Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл жауапты естігенде, бағанадан үндемей мелшиіп отырған Майбасар, Жақыптар селт етіп, қабақ түкситіп, ажырая қарасты.

Іштерінен:

«Мынау қалай құтырады?» «Мынаны бір түлен түрткен екен!» «Мәрғау кетейін деген екенсің!.. Өз обалың өзіңе!» - деген сияқты ажарлары бар еді.

Абай Бөжейдің не дегенін естуге ынтық болатын. Жаңағы Алшынбай жеткізген сөзге ол да қайран қалды. Ішінен:

«Қандай ыза, қандай күйіктен туған сөз?.. Және неткен ер?» деп ойлады.

Құнанбай қайсар жауапты есітті де, басын жоғары алып, қарсы терезеге жалғыз көзімен қадалып қарап үндемей отырып қалды. Сұрғылт жүзі түнеріп, қатты ашумен қарайып бара жатқан тәрізді. Бетінде түк атаулысы бозғылданып, біліне бастады.

Осыдан басқа не бір дыбыс, не қозғалыс, не бір сөзбен сыр берген жоқ.

Барды ішіне жиып, буылып, құрсауланып қалды. Мұның бетіне екі рет көлденеңнен қарап өткен Алшынбай таңдана түсіп, сүйсініп қалды.

«Берік, берік! Бүйрегі без емес, тас болар!..» - деп ойлады. Құнанбайды өзі көріп жүрген атқамінер ішінде бөлекше бағалайтын бір себебі: осындай жердегі ерекше ұстамдылығынан, бойын бермес тұйықтығынан болатын.

– Үй іші үнсіз еді. Бағана есік алдында, ауыз үйде қалған Қарабас есікті ақырын ашып, ептеп басып кеп:

– Майыр кепті, мырза. Сізге келді, - деді. Құнанбай оған да қыбыр еткен жоқ. Аздан соң есік ашылып, еңгезердей қызыл сары Майыр кірді. Қасында қазақ тілмәш Қасқа бар. Сақалы шошайған, өзі қағылез келген арық сұр. Бұл тілмәш күндіз-түні осында келіп-кете беретін.

Майыр Құнанбай, Алшынбаймен қол алысып амандасып болды да, жерге отырмай, Құнанбай қарсысындағы жалғыз орындыққа отырды. Үлкен көк көздері қылилау келген. Бет-аузын қалың бұйра сары сақал басқан. Шүйдесі қып-қызыл екі қатпар боп тұратын. Мұны қазақ атаулы өз атымен атамай, өзге майырлар сияқты, сырт белгілерімен атайтын. Жалғыз-ақ, бұрынғы майырларды бір-ақ белгімен: «сұлу майыр», «семіз майыр» деп, немесе бетінің секпіліне қарап, «тарғақ майыр» десе, мынаның сыртқы түсі, түгі талай ат атауға өз-өзінен сұранып тұрушы еді.

Сондықтан мұның атын неше саққа мінгізіп кеп, бірде «шапыраш» майыр, бірде «жүндес» майыр, бірде «піскен бас» майыр деп те атасатын. Құнанбай, Алшынбай айналасы оны ақылсыз деген болжалмен, көбінесе, сол «піскен бас» майыр деуші еді.

Бұл майыр Құнанбайдың дегеніне жүре бермейтін. Өз беті, өз жолы бар.

Сондықтан, Құнанбайға жаман атты көрінетін.

Қарқаралы деген округтің әміршісі - Құнанбай мен осы Майыр. Қазақ округті «дуан» деп, мыналарды бірде «дуан басы» деп, кейде Құнанбайды «аға сұлтан» дейді. Құнанбай округті басқаратын приказдың бастығы, Майыр орынбасары болатын. Үшінші адамы - кіші сұлтан аталушы еді. Ол қазір қалада жоқ.

Майыр Құнанбайға Бөжей жұмысымен кеп еді. Құнанбайдың жаңағы ашу үстінде Майырды керек қып отырғаны да сол жұмыс болатын.

Құнанбай мұндайда ойдағы жұмысына күмілжімей, тұпа-тура кірісетін.

Сол әдетімен тез сөз бастап:

– Майыр, сенің атаң аты Тобықты емес еді. Осы Қарқаралыға кеп бауыр тапқаннан аманбысың? Бөжейді айдату керек, қағазын дұрыста деп ем. Сары аурудай сөздің да кеттің ғой. Соның жан күйері сен болып, бауыр тартып, бауырың езіліп жүр ме осы, немене?.. - деді.

Тесіле қарап, Майырдан жалғыз көзін алмай, сызданып отыр. Майыр:

«аудар!» деп, тілмәшқа қарады.

Қасқа тілмәш Құнанбай мен Майырға кезек жалтақтады. Жүгінген бойында құнысып, қозғалақтай берді. Бір жағынан орысша тілі жеткілікті болмаса, екінші жағынан, екі ұлықтың біріне бірі айтатын ашу сөзді тұпа-тура жеткізуден, әсіресе, тайғақтайтын.

Әлі бөгеліп отыр... Кейде жер шұқып, кейде қымыңдап қозғақ қағады.

Құнанбай мұның бөгелгеніне ыза боп:

– Ей, тілмәш, осы саған «әке» дейін, жарықтығым, тек дегенімді түгел жеткізші!.. Ін аузында отырған ақкөт торғай сияқты қылп-қылп еткеніңді қойшы осы!.. - деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий