Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абайдың өз елінің қазақтары. Көкбай болса, бір кездерде Абайдың қасына жақын да жүрген жігіт еді. Қазір сол Көкбай құндыз ұстатқан көк мәуітімен тыстаған ноғайша құмыра бөрік киіп апты. Ноғай тігіншіге тіктірген иығы тік бешпеті көрінеді. Оның сыртынан кигені құла түсті қала молдаларының жұқа шапаны. Аяғында және де қалаша тігілген кебіс-мәсі. Бұның қасындағы аласа бойлы, төртбақ келген Әлпейім де осылайша "сызылып, шелтиіп" дегендей қалаша киінген. Бұлардың біреуі қазір бас мешіттің халфесі –Көкбай халфе атанады. Екіншісі – сол мешіт жанындағы медресеге соңғы жылдарда келіп жатып, оқып жүрген үлкен шәкірт, сақалды шәкірт. Оқуға кешігіп қалдым десе де, оны болмай қалаға жетектеп әкеп, Көкшенің осындай тағы бір топ жастарымен қатар медресеге оқуға кіргізген Көкбай.

Жасы қырыққа тақап қалған Көкбай бұрын бір кезде ақын, әнші Көкбай болушы еді. Қазір "молда Көкбай, халфе Көкбай" деген атына өңі, реңі де мүлде үйлесіп алыпты.

Абаймен амандасу үстінде Көкбай "хайыр дұғаңызда, аллаға шүкір" деген сияқты сөздер айтып амандасқан. Бұның мынадай сары аяз, сақылдаған қыс күндерінде елтірі ішік, бояулы тон, күпі, қаптал шапан, саптаманы тастағаны қызық. Қаланың, әсіресе мешіттегі намаздың киіміне ауысып алған. Абай бұл жайды өзгеше түсінді. "Көкбай мүлде іші-тысымен-ақ құдай жолына кеткенсіп алған екен" – деп ойлады.

Жай сұрасып болған соң, Абай Әлпейім шәкіртке бұрыла қарады да:

– Ал, Әлпейім, айтшы, сен бұл күнде не оқып жүрсің? – деді.

– Наху оқып жүрмін, Абай мырза! – деп, Әлпейім "не дер екен" дегендей жылтыраған көзін Абайға қадап, күлімсірей қалды.

– Е, жынды болуға аз-ақ қалған екенсің! Арабтың өзінің мақалы бар: "Фихқаны көп оқыған ақылды болады, нахуды көп оқыған ақымақ болады" деген! –деп, осы сөздерді Абай арабша да судыратып айтып шықты. Күле түсіп:

– Сөйтіп, жаңағыны айтқан мен емес, оқып жүрген арабыңның өзінің ғұламалары! – деп біраз отырды да:

– Әлпейім-ай, әкең Мұқыр – Тақырдың бойына ең алғаш егін еккен, ақыл тапқан қазақ еді. Саған да қызығы сол еліңе барып, еңбек сауған ғой. Көкшенің сен сияқты бір топ жасын осы бер жақ, ар жақтың мешіт, медресесіне шұбыртып жүрген мынау Көкбай ғой! Бұған ере беріп те қайтесіңдер. Жеке-дара бір жақсылықты осының өзіне ғана тұтасымен қиып берсеңдер етті! – деді. Бір заманда өзіне жас жолдас еткен Көкбайдан қазір түңіліп қалған көңіл танытты.

Көкбай әдеттегі ауызбаққыш, қабақ танығыш қалпымен Абайдың жаңағы сөзін көтерген кісі болды. Шыдаған болып, сыр білдірмей, үндемей тыңдады. Ішінен ойлағаны: "бірдеме десем ғой, тағы бір кетпес таңбадай өткір сөз, ащы мысқылын атып жібереді. Одан да осы Абай пәлесінен бұл тұста үндемей құтылайын!" – деп отыр.

Енді біразда, Абаймен бірге шай ішіп болған соң Көкбай осында келген шаруасының жайын сездірді. Қалаға Абайды әкелгізген істің жөнін жақсы білетін кісі Көкбай боп шықты. Оның Абайға келісі – әр-берден соң анықталуына қараса, өз бетімен келген келіс емес. Әдейі Абаймен елдес болғандықтан, айта берсе, бұрын жолдас саналғандықтан алдын ала сөйлесуге жұмсаған топтар бар екен. Сол жайыт да аңғарыла бастады.

Өзін қалада тосушылар кімдер екенін Абай Көкбайдан енді ұғынуға айналды. Бұны ар жақ пен бер жақтың Көкбай тілінше айтқанда ноғай, қазақ "зиялылары" тосады екен. Олары кім десеңіз – ар жақтағы белгілі үлкен мешіттердің имамдары Ғабдұлжапар, Ғабдыразақ, Хисами, Жәмелиддин және сарт мешітінің имамы Мирқұрбан ахон топтары бар екен. Сол қатарда бер жақтың бас мешіті мен төменгі мешітінің имамдары тағы бар. Олар қазақтан болған имам Мәліқаждар қари, Әшімқожа және хазірет Ахметжан. Басқа да қазақтан шыққан көп халфелер, қарилер, дін ұстаздары Абайды керек етеді.

Абай бұлар жайын естігенде, өзінің дағдылы шапшаң айтқыштығы бойынша, Көкбай сөзінің аяғын күтпестен асығыс бір әзіл айтып қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий