Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бөкеншінің барлық азаматы шапқылап ат қойып кеп, осы бейіттің үстіне шұрқырап, жылап түсіп жатты. Сүйіндіктер тобы келместен бұрын бейіттердің басында 3-4 қана адам отыр еді. Ол - Жәмпейіс, Әйтімбет және бір-екі басқа қойшы болатын.

Жаз бойы келе алмай, бүгін көшпен жетіп, ең алғаш еске алып, құран оқып отырған солар еді.

Кейін осылардың үстіне шулап келген нөпірді көргенде, мына кәрілер таң болды. Жылағанның ішінде Сүйіндік бар. Ол бір жұмбақ.

Әсіресе, бұларды қайран еткен Жексен мен Жетпіс... Екеуі де үш қабырды кезек-кезек құшақтап:

– Кеше гөр, арысым, кеше гөр!

– Ағакем, кеше гөр! - десіп кеп зар-зар етеді. Көздерінен шын өкініш жастары ағыл-тегіл шығады.

Бірақ Жәмпейістің жүрегі жылыған жоқ. Ол Қодар мен Қамқаның қайғысынан осы жазда біржолата белі бүгіліп, қатты солып кетіп еді.

Қамқаның бейітін құшақтағалы еңіреп келе жатқан Жексенді кеуделеп қойып қап:

– Өй, көзің ақсын, көзің аққыр өңшең!.. - деді.

Аз уақытта үш қабырдың басына еркектер ғана емес, барлық көштердің әйелдері де, жас-кәрісі де үйілген еді. Қалың ел болып, зар еңіреп, улап-шулады.

3

Бөкенші, Борсақ Шыңғыстан қайта серпіліп көшкенмен, Құнанбай атаған жаңа қыстауларға бармады. Қызылшоқы, Қыдыр, Көлқайнарға жаппа тігіп қонды да, көшпей отырып алды.

Бұл кезде өзге елдің бәрі де қыстау-қыстауларына жетіп, жайласқан болатын. Қора басына пішендерін тасу, тоңын аудару, қыс жағатын қиларын қалап алу, мал қораның жыртық-тесігін бүтіндеу, үй сылау, пеш түзету сияқты істері қыстық мекені бар елдердің бәрінің де тегіс жұмылған науқаны.

Осындай істерден сырт қалған және қайда барары мәлім емес Бөкенші, Борсақ аз күннің ішінде ауған, босқан ел тәрізденді.

Құнанбай жорға Жұмабайды Сүйіндік пен Сүгірлерге жіберіп: «Ана Қарауыл, Балпаң, Талшоқы бойынан таңдаған қоныстарын алсын! Және жайлауына көлденең Шалқарды тұтас алсын! Бірақ көпке мұрындық болмай, тез барып орнықсын!» деген. Шыңғыстан бір-бір қыстау алса, Қарауыл, Балпаң тисе және, әсіресе, жайлаудағы екі өзен жеке меншіктеріне тисе, тіпті өкініш жоқ.

Осымен Сүйіндік, Сүгірлер өз есептері ұтылмайтынын білген соң, көш-қонын ойлап, қыбырлай бастап еді. Бүгін өзге Бөкеншіге айтпастан Сүйіндік, Сүгір, Жексендер таң атысымен түйелерін ұстатып, арқан-жібін қамдап, жаппаларын да жыға бастады. Бұлар осылайша іріткімен екшелгенде, өзге Бөкенші, Борсақтан жиырма-отыз кісі атқа мінді. Ендігі жиын - шаруа жиыны.

Араларында зор денелі, орта жасты Дәркембай бар.

Ол Қызылшоқының шеткі қонысында отырған Жексен аулына келді де, Жексен мен Жетпісті шақырып:

– Елді тастап, бас сауғалап, қайда барасың түге? Тапжылма! Көшпе! Не көрсең, бірге көресің! Жықпа жаппаңды! - деді.

Жексен қарсыласа алмады. Жалғыз-ақ қиялап:

– Жандарым-ау, не білгендерің бар? - дей беріп еді.

– Онан да қазір екеуің де атыңа мін! Ер бізге! Анау Сүйіндік, Сүгірге барып сөз байлаймыз! - деді.

Жексен мен Жетпіс еріксіз ерді.

Осы топ Сүйіндік пен Сүгірге де көп сөйлеген жоқ. Бұйрықтарын шолақ айтып, көштерін тоқтатып тастады. Сүйіндік бұлардың айтқанына амалсыздан бағынды да:

– Ал, бірақ тапқан ақылдарыңды айтшы! Қылышын сүйретіп қыс келеді.

Кемпір-шалды күркілдетіп, баланың жағынан боздағын шығарып, қашанғы отырамыз? Қайда барамыз? - деді.

Дәркембайдың жауабы әзір болатын:

– Сүйіндік, Жексен, Сүгір - үшеуің де алдымызға түс! Аттарыңа мін! Жүр әне Бөжейге! Елден жырыла қашып оңбайсың түге! Бөжейге барамыз.

Ағайынға салмақ саламыз. Тіпті жан ашыр жоқ болатын болса, арғысын содан әрі көрерміз! - деді.

Сүйіндік пен Сүгірді, Жексенді қосып алған осы топ дәл осы күн түсте Шыңғыстағы Бөжей аулына келді. Оның қыстауы Тоқпамбет дейтін қалың шалғынды, мол тоғайлы, ең бір құйқалы қыстау еді.

Бөжей өз атасы Кеңгірбайдан ата қоныс есебінде мұра қып қалған жер осы.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий