Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Затонда Сейітпен, Сәменмен әр жайды бірге кеңесіп жүретін қара темір ұстасы Савелий және мастер Марков бұлардан осы жаңа сөздің күнде шығып жүргенін естіген. Олар өз бетімен Сейітке сөйлескенде: "Орыстың попынан біз, орыс кедейлері жақсылық күтпейміз. Олардың біздей ұсталар мен грузчиктерге әзірлеп жүргені тек тозақ қана. Сендер молдадан, мешіттен де көп жақсылық тауып, ұжмақ алар ма екенсің? Бұны Павловпен анықтап ақылдасқаның дұрыс болады, біз оған хабар айтайық. Сен екеуің бұндағы қазақ жұмысшыларына сөзді анықтап айтыңдар. Көпшілік, бұқара халық былай ойлаймыз деп, байлау сөзді көпке таратып айту керек!" – деген.

Сонымен, неше алуан жұмыскер жұртқа достық ақылы әзір Павлов соңғы күндер әр топ жұмысшы, еңбекші, бұқара жұрт арасында болатын.

Абай оны дәл бұл жолы оңайлықпен таба алмады. Тек кешке жақын ғана үйіне қайтар кезін аңдып, пәтерінен тосып алып, оңаша әңгімелесуге Құмаштың үйіне алып келген.

Бүгін түндегі Павлов пен Абай әңгімесі екі жақты көп жаңалық, тың дүниенің шетін ашты. Анығында бұл екі дос осы шаққа дейін өзге талай жайдан сөйлескен болса да, дін жайын ауызға алып, кеңес етіп көріскен емес еді.

Павлов Абайдың бір кезде: "құдайға иланатын мұсылманмын" деп анықтап айтқан сөзін естігелі дін жайын сөйлеуден сақтанатын. Бүгін болса, Абай өзінің жауабын тосқан топтардың бірде-біріне байлау сөз айтпай тұрып, Павловпен ақылға салып отыр. Бұл, әрине, Павловтың да шешіле сөйлеуін керек етеді. Және де Павловтың өзі де орыс патшалығы мен православный шіркеу ұстаздары қазақ, татар сияқты елдерге қандай өрескел істер істейтінін жақсы біледі. Оған және Павловтың өзі де, дос тобы да өзгеше қарсы екенін Абайға білдіру керек.

Сонымен, Павлов ең әуелі патшалық ісін сынады.

– Имамдар, байлар қаланың кедейлерін, қырдың қараңғы халқын алдайды, адастырады. Оларға көзге шұқып тұрып көрсетіп, нені айтады? Мынау почтаның қасында, каланчаның жанында тұрған ақ шіркеуді көрсетеді. Онда кім бар, не бар? Бұл шіркеуді "миссия" деп атайды. Оны өзіңіз де білесіз. Ал осы миссияда кім тұрады? Үлкен дінбасылары тұрады. Анау Омскідегі генерал-губернатор дәрежесіндей Ақмола, Семей екі облысының дінбасысы епископ тұрады. Ол епископ Андриан осы қазағы көп Слободка қаласына әдейі кеп орнаған. Неге? "Қазақтың, татардың халқын шоқындырамын", "ислам дінінен христиан дініне ауыстырамын" деп келіп отыр! – деді. Осы жөнде Павлов Абай білмейтін миссия ішіндегі көп сыр мен жайларды айтты.

Ақ шіркеудің жанында школ да бар екен. Өзінше жетімдер тұратын үй-жайлары да бар. Соған осы қалада панасыз жүрген жас жетім балаларды алады. Бұл күнде отыздан аса қазақ, ноғай балаларын шоқындырып, оқытып тәрбиелеп жүр! – дейді.

Жақында буған бер жақтағы почта конторының ұсақ чиновнигі Ивашкин айтқан бір баланың жайын Абайға мәлім етті.

Семейтау болысындағы Знаменко қаласына почта жөнімен Ивашкин барып қайтып келе жатса, жолда қазақтың бір жыртық киімді сегіз-тоғыз жасар кішкентай баласы жылап тұрады. Сұрастырса, жақындары қуып жіберген, әке-шешесі өлген, жетім бала Мекеш екен. "Осы жақта қала бар, онда қайыр сұрап, тамақ ішуге, өлмеуге болады" деп келе жатады. Ивашкин сол баланы алып келіп, миссияның интернатына береді. Ол Ақбота болысынан келе жатқан бала болатын. Соны Ивашкин айтады: "Жақында білсем, жаңағы балаға Бутин деп фамилия беріпті. Мекеш деген атын жоғалтып, Михаил, Мишка деп ат қойыпты. Өзін орысша киіндіріп, тек қана орысша сөйлетеді екен. Түк білмейтін сегіз жасар баланы қазір епископ Андриан шоқындырып: "Сен енді орыс боласың!" деп тәрбиелеп жүр дейді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий