Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ылғи үлкендер екен. Орта тұста, ақ сеңсең ішігін желбегей жамылып, зор денелі, қызыл күрең түсті Майбасар тұр. Қасында Жақып, Төлепберді, тағы басқа бірнеше жас жігіттер бар. Өзге пәтерлерде жататын Тобықтының барлығы осында. Жалы құлағынан асатын күрең құнаншығарды жігіттер жығайын деп жүр. Абай біледі: Қарқаралыға келгелі семіз қой, ту бие, қысырдың тайы сияқты сойыс малы бұл топқа жан-жақтан, «Құнекеңнің сыбағасы» деген атпен күн санап келіп жататын. Майбасар бір семізді сойып, барлық өз тобын бір арада сыйламақ тәрізді.

Бұл Ырғызбайлар Қарқаралыға қарай беттеген жол бойында да, мына қаланың өз ішінде де ылғи осындай күтім мен бап көріп келеді.

Іштерінен осының бәріне жеткізіп, өзге қазақтан бұларды әрі жуан, әрі сыйлы қып жүрген Құнанбайға дән риза. Күрең құнаншығардың семіздігі сол алғыстарын естеріне қайта салды. Бұндайдағы дағдылары бойынша «мырзаны» тағы ауызға алысты.

– Осы жолғы мырзаның абыройы бөлек боп тұр-ау! - деп бастаған Жақып еді.

Аға сұлтан Құнанбайды Қарқаралы арызшыларымен бірге осы Тобықтылар тегіс соңғы мезгілде Құнанбай демей - «Мырза» деп атасатын.

– Қызғанған дұшпанның іші күйсін! Ертең мешіт те бітейін деп тұр...

Жұрттың тілеуі тегіс-ақ бұрылды білем біздің мырзаға, - деп Майбасар мазатсып қойды.

– Мешіттің өзі де келіскен-ақ екен!..

– Бұ Қарқаралы көрмеген сәулет қой... - десіп, Бурахан, Төлепберділер де сүйсіне сөйлейді...

Абай Қарқаралыға келгелі «мешіт» деген сөзді әкесінің аузынан да және басқа атқамінерлердің аузынан да көп-көп есітетін. Әкесінің атақ, абыройын осындай көп аузына қатты жайып бара жатқан сол мешіт жөні екенін де жақсы біледі.

Құнанбай өткен жаздан бері бұл атраптағы ең бірінші мешітті осы Қарқаралы қаласына өз әмір-құдретімен салғызып жатқан. Сол мешіт бүгін әбден бітпек еді. Қала ішіндегі молда, қалпе атаулы, ел ішіндегі атқамінер қарт-қария атаулы мешіт салғызғаны үшін Құнанбайды шынымен көп дәріптейтін.

Құнанбайға екі күн бұрын келіп кеткен қазағуар имам, молда Хасен Саратай да:

– Қарадан хан туған өзіңсің... Мәсжідтің кәлам шәрифтегі бір исмі Бәйтолла... Хұдай тәбарақа уа тағаланың үйі... Оны надан қауым қараңғы сахра ортасына салған сен, иеннің сүйген құлының бірі боларсың. Ынша алла... - деп, көп атқамінер, старшын, ұлықтар алдында алғыс айтып, фатиха беріп еді...

Жаңағыдай бұл дүние мен ол дүниенің берекесін бір-ақ берген қазіретке Құнанбай сол жиыннан қайтар шағында бір ат, бір түйе беріп, үйіне апартып салған.

Абай өз әкесінің өзге атқамінер атаулыдан мықты, қайратты екенін сезеді.

Қазір көп-көп ойлап, көп бағып, танып көргісі келетіні дәл осы өз қасындағы өз әкесі. Жақын жерден, қасынан қарағалы әкесі бұған үлкен жұмбақ боп тұр.

Күрең құнаншығардың таңдамалы жылы-жұмсағы ас үйге қарай әкетілді.

Өзге үйдегі Тобықтылар да қазір Майбасардың түстігіне жиыла бастап, қора ішінде жүріс молайып еді. Келген жұртты Майбасар үйге қарай бастап, енді жайланып отырыспаққа бет алған кезде, қақпа ашылып, Қарабас кірді.

Жүрісі шапшаң екен. Майбасар соған қарап, тосып тұрып қалды. Қарабас тақай бере:

– Алшекең келеді... Мырзаға қазір Алшекең келеді дейді. Соған сендерді шақырта жіберді... тез жүріңдер! - деп, Майбасар мен Жақыпқа қарады.

Майбасар сеңсең ішігінің жеңін киіп, қақпаға қарай беттей берді. Жақып та солай басты. Абай өзгелермен қалайын деп еді, Майбасар артына бұрылып:

– Абай, сен де жүр!.. Атаң ғой, атаңа сәлем бер, - деп мысқыл еткендей сылқ-сылқ күлді.

Осыдан екі жыл бұрын Құнанбай мен Алшынбай достығы құдалыққа соғып, осы Алшынбайдың Түсіп деген баласының Ділдә деген қызын Абайға айттырысқан болатын. Алшынбай сонымен Абайға үлкен қайыната болушы еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий