Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл топтың екі жағын ала, ақ жаға салған, фрак, сюртук киген және біреулері оқалы жаға, сары ала түйме таққан қазақ чиновниктер тізіліпті. Қазақ, ноғай байларының кигендері өңшең мәуітімен тыстаған жасыл, көк қара ішіктер. Көбінің сүйетіні тамақ ішік болса керек, сол көбірек. Бірен-саран ғана жанат ішік киіпті. Хазіреттердің бастарында сәлделері.

Осы жиында "әһлі ісләм қауымына" арналған "ғұзыр" жайды қара сөзге шешен Ахметжан хазірет айтты. Ол жартылай кітапшылап, жарымын қазақша мақалдап, мәтелдей сөйлеп, ұғындырып беріп еді.

Абай бұл жиынның кеуде тұсында, Бектоғай, Есберген, Сейіт пен Сәмен тәрізді қала адамдарының ортасында отырған. Бұған тақау жерде Қали мен Серкелер бар екен. Олар келелі сөзді Абайдан күтіп отырғандарын күбірлесіп, айтыса отыр.

Ахметжан хазіреттен соң ноғай байларынан Ысқақ сөйлеп, мүфтидің қажеттігін айтты. Сейсеке де қазақы қара сөзімен оқымаған адам екенін білдіре отырса да: "Тілеуіміз бір, ниетіміз қабыл болсын! Мүфтиге ден қояйық, қазақ баласы!" – деп сөйлеген.

Абай енді аңдаса, қазақ төрелерінен бұнда отырғандар Петербургте оқитын студент, болашақ адвокат Сақпаев бар екен. Нұржанов дейтін кесек денелі, салқын қалың қабақты, ұсақ шұбары бар, сырт ажары салмақты бір чиновник отыр.

Абайдың сырттан естуінше, бұл топтың ақылшысы, осы сөз жөнінде тағы басшысы боп жүрген қазақ төресі Әзімқан Жабайқанов еді. Оны сыртынан көптен естігенмен, Абай бұрын көрмеген болатын. Қазір Сарманов, Данияр, Самалбек сияқты өзі білетін тілмаштар мен жаңағы Нұржановтарды жағалай қарап шығып, Абай сол Әзімқанды іздеген.

Оны Бектоғай біледі екен, бұл арада Жабайқанов жоқ боп шықты. Сұрастыра келе білгені, ол кешелер Петербургке жүріп кетіпті. Бұл жердегі жұрттың приговорларын, арыздарын сонда тосып, сол жерде іске асыруды өзі тіленіп, мойнына міндет етіп алыпты дейді. Мұндағы қаратаяқтарға хазіреттер мен қала байларының, ел адамдарының сөзін түгел бір арнаға қосып, бір-ақ байлау жасатуға тапсырыпты. Және солай болады деп сеніпті де, өзі жүріп кетіпті. Абай оның бұнда болмағанына біраз өкініп қалды. Себебі дәл осы тұста сол төремен бір сынасып, кездесіп көрмек еді. Өйткені тоқсан жетінші жылғы санақтың тұсында оның істеген мінездері мен айтты деген сөздері Абайды ол адам туралы бір сыншылық ойға, қатаң байлауға бейімдетіп жүретін. Бүгін Әзімқан Абайдың алдынан тағы көлденең келіпті. Мүфтиге қазақты қаратпақ кісінің бірі сол бопты.

Жиын әуелі мүфтиге қараймыз деген, қаратпақ болған топтың сөзін түгел естіді. Оқыған қаратаяқ тобынан жаңағы Сақып Сақпаев та бар ынталы сөз, тілектестік айтып шықты.

Оның аузынан бұрын, шолтаңдаған екі қолы тынымсыз сербеңдеп турады екен. Алақанын бір жазып, бір жұмады. Біресе өзінің кең танауын, кесек мұрнын сол алақанымен қағып-қағып сөйлейді. Екі көзі тасырайған, алқымы іскен, жуан мұртты, түксиген қара сұр жігіт екен. Сөзінің бәрін екпіндеп бастап, жарым сөйлемге бармай ақырындатып өзі жұтып, шала естіртіп айтады. Аузы сөзге олақ болса да, алқыны, екпіні күшті тәрізденеді. Кенеулі ойы жоқ. Ылғи нұқып-нұқып, әр жайдың атын айғайлап атап, басын шалып өтеді. Өзі тегі мұсылманша оқып көрмеген болу керек. Мүфтиді "мүпти" деп атайды. Молдалардың кітапшылап сөйлейтін сөздерінің көбіне тілі келмейді. Онысын және елемейді де.

"Шайхұлісләмді" екі жерде аузына алайын деп, қалай айтатынын ұмытып, тілі келмей қалды. Сонысынан және қысылмастан "ш... ш..." деп тұрды да, "ну как это там!" деп алып, әлгі "бірдеңе ісләм" деп бір айтты, екінші бір орайы келгенде "жаңағы ісләм" деді.

Бұл топтар сөйлеп болған соң, жиын біраз тынып қалған кезде Абай сөйледі. Абайдың сөзі салғаннан "мүфтиге қазақ халқы қараудың қажеті жоқ" деген тура, жара сөйлеген кеңестен басталып еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий