Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сондықтан ол егес сөзді молайтпай, жақындағы Байдалымен ақылдасып алмақ болды. Үркімбай мен Қарашаға:

– Екеуің бері қараңдаршы, - деп, біраз үндемей қадалып отырып, - біз ғана емес, Жігітекке тегіс келген селебе ғой. Мына жерде Байдалы бар. Бөжеймен ақылдасуға қашан боп түр. Қараша, сен тез атқа мін де, барып Байдалымен ақылдасып, мына атшабарлардың жауабын алып кел! - деді.

– Дұрыс, сүйт! - деп, Үркімбай да қостады, атшабарлар да қарсы болған жоқ.

Қараша лезде тұрып, үндеместен жүріп кетті.

Осымен атшабарлар орнығып отырып, шай ішіп жатты. Үркімбай олармен жауаптаспаса да, өз ішінен Майбасар бұйрығына қатты ашулы. Бар Тобықтының ішінде бір үй қазанына арам ас салмады десе, сол ең алдымен осы Үркімбай үйі болатын.

Атшабарлар көп тосқан жоқ.

Үй сыртына бірнеше атты кісі дүсірлетіп кеп, шапшаң түсіп, аттарын тез байлап жатыр.

Келген Қараша. Қасында Байдалы мен Қарашаның өр атанған ұры түсіргіш жігіттері. Жұмағұл атшабар қулау болатын. Ішінен мыналардың келісін жақтырмады.

– Е, не ғып ереуілдеп жүрсің бәрің бірдей? - дей беріп еді, Қожақан деген ұзын қара жігіт:

– Атаңды жау шапса, бірге шап деген. Сендерге Жігітектің бар малын тартып әпергелі келдік, - деді.

– Бар мал емес, елу-ақ қой керек. Қалған малың көп болса, ана иесі келгенде жетектертерсің... Асыққаның не? - деп, Қамысбай зәрленіп ашу шақырайын деді.

– Соны әперетін осы сенбісің? - деп, Қараша Қамысбайдың дәл қасына жүгіне отырды.

– Мен болғанда қайтейін деп ең?..

– Сен, қанқұйлы, тамам елді жылатып болдың ғой, осы итаршылықты қоямысың?..

– Өй, сандалма әрман! Одан да ана Байдалының жауабын айт.

– Жауабы ма?.. Ендеше жауабы міне, - деп, Қараша қолындағы тобылғы сапты жуан қамшыны сермеп жіберіп, атқып тұрып, Қамысбайды бастан тартып-тартып жіберді...

Малдасын құрып отырған Қамысбай да жалма-жан тұра беріп еді...

Үркімбай, барлық осы үйдегі өз жігіттеріне ақырын, бұйрық етіп:

– Ұста! Сой екі итті! -деді.

– Жұмағұл да, Қамысбайда арпалысып, айғайлап, боқтық астына ала бастады. Бірақ он жігіт ырық бермеді. Үндеместен жабылып, екеуін алып-алып соқты да, тізерлеп басып-басып алды.

– Байдалының жауабы сол. Екі иттің бауыр сыртынан дүрені соғып-соғып, Майбасарға қып-қызыл жоса қып қайтар, - деді!.. Ал!.. Тұр бәлем! - деп кеп, Қараша Қамысбайдың басына өзі мініп алып, құйрығы мен жонынан шықпырта берді. Жұмағұлды Үркімбай мен өзге жігіттер де сондай сабады.

Екі атшабар таяқты Жігітектен мейлінше жеп алып, беттегі қызыл жоса қандарын айғыз-айғыз қылған бойында, сүртпестен шапқылап отырып, Қарашоқыдағы Құнанбайдың алдына тура кеп кірді.

Құнанбайдың қасында Байсал, Майбасар бар екен. Және Құлыншақтың батыр ұлдарынан Наданбай, Манас отыр. Ырғызбайдан - Жұман, Төлепберді, тағы да басқа үй толы жігіттер бар екен.

Құнанбай әуелі үн қатпай сазарып отырып барып, аздан соң екі атшабардың бетіне нұсқап отырып Байсалға:

– Міне, көрдің бе? Қайтып ағайын болайын? Мына қамшы мыналарға емес, маған жұмсаған қамшысы ғой Бөжейдің... Тұр тегіс! - деп, бар жігітке қатты ақырып бұйрық берді. - Қазір барыңдар да, сол өз үйінде сабатқан Үркімбайды қол-аяғын байлап тұрып, дәл менің алдыма сүйретіп әпкеліңдер! - деді.

Басқа бір кісі бір ауыз сөз айтқан жоқ. Құнанбай да мұнан әрі ләм деген жоқ. Он жігіт атқа міне-міне шаба жөнелді. Ішінде Құлыншақ балалары бірге кетті.

Осы топ ымырт жабыла Үркімбайдың аулына жетіп, барлық ауылдың еркектерін бықпырт тигендей сабап жүріп, Үркімбайды өз үйінен сүйреп алып шықты. Үркімбай үйде қарсыласқанмен, таяқ тиетінін байқаған соң, енді қайтып үн қатқан жоқ.

Бетінде жалғыз тамшы қан жоқ. Ашудан көкпеңбек боп, булығып алған еді.

Ернін тістеп, қабағын тастай түйіп ап, шыдай бермек болды. Тыста мұның қолын артына байлап, бір семіз шабдар атқа мінгізді де, артына Төлепберді қарғып мініп алды. Ашулы топ Қарашоқыға қарай тасырлатып, шапқылап жөнелді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий