Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Алты күннен соң осы Құнанбай ауылдары көшкен жолмен тағы бір мол көштер келе жатты. Бұл Бөкенші мен Борсақтың көші. Бұлар да Қызылшоқыдан өтіп Шыңғысқа кіргелі келеді. Малды көштер емес. Бірақ көшкен елінің саны көп. Жинақы боп, топталып көшпей, бытырап, ен жайылып, бет-бетімен келеді.

Көш бойында ат мінген кісі аз. Әр көште бірен-саран еркектер мен көш бастаған қартаң әйелдер ғана ат үстінде. Олардан басқа бала-шаға, кемпір-шал және жас қатынның көбі жүк артқан түйелерге мініпті. Жылқысын отарға жіберіп, қысқа арналған мінгішті шақтап алған елдерге ұқсайды.

Бірен-саран тайлаққа мінген, өгіз мінген еркектер де бар. Барлық қалың елдің ішінде екі-үш ауылдың көші ала бөтендеу. Ол Бөкенші руынан Сүйіндік, Сүгірдің көштері. Борсақ руынан Жексен көші.

Осы көштердің алдына Сүйіндік, Сүгір, Жексен және басқа да кәрі, жастан жиырма шақты кісі оқшауырақ келеді. Бұл жиында әзіл-күлкі де, әңгіме де жоқ.

Өңшең тон, шекпен киген сұрғылт топтың пішіні де, қазіргі күздің сұрғылт, жабырқау аспаны сияқты күңгірт, салбыраңқы. Әсіресе, Сүйіндік пен Сүгір, Жексен күпті сияқты. Көп жұрт соның аузына қарағанмен, Сүйіндік ақырын ғана:

– Бара көрейік. Жүзбе-жүз көрісейік. Жауабын өз аузынан естейік! - деді.

– Не де болса, бара көрейік те!

– Не жөн, не жолға сыйғызады екен?.. Өзінен естиік! - деп Сүгір мен Жексен де соны құптады. Бұл жиындағы жастар мен қартаң шаруалар түйіліп алған, қатты ашулы еді.

Құнанбай күзеуден ерте қайтып кеткен соң, өзге елдің бәрі де дағдыдан тыс, күземді ерте алып көшіп еді. Жаз бойы Бөкенші мен Борсаққа Құнанбайдың қабағы келіспеген. Қырына ала берген болатын.

Сүйіндік осыдан секем алып, әнеу күні Бөжеймен ақылдаса барса да, жауапқа жари алмай қайтты.

Содан, күзеуде кейіндеп қалса да, ерте кеткен Ырғызбай жайын сұрастырып отырып еді.

Қазірде Ырғызбайдың аталастары Топай, Торғай, Көтібақ та осы Бөкеншінің артынан ілесе көшіп келеді.

Көштер Шыңғысқа кіре бере, сайды өрлеп, өзді-өзінің жылдағы қыстау-қыстауына қарай тартты. Бөкенші, Борсақтың Шыңғыс ішінде қыстау еткен жерлерінің ені оншалық мол болмайтын. Сол жердің орта тұсы Жексен қыстауы - Қарашоқы. Көктемде Қодарды асып өлтірген жер осы.

Бірнеше көштерді сай-саймен өз жолдарымен жіберсе де, Сүйіндік, Жексендер бастаған еркектер тобы жұбын жазған жоқ. Бірталай қалың көштерді арттарына салып ап, тура Қарашоқының тоғайлы өзеніне кіріп, соны өрлеп келеді. Қодар құлаған құз жартас та көрінді. Соның етегіндегі кең шалғын тегіс орылып, мая-мая боп үйіліп қапты. Жексен қорасының үстіне қаптаған сиыр, түйе, жартастан жоғарылай қонған көп үйлі ақ ауыл. Түтіні будақтап, қой-қозысы шұбартып, бықып жатыр. Бұл ара енді Жексен қыстауы емес. Осы мына отырған ауылдың мекені болғанға ұқсайды.

Жартастан бері, Сүйіндіктердің қарсы алдында, қалың жылқы ендеп, жайылып келеді. Екі шеті сайдың екі жақ иығындағы сар тұмсықтарға шашырай шығыпты. Ішінде шұбары мен құласы көп, Құнанбай жылқысы.

– Құдай ұрды десеңші! Қарағым Сүйіндік-ай, енді қайттім? - деп, Жексен көзіне жас алды.

– Жайлуыңды жау алды, қыстауыңды өрт алды, - деген сұмдық осы да - деп, құр күрсінгеннен басқа Сүйіндік түк айта алмады. Жат сыбысты естігенмен, дәл мұндай болар деген ой бұл топтағы кәрі-жастың ешқайсысында да жоқ еді.

Бұлардың ішінде, әсіресе, күйгені Жетпіс болатын.

– Бір Жексен емес, бар Бөкенші, бар Борсақтың жерін бір-ақ басып алған ғой. Бұл қорлыққа шыдағанша өлген артық! - дегенде, Бөкенші, Борсақтың тағы бірнеше жас жігіттері аттарын тебініп, ілгері шыға берісті.

– Жер ашуы - жан ашуы!..

– Бұдан арғы амандық садағам!

– Бөкенші, Борсақ құмадан туып па?!

– Қашанғы шыдаймыз?

– Қорқа, қорқа тапқаның осы ғой!

– Бұға, бұға болдыңдар ғой осы!..

– Етекбасты қып өлтірдіңдер ғой осы, сендер-ақ!.. - деп бәрі де Сүйіндік, Сүгірге қадалды.

Сүйіндік бұл сөздерді өз басына тиген қамшыдай сезіп, қатты ширықты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий