Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Телі мен тентек қайда болсада бар болатын, Құнанбай! Бөжей мен Түсіп өзі ұры ма еді! Ара ағайынның сөзін айттың, қарындастың көз жасын айттың деп, тағы жазғырмақ пең? Ақ та болсам, жоқ сылтаумен тағы арандатпақ пең!

Бөжей, Түсіп арам болса айтарсың! Ақ болса, жазықсыз болса, неңді айтасың?

– Айтқаным айтқан, жазықтысын, арамсың...

– Ендеше міне, зауал уақты... сал мойныма арамымды! - деп, Түсіп дір-дір етіп, жүгініп алды.

– Арамың сол, Бөжей маған қақпан құрғанын қойсын! Біреудің сыртын бетке ұстап жүріп, маған арнап оқ атқанын қойсын! Енді осыдан қоймайтын болса, ағаш оғын аямасын, тегіс атсын! Бірақ қашан айттың демесін! Ендігі керді тап өзі көреді. Өз басы көреді! Ал, Керей, Уақтың малын бересің!

Бергіземін! Ертең үстіңе сияз құрғызамын. Бұл бір. Екінші, Бөкенші сөзінен аулақ кетсін. Тартсын аяғын. Тарт аяғыңды! Ара ағайын сен емессің. Саған сынататын сөзім емес. Бәле іздемесең, кіріспе! Кіріссең, алысқалы әдейі кірістің деп білемін. Бар, айт осынымды!.. Тегіс жеткіз Бөжей мен Байдалыға! - деді.

Сөз осымен бітті де, екеуі екі айрылып кетті.

4

Осының ертеңінде, түске таман Майбасардың екі ат шабары - Қамысбай, Жұмағұл шапқылап кеп, Жігітек ішіндегі Үркімбай аулына түсті.

Қыстауының жанында отырған алты үйдің барлық иті абалап шығып еді, атшабарлар ақырып, қамшы үйіріп ұмтылып, бездіріп жіберді.

Әрбір үйдің есігін жамылып, баспа ғып тұрған балалар да мына тентек қонақтардан қорқып, інге кірген тышқандай, есіктерінің ар жағына сүңгіп-сүңгіп кетті.

Үркімбайдың үлкен қоңыр үйінде бірталай еркектер отыр еді.

Үй иесінің өзінен басқа Қаумен, Қараша барды. Бұл екеуі - Бөжейдің жақын ағайындары. Үркімбайдың кішкене тұлымды қызы есіктен қашып кеп әкесінің қолтығына кіріп кетті де:

– Атшабар, атшабар! - деді.

Атшабар келсе, жанжал келетінін балаға шейін сезетін.

Мойындарына былғары сөмке салған, төсіне қақпақтай үлкен-үлкен жез знактар таққан екі атшабар үйге кіріп келгенде, тұлымды қыз:

– Әне, әнеки, әке! - деп, әкесінің қойнына жабыса түсті.

– Өй, жандарым, немене шулатып жүргендерің? - деп, Үркімбай жақтырмай қарсы алды.

– Іс тығыз, бұйрық тығыз... асығып жүрміз! - деп, Қамысбай төрге шықты.

Жұмағұл от басына бір тізелеп отырып қалды. Қараша:

– Е, не бұйрық? Немене тағы: ел көшті, жау жетті деп шетіңнен? - деді де, қабағын түйіп, Қамысбайға ашумен қарады. Бірақ қырыс атшабар қайысқан жоқ.

– Бұйрық сол, үй тігесіңдер. Қараша, Қаумен, сендерді іздеп келеміз. Осы Үркімбай, Қаумен, Қараша үшеуінің ауылдарында сияз болады. Ел жиылады.

Керей, Уақтың даугерлері келеді. Елмен елді ақылдастырамыз, ұрыдан мал әпереміз дейді...

– Кім айтады? - деп, Қаумен тіксінді.

– Әперетін кім? - деп, Қараша қайтадан қадалды.

– Ұрыдан әпере ме, жоқ, ұры емеске де салмақ түссін дей ме? - деп, Үркімбай да жалт қарады.

Сияз деген мол шығын. Ол, көп елдің қалың даугерлері келіп орнайды деген сөз. Осы елдің жуан, семіз, мешкей билері, күндіз - түстік, кешке - қонақ асы жеп, асықпастан ай жатады деген сөз.

Ежелден мәлім: қай ауылдың үстінде сияз болса, сол ауыл мол шығасылы болмақ. Елден ерекше мазасыздыққа ұшырамақ. Ұлық қай ауылға сияз құрса, сол ауылды қырына алғаны.

Қамысбай бұл отырғандардың сиязға оңай көне қоймайтынын ертеден біледі.

Старшын мен аға сұлтанға айтпаса да, атшабармен көп қиталасады. Бірақ Майбасар бұйрығы қатты болатын. Бөгелуге болмайды.

– Бұйрық ұлықтікі. Құнанбай мен Майбасардікі. Мен шығарды деп пе ең? -деп, Қарашаға сыздана бір қарады да, - бол, болыңдар! Ақылдасыңдар да, үй қамдаңдар. Үшеуіңнің ауылдарыңдағы бар киіз үйді осында әкеп тігіңдер.

Сойыс жайын ақылдасыңдар. «Жігітек әуелі елу қой сойыс үлессін» - деген.

Соны қай-қай ауылға саламыз. Қазір осының жайын кеңесейік, - деді.

Атшабармен сөйлесіп сөзге, жолға жарымайтынын Қаумен жақсы біледі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий