар, кiшкене күркелер де бар. "Қоңсы-қолаң" атты көп жанның баспанасы осы жақ. Қойшы шал, қозышы бала, түйешi, сауыншы, жылқышы да осы жақтан шығады.

Қазiр үлкен ауылдың бұл шетiндегi қолы бос жас-желең де, шүйке есiп, ұршық иiрген кексе қатын, кәрi кемпiр де түгелiмен ауылдың екiншi жағына құлақ салады. Тегiс алаңдап, солай жүргiлерi де келедi. Олардың бәрiн елiктiрiп, аса қыздырған – жалғыз бiр шырқаған асқақ үн; ол – ән. Ауыл үстiнде шаңқай түсте, бұлтсыз көк аспанға шаншылып шырқаған өктем, әсем жалғыз үн.

Шеткi үйлердiң барлық жаны бұл әншiнi бұрын алыстан болса да естiп, дәндегендей.

Ән ұқпайтын кiшкентай немересiн арқалаған бiр қарт шеше, белi бүкшие түсiп, ән тыңдауға асыға басады.

Мүкiс тартқан кәрi құлағының үстiндегi кимешегiн кейiн жиырып қойып, басын жоғары көтере бере, құлағын төсей түседi: жалтыр күннен ұялған жасты көзiн сығырайтып, қарт жүзiне сансыз көп ажымын тереңдете, иреңдете жиып келедi.

– Уа, өркенiң өссiн, әншiбегiм! Бiздiң көңiлiмiздi көтерсең, сенiң көңiлiңдi құдай көтерсiн! – деп, тiссiз иегiн шошаңдата сөйледi. Қотан ортасында бұны жақтырмай, қыжырта мазақтап, Қалиқа тұр.

– Е, кәрi жел өкпе, сен қалма! Саған айтып жатыр ғой, адыра қалғыр! Өл де маған, о несi! – дейдi.

Кәрi кемпiр иiс кекесiндi есiтсе де тоқтамайды, қасына тағы бiр кексе қатынды ертiп алып:

– Е, кекетпесең, Қалиқа боламысың шедiрем қал! – деп, кетiп барады.

Ауылдың үлкендерi отырған шеткi ақ үйлерден де қиыс өттi. Беттегенi анадайға оқшау тiгiлген төрт үй.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий