Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қазірде қас қарайып, іңір қараңғысы әбден болған екен.

Бұлар Шыңғыстың қалың ішіндегі Үркімбай қорасынан төмен беттеп, өзенді бойлап шауып келеді.

Аз уақытта өзенді кесіп өтетін бөктер жолға жетті. Енді күнбатыс жақтағы Қарашоқыға қарай бұрыла беріп еді.

Бірақ алдарында көлденең тұста бір топ биік терек болатын. Соның арасынан, бір сәтте, қалың нөпір боп:

– Қапта, қапта!..

– Түс-түс!

– Өлтір иттерді, өлтір! - деген қалың шумен, өңшең бір көк аттылар тиіп кеп кетті. Ұзын саны отыз-қырықтан кем емес. Қолдарында шоқпар мен сойыл.

Құнанбай жігіттері қарсы айғайлап:

– Келсең кел!..

– Омай!..

– Түссең түс! - деп, сапырылысып, араласып кетті. Бұларда да сойыл, шоқпар сай еді.

Ұзын-ұзын ақ сойылдар кезек-кезек қағысып, сарт-сарт тиіседі...

Қараңғыда тосқауылда тұрып шабуыл жасаған Қараша болатын. Оған Байдалы күндіз бұйрық беріп:

– Бір қимылды істеуін істедің. Бірақ енді сақ бол! - деген.

Қараша содан кешкі ымыртқа дейін тау басында, ат үстінде жүрген. Кешкі алакөлеңкеде Үркімбай аулына қарай суыт кетіп бара жатқан қалың шоғырды ол мезгілмен-ақ көріп еді. Тегін емес екенін де білген. Содан шапқылап отырып, таудан түсіп өз аулының бес-алты жігітін атқа мінгізіп ап, жолдағы Қаумен жігіттерін де атқа мінгізіп алғанша со болды.

Не де болса Үркімбай аулында жауды баса алмайтынын білген сөн, осы қайтар жолдан кеп тосқан.

Қараша қара сойылға мықты болатын. Өз аулының жас жігіттері де шетінен ат үсті төбелеске мойымайтын, «іздегенге сұраған» дейтін Қожақан сияқтылар еді.

Қоян-қолтық жерден жақсы килікті. Құнанбай қолын бұл ұрыста бастаған Құлыншақтың батыр ұлы Манас. Ол алдарынан тосқауыл болатынын білген кісідей екен. Аналар қаптап қоя бергенде, түк сасқан жоқ.

Тақымындағы қара шоқпарын суырып ала, бар жігіттеріне бұйрық беріп:

– Ал, саспаңдар, көп те болса қорықпай ұрыс! Таймай соқ! - деп араласқан.

Осымен, қалың топ жапыр-жұпыр бірнеше рет айқасты. Манас қолынан екі жігітек құлап түсті.

Төлепберді бағанадан бір ақыл ойлап алып еді. Тіпті үлкен қысылшаң болса, ол Үркімбайды аударып тастап кетпек болатын. Осы ойын өзі орындағанша, Қараша кеп жетіп, еріксіз істетті. Қолы байлаулы жүрген Үркімбай, бір айқасып өткен уақытында, Қарашаның атын танып қалған. Сол арада айғайлап:

– Қараша, мен мұндамын, мені айырып ал! - деген. Қайта айналып оралғанда, Қарашаның қуғаны, осы екі кісі мінгескен, жеір қылаң ат болды.

Жақыптың жүйрік шабдар аты жеткізбей, көп әлек қылды.

Бірақ Қараша қалатын емес. Топтан жырып алып, қуып кетті. Төлепберді артына алақтап, алдына қарай алмай келе жатты. Үркімбай осы қысталаңмен пайдаланып, атынан өзі сусып, құлай түсіп кетті.

Осымен Жігітек Үркімбайды айырып алып қалды. Құнанбай жағынан бұл түнде қолға түскен кісі болмады. Жігітек тауды басына көшіріп, ұран сала берді.

Сонымен тобы көбейе бастады. Жан-жақтан:

– Қайда? Қайда?.. - деп андыздап шапқан аттылардың сарыны молапып кетті. Осыны байқап алған Манас өз жігіттеріне:

– Енді жөнел!.. Қаша ұрысу керек!.. Сал, қаша ұрысты!.. Ал, тарт! - деп, өзі бастап тартып берді...

Үркімбай босанғаннан кейін, олар жосытып шапқылап, тау асып кетті.

Құнанбай жігіттері қолға түспесе де, Жігітек қолынан қорқып, қашып кетті.

Үркімбайды әкете алмады, тастап кетті.

Бұл түнде бар Жігітекке Үркімбайды айырып алу да, күндіз Құнанбайдың екі атшабарын сабаған сияқты, күш асырып, бел бітірген іс болды.

5

Осының ертеңінде күн райы өзгеше бұзылып, қыс ызғары біліне бастады.

Шыңғыстан аса соғатын қатты жел бар. Көктемде бұл жел игілік желі. Қарды қағып, бөктер мен шиді қарайтып кететін жел. Қыстыгүні де Шыңғыс желі шаруаның досы. Тау ішімен бөктерде бір жұмадай, он күндей үзілмей соққанда, қыс қысталаңын сейілтіп, мал жайылысын кеңейтіп, шаруаның арқасын жазып кететін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий