Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әзіргі Абайдың Көкбайдан білгені Россияның бар мұсылманы болып, бір дін орталығын жасамақшы. Оны "мүфти" атандырмақ. Соған "ноғай, қазақ сияқты сонау Қазаннан, Уфадан, Орынбор, Тройцк, Омск, Қызылжардан бері қарай бар мұсылман өзінің дін ұстазы деп бағынбақ керек". Ішкі ниеттерін айтысса, "Русияның отыз миллион мұсылманы дін-қарындас боп біріне-бірі жақындай түседі!" – дейді. Және "халифа сұлтан жұртында дәурен шегіп отырған, исі мұсылман ғаламының Ыстамполдағы дін орталығы – Шайхұлісләм бар. Соған бұндағы дін-мұсылман қауымын қабыстырмақ. Осы жөнде сөз бастаушы – биыл Русиядан Мәккә-Мәдине сапарына хаж қылуға барып қайтқан бір топ ноғай, қазақ уа басқа уәлаяттар қажылары болыпты".

Семейден сол ынтымақ сөзде Ғабдыразақ қажы, Икрам бай, қазақтан Ахметжан хазірет және қазақ байынан Бақия қажы болыпты. Осылар бұ жақтағы мұсылман халқы атынан уәде беріп қайтыпты. "Біз Русияда өзіміздің дін ұстазымыз мүфти болуын мақсат етеміз. Соған ақ патша барша мұсылман сүйген ғұламамызды сайлап қоюымызға рұқсат етсе!" – деп сұрамақ бопты.

Ал Русияның патшасы, естуімізше, сол "мүфтиді сайлаймыз", "соған қараймыз" деген мұсылман дініндегі халықтардың бәрі өздерінің приговорларын, ғарызнамаларын жиып түсірсін депті. Міне, ниет осы! Дін мұсылман бір сәуле көретін жол. "Осыған қазақтың игі жақсысы боп сөз қоссын, көмек етсін! Мына қала мен қырдың халқынан бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығаратын етіп, өз өсиеттерін айтып, приговорлар жиып берсін" депті. Халық алдында атағы, абыройы үлкен адам болғандықтан, Абайдан осы жөнде үлкен үміт күтіп, көмек тілеседі екен.

Көкбай осы жайдың бәрін Абайдың қадала қарап, ойлана тыңдап қалған жүзін аңдай отырып, түгел баяндап шықты. Бірақ ол өзі күткен жауабын Абайдан бұл отырыста ести алмады. Абай Көкбай сөзін бітірген соң оған түк жауап айтпастан, Баймағамбетке "ат жек!" – деді де, тұрып киіне бастады.

Жегілген шанаға Баймағамбеттің қасына Абай отырғалы тақап келгенше, Көкбай мен Әлпейім соңынан қалған жоқ. Үйден үндемей асығып шыққанымен, Абай бір жауап айтып кетер деп ілесе келген еді. Шанаға отырған соң, әлі өзіне қадала қарап тұрған Көкбайды аңдады да, Абай Баймағамбетке "божыны ірке тұр!" деп белгі етті. Сонымен, Көкбайға бұрылып, азғана сөз қатты.

– Менен қазір жауап күтіп тұрсың ғой. Мен бірнеше адамнан анықтап қанып алмай, бұл жайдан жауап айтпайын деп отырмын. Сенің жаңағы айтқандарыңның бәріне дәл өз басымда әзір жауап болса да, соны өзгелермен ойласып, ақылмен байласып отырып айтамын. Менің сөзімді білгісі келген мешіт имамдарына үш күнсіз жауап айтпаймын! – деді.

Көкбайдың қалған жауабын тыңдамай, сұрамай да, Баймағамбетке белгі етті. Ақтабан қоңыр ат жіті жүріп, көше бойлап желіп кетті.

Бұл күндерде Көкбай тәрізденіп, бер жақтың бас жатағын, орта тұсын, аяқ жатағын, қайық аузын және Слободкаға жақын отырған қалың ауылдар арасын қыдырып, аралап жүрген адамдар көп болатын. Қазақ халқы білетін Самұрат мәзін, соқыр қари, Шәрібжан халфеден басқа, бұл күнде екі мешіттің имамдарына тетелес келе жатқан үлкен халфе Зәкен, Ғабдышүкір дейтін үлкен молдалар бар. Осының бәрі де намазға келетін азын-аулақ, кәрі-құртаң махалла халқын өсиеттеуді аз көрген. Бұлар енді жұрттың топтап жиылған жерлеріне жүре бастапты.

Сонымен, ар жақта Затонды, тоншы, пимашы, былғары заводының жұмысшыларын аралаған. Бер жақта көбі қасапта жұмыс істеп, забойда жүрген қаланың көп кедей жас, кәрісін, әйел-еркегін жинап алып, өсиет сөйлейді. "Мүфтиге қарап дін мұсылман баласы бірлесу қажет" дейді. "Халифа сұлтан" деп, "Шайхұлісләм" – деп тілек айтып, үн қосуын тілейді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий