Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мынау ай дәл бір құлдыраған жас бала тәрізденді... «Қу шұнақ, тәтті қылығы бар бала».

Бір сәтте есік артында тасырлатып, салдыр-гүлдір асығып келе жатқан аяқ дыбыстарын естіді... Сақылдап тұрып, күле қашып, жүгіріп келе жатқан Оспан екен. Артында біреу екшелеп қуып келеді. Қуғыншы бақыра жылап, өлердей күйіп келе жатқан Смағұл. О да Абайдың інісі. Айғыздан туған. Смағұл Оспанмен түйдей құрдас.

Абай терезе алдынан атып тұрып, Оспанның анаған бір зорлық қылып келе жатқанын сезіп, алдынан шығып ұстай алды. Смағұл да кеп Оспанға жабыса түсті. Өз үйіне жетіп алған Оспан енді төбелеске әзірленіп, қарсы айналып:

– Ал, қайтесің? - деп, Смағұлды жағадан ала бергенде, Абай екеуін айырып жіберіп, Смағұлға қарады.

– Немене, не қылды? - деп еді, Смағұл қорсылдап, жылап қоя берді:

– Құлжамды, қызыл құлжамды ұрлап мынау...

– Қашан? Әй, жылауық! - деп Оспан әуелі күліп алып, артынан өтірік қорс-қорс етіп жылаған боп: «Кіжіл құлжәм» деп, Смағұлды мазақ қыла бастады...

Абай Оспанға тап беріп зекіп:

– Бер құлжасын! - деді. Оспан:

– Алғам жоқ, өтірік!.. - деп, тана берді.

Бірақ Абай ырық бермеді. Тінте бастады. Оспанның тінту бермек ойы жоқ.

Барынша бұлқынып, Абайдан сытыла қашып, пеш қасына барды. Екі қолын артына ұстап, бұрышқа кептеле тығылып тұрып алды. Дәл жанында үлкен биік шелекке ашытып қойған түйенің қымызы бар.

Ұлжанның күз уақытында Зере мен балаларға әзірлеп отыратын ағы осы.

Оспан әдейі сол араға тығылып тұр. Абай қыспаққа ала берсе, сол шелектің бір септігін көрмек. Тіпті болмаса шелекті құлатып, Абайдың өзін де шатаққа ұрындырмақ. Өзінен қайраты артық ағаға содан басқа мұның істер дәрмені жоқ.

Оспанның шатақ іздеп тұрғанын таныған Абай енді оны сүйреген жоқ. Бірақ қатты ыза боп, Смағұлға болысып кеп:

– Шығар шапшаң құлжаны! Көрсет қолыңды! - деп тұрып Оспанның құлағынан алып, аямастан жұлқып бұрай бастады. Оспан айғай салып шыңғыра беріп, күбі шелектің бетіндегі асжаулықты аяғымен бір сыдырып түсірді.

Шелектің өзін қағайын дегеніне Абай жібермеді. Сонымен келесі бір сәтте Оспан айғайын зорайта беріп, қолындағы қызыл құлжаны қымыз ішіне «шөп» дегізіп тастап жіберіп, екі қолын көтеріп, Абайға:

– Міне! Ойбай!.. Міне, түк жоқ! - деп, зарлап қоя берді. Абай мұның не қылғанын байқаған жоқ еді. Бірақ Оспанның бар қимылын бағып тұрған Смағұл құлжаның қымыз шелекке түскенін байқап қалды. Ол тап беріп шелекке жетті де, білегін сыбана беріп, кір-кір қолын қолтығына шейін бойлата қымыздың ішіне салып жіберді. Жеңі де малынып, бірге жүзіп жүр. Қымыздың ішін салдырлатып сүзіп жатыр. Абай енді Смағұлдың ақымақтығына ыза боп, Оспанды қоя беріп, ананы тартайын деп еді. Оспан дәл осы кезде Абайдан босай сала қымыз бетіне үңіліп тұрған Смағұлды желкесінен түйіп-түйіп қалып, қымыздың ішіне бет-аузы мен құлағына шейін батырып жіберді. Өзі және сақылдап кеп күле бастады. Смағұл құлжаны таба алмай, аузы-мұрнына қымыз кетіп, шашалып, ықылық атып, тағы бақыра тұрды. Барынша күйіп қайнаған қалпында, Оспанға жұдырық ала ұмтыла берді.

– Әй, қуарған-ай!.. - деп, соған қосып аса қатты, сұмдық бір боқтықты айтып қалды. Оспанға ұрысам деп Ұлжанды боқтаған еді. Оспан қалт етіп аңырып тұра қалды. Сасқанынан Смағұл сөзін анықтап аңғара да алмады. Бірақ Абай өз анасы үшін қатты күйіп кетіп:

– Өй ақымақ!.. Ол оның шешесі болса, сенің де шешең. Бұны кім үйретті, доңыз? -деп кеп, Смағұлды жақтан тартып-тартып жіберді.

Осы бәлені шығарғаны үшін Оспанды да аямай ұрды. Сонымен екі інісі екі жаққа бақыра-бақыра жөнелісті. Оспан барып әжесінің қасына құлап түскенде, Смағұл өз үйіне, өз шешесін іздей жүгірді.

Оспан мен Смағұл алысу мен төбелесуден көз ашпайтын. Татулықтары сәл болса, ұрыс-таластары күн ұзын айықпайды. Бүгін Оспан кеш батарда Смағұлға барып, екеуі біртүрлі тату бола қалып еді.

Өйткені, Смағұл өзінің барлық асықтарын төгіп, Оспанға жаңа боялған бір арқар асығы қызыл құлжасын көрсеткен болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий