Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Қап, қор болдық қой! Қапыда қалған басым! Қапыда кеттім ғой тағы да! -деп, Бөжей қатты ширықты. Бұлардың азғана сенімі қыстаудың жоғарғы жағы мен төменгі жағындағы жігіттер еді. Олар аттарына жетіп қалған екен. Бестен-оннан топталып, сойылдарын көтеріп, жауға қарай жосытып көлденеңдеп шауып берді. Бірақ алды солай болғанмен, арттағы көпшілігі аттарын тез ұстап міне алмай жатыр.

Енді Олжай қолы бұл жаяулардың көпшілігін атқа мінгізбей басатын болды.

Құнанбай шауып келе жатып, оң мен солдың екі жағына да жүз қаралыдан екі қалың топты жыра жөнелтті. Солар өреде жүрген аттарды қиқу-айғаймен шошытып бездірді.

Сойылдың астына алып, үстеріндегі ер атаулының барлығының қастарын талқан етіп, қиратып жүр..

Жігітек жағынан алғаш атқа мініп қарсы шапқан селдір топтар Құнанбай бастап келе жатқан қалың нөпірдің өзін жанай шауып еді. Оларды да көптің селі басып кетті.

Екі жаққа бөлінген топтарынан басқа, Құнанбайдың артындағы нөпірдің өзі де тіпті мол.

Көлденеңнен киліккен жігіттердің аттары әп-сәтте ойнап шыға берді.

Бір жігітке тақ қырық-елу сойыл қарсы келген болу керек. Оп-оңай ұйпап кетті.

Аттарына жете алмай, жаяу қалған жігіттер, өздерінің үстіне барған қалың топтармен:

– Қайт! Қайт! - деп тұрып, жаяу күйде соғыспақ еді. Бірақ атты мен жаяу соғыса алсын ба? Аттың екпінімен кеп сойылды соққанда, ат үстіндегілер жаяуларды қағып жығып, домалатып-домалатып кетті.

Осымен қыстаудан оқшау кеткен азаматтың барлығының да еріксіз титығы құрыды. Көптігіне сеніп, өркештеніп алған және мыналардың қамсыздығын көріп, біржолата дандайысып алған жаулар енді ұран менен айқай-шуды тіпті қатты үдетті.

– Айдос! Айдос!

– Ырғызбай! Ырғызбай!

– Топай! Торғай! Топай! Торғай! - деп, арғы ұраны Айдосты бір атап, одан қала берсе бергі әруақтарын да жиі шақыра жүріп, Жігітек жігіттеріне тақай бергенде:

– Қыр! Жой! - деп барынша шошытып, зәрін шашып келеді.

Енді бөгет атаулы жапырылып болған соң барлық қолдары жан-жақтан қыстауға қарай лап берді. Жер-дүние азан-қазан. У да-шу айғай мен тасыр-тұсыр әлекке толды. Нағыз шабыншылықтың жат сарыны басты.

Бөжей тобы әлі күнге қыстау алдында еді. Барлық бұл арадағы жиын сойыл шоқпарын көтеріп, арқа жүнін үрпитіп ер тағыдай тапжылмай тұрған-ды. Енді айналаның барлығын жау алған соң, Байдалы қатты дауыстап:

– Бітті ғой! Шарасы құрғыр бітті ғой! Тарт енді, қораға тарт! Есік-есікті алып тұрып, қораға кіргізбей өлісіп көреміз! - деп, бар жиынды солай бастады.

Орталықта, үлкен есік аузында Байдалы мен Бөжей. Бұларды қоршаған өңшең ер жастар, Базаралы, Балағаз сияқты, Қожақан сияқты мықты жігіттер болатын.

Жау атаулы қалың нөпірмен қораның үстіне ақтарылды. Шапқылаған күйінде ағылып кеп, үйіліп жатыр. Барлығының үйірілгені Құнанбайдың айналасы екен. Бұйрық, әмір күткендер. Тап ортада Құнанбай. Атының үстінен әлі түспей тұр.

Дәл осы кезде, қораның ішінде, Дәркембай Бөжей мен Байдалының арасынан ентелеп кеп, сирақты мылтықты көтере берді.

Қораның ішкі жағынан жаңа жүгіріп кеп еді, қайдан алып шыққаны белгісіз, құлағы қайырулы, білтелі қара от қойса тарс бергелі тұр. Асығыста Бөжейді топшысымен қағып, өтініш етіп:

–Мынау соқыр аяйын деп тұрған жоқ. Тағы да түбімізге жетті ғой. Атамын!

Жайратамын! - деп, шақпағын шаға беріп еді.

Бөжей оны қатты серпіп жіберіп, тоқтатып:

– Атпа, тарт былай! Аруақ бары рас болса, бұдан келген керді көрермін! -деді... Бұл кезде Құнанбай айғай салып, бұйрық беріп:

– Алып шық шеттерінен! Сүйретіп шық індерінен! Қол-аяғын байлап ап шық өңшең тоң мойын құлдың! - деп, Майбасар бастаған барлық Ырғызбайды қораға қарай жаяу қаптатты.

Олар есік-есіктің алдында іркіліп қалғандықтан, Құнанбай тағы ақырып:

– Қапта, түс аттан! Қапта тегіс! - деп, Көтібақ, Топай, Торғай жігіттерін де тұтас айдап салды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий