Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Оспан осыны көргеннен-ақ Смағұл қасынан кете алмаған. Кеш бата үлкендердің бәрі мал жайлағалы тысқа кеткенде, екеуі сол үйде оңаша қалған.

Оспан үй ішінің ала көлеңке болуын тосқан екен. Жаңа іңір қараңғысы бола берген кезде, көп асықтың ішінен қызыл құлжаны қымқырып алып, өз үйіне қарай жөнеле берген болатын. Смағұлдың байқап қалып, іле қуғаны әлгі екен.

Абайдың көңіліне Смағұлдың жаман сөзі зілдей тиді. Өз анасына жаны біртүрлі қатты ашып, үлкен бөлменің тап ортасында тапжылмай қатып, тұрып қалыпты.

Бір сәтте Смағұлдың бақырауық даусы қайта жақындап келе жатқанын байқады. Сол дауыспен қатар, шаптығып қатты ұрсып, асығып келе жатқан кіші шешесі Айғызды таныды. Айғыз үлкен үйдің есігін сарт еткізіп шалқасынан ашып, табалдырықтан аттай бере, Смағұлды жұлқып ұшырып, үйге кіргізіп:

– Мә, жеңдер! Талап түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә дейім!.. - деп, Абайға қатты төніп жетіп келді.

Абай:

– Кіші апа! - дей беріп еді, Айғыз оны сөйлетпестен қаптап кеп:

– Әлім жеттік қыласың ғой! Сендер бір шешеден төртеусіңдер, көпсің.

– Кіші апа деймін!.. Не дегенін сұрашы тым құрмаса!

– Керегі жоқ! Ер жеткенде білгенің сол ғой! Сен де күндестің баласы деп тұрсың ғой.

– Құдай-ай, не дейсіз?

– Ұрған жақсы болса, ертең оқудан келер Қалел де. Сенің сыбағаңды берер!

– деп, орысша оқуда жүрген өзінің үлкен баласы Қалелді де есіне алды...

Жасақтасып, төбелескелі тұрған екі күндес ауылдай.

– Ойпырм-ай, ана болғандағы ақылыңыз осы ма, кіші апа?

– Жағаласпа, шығарма тіліңді! Бұлар бәйбіше, біз тоқал ғой... тепкі көрмекпіз ғой...

Абай өз үйінде өз анасынан көрген мынадай әділетсіз зорлыққа жаман күйді. Сұп-сұр болып, булығып, дір-дір етті. Бірақ жылаған пішінін білдірген жоқ.

– Түу, қойыңызшы, сіз қалай едіңіз? - деп қатты түңіліп терезе жаққа қарай бұрылып кетті. Сөз қатар мұршасы жоқ. Зере бұл жанжалдың бәрін естімесе де, Айғыздың шаптығып келген түріне қатты ашуланған екен. Абайдың күйген ажарын да танып еді. Енді Кәмшатты жатқызып қойып, түрегеліп келініне жақындап кеп, қатты ақырып:

– Жоғал әрмен, балаларымның арасына кіріп, ірткі салып не шатып тұрсың!

Шық жаның барында! - деді. Айғыз кәрі әжеден жасқанып, кейін серпіле берді де:

– Тоқал демексің, мүйіз демексің ғой бірігіп ап... Көрермін... келсін ертең, -деді. Ескерткені Құнанбай. Сұлу тоқал байына ыстық. Бел қылғаны сонысы.

Бұл сөздерін Зереге естірте айтпаса да, Абай естісін деген сияқты.

Дәл осы кезде Айғыздың сырт жағынан, өте бір сабырлы және соншалық салқын үн шықты. Ол сөйлеген Ұлжан еді. Үйге кіргелі бірталай болса да, Ұлжан үндемей ғана барды тыңдап тұр екен.

– Қой, жарықтығым, жетті енді! Сақтағаным балалар еді. Олар екеш, оларды да аямағаның ба? - деді.

– Өл де маған...

– Тоқтат, жаным! Бар! Айтқаныңды қумаймын. Тек ашуыңды аулақ әкет!

Болды. Бар!.. - деп, жай ғана бітірді. Айғыз Смағұлды қолынан ұстап, Ұлжанға біраз қадалып тұрды да, үндей алмай шығып кетті.

Ұлжан ақырын күрсініп, Айғыздың артынан қарап, біраз жым-жырт тұрып барып, сырт киімдерін шешті. Қалтасынан шақпақ алып тұтатып, пеш қырында тұрған тас шамды жақты. Үй ішін әлсіз қызғылт сәуле жарық қылған уақытта шешесі Абайдың аса жүдеп, қабағын шытып, қиналып отырған қалпын байқады.

– Абайжан, немене, балам?

– Апа-ай! Осы бір кеселді мінез кіші апамнан неге көп шыға береді? - деп, шешесінің қасына келді.

Баласы үлкен кісідей сыр сұрап тұр. Ұлжан өзгеден бүксе де, Абайдан іріккісі келмеді. Бұл баласына айта алады.

– Балам-ай, күндестің аты күндес те! Қу жараны жалап жазған боламыз да.

Әйтпесе менің де қай сырымды біліпсің! - деді.

Абай шеше сырын іштен танығанмен айтар жауап таба алмады. Үндемей сырт айналып кетті.

Осы кезде тыстан дабырлап, күле сөйлесіп, Абайдың үлкен ағасы Тәкежан мен Ғабитхан молла кіріп келді. Бұлар үйге көңілді, көтеріңкі шырай ала кіргендей.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий