Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қызыл диірменнің қасынан өрлеп қалаға қарай басқан Абай, "қыраттағы алаңда извозчик бар ма" деп қарастырып еді... Дағдылы жеңіл трашпеңкелі легковой извозчик те жоқ. Жайдақ аласа арбалы ломовой извозчик те көрінбеді. Енді Әбіштің пәтеріне қарай жаяу басқанда Абайдың кебісі қайта-қайта құмға тола берді. Семейдің көшелері Слободкадай емес. Бұнда қалың боп көпсіп жататын құм мен боз топырақтан аяқ алып жүру бір жүк. Желді күні аспан үйіре соғатын құм боран, шаң боран да осы үлкен қалада мол болады. Қазір жел жоқ, күн ыстық. Ілгері басқан аяқ ұдайы жарым қадам кейін жылжиды. Абайдың көңіліне былжыр басқан ат жүрісіндей кез елестеді. Терлеп, демігіп, қинала отырып, Абай өзіне керек көшеге шықты. Өңшең ағаш үйлі, тақтай құймалы, биік қақпалы үйлердің терезе қақпақтары әралуан бояулы. Көп қақпалар да Қызыл, көк, сары бояулармен жаңғыртылған. Осы орталық тұстағы екі қабат ағаш үйлердің шатырлары тегіс бояулы.

Қаланың орталау тұсынан басталып, татар жаққа қарай созылатын Мир-Құрбан көшесінде құм сәл азырақ еді. Осы көшенің бастала берген шенінде сол жақтағы пұшпақта тұрған асты ақ кірпіш, үсті жаңа бөренеден салынған кіші ғана ықшам үй, Абайдың іздеген үйі болатын. Қазір сол үйдің жаяулар кіретін қақпасын ашып, Әбішті іздеген Абай кеп кірді..

Әбіштер түскен үйдің иелері бұл қаланың саудагерлерінен де, көп қазақ, ноғай тұрғындарынан да басқарақ, өзгеше адамдар. Асты кірпіш, үсті ағаш, ықшамды жаңа үйдің иесі Данияр Қондыбаев, оқыған қазақ. Ол Семейдің "Государственный банк" дейтін үлкен бір елеулі орнында тілмаштық қызмет қылатын ұсақ чиновник. Бұның әйелі де өзге қала қазағынан басқаша. Ол ноғай да, қазақ та, орыс та емес. Түркістанда Марғұлан қаласында туып-өскен, сол марғұландық ұсақ бақалшының қызы Афтап. Данияр сияқты орысша оқып, орысша киініп, қала кеңселерінде қызмет қылатын әр орынның үлкенді-кішілі тілмаштары, песірлері және фельдшер мен мал дәрігерлері бұл күнде қазақтан да шыға бастаған. Семей қазағы бұл оқығандарды "қаратаяқ" деп атандырған.

Сондай боп, азды-көпті оқып алып, кішілеу чиновник дәрежесіне ілініп, едәуір жақсы жалақы алып, енді міне, үй-жай салып, тоқ тұрған қаратаяқтың бірі – Данияр.

Бұны, осыдан он екі, он үш жыл бұрын қалаға орыс оқуына интернатқа бергізген Абай еді.

Данияр ол кезде бүгінгідей боларын қайдан білсін. "Болыс басына үш бала берсін" деген ұлық өмірі бойынша ел ішіндегі иесіз жетімнің бірі есебінде, садақадай шетке шығарылып берілген жетім еді. Қырдан қалаға қарай бұны алып жүрген Жұмағұл атшабардың мазасын кетіріп, ботадай боздап келген-ді.

Бұны әкеп табыс еткен оқу орнын "Русско-киргизское училище" дейтұғын. Ол школды он тоғызыншы ғасырдың орта тұсынан бастап қазақ балаларын оқытуға үкімет әдейі арнап ашқан. Патшалық кеңселеріне керек тілмаштар мен көмекші атаулыны, ұсақ чиновниктерді қазақтың өзінен сол школдар әзірлемек. Данияр кеп түскенде, оның үстіне өмірінде бірінші рет жаңа, бүтін, ықшам киімдер кигізді. Тамағын, жатар орнын жайлап, сайлап берді. Өзіндей әр жайдан келіп жиылған және жасы құрбы қазақ балаларының арасына қосты. Сөйтіп, біртіндеп қалаға үйретіп, сабаққа үңілтіп, жатақхананың тәртібіне мойындатты. Аз жұманың ішінде сол "Русско-киргизское училище" Даниярды кәдімгі оқу жолындағы тәрбиелі баланың қатарына ілестіріп әкетті.

Абай әуелі зорлықпен болса да қазақ балаларының орыс оқуына баруына көмек етті. Өзінің беделі жетіп, қолынан келген жерлерінде, осы Даниярдай жалқы-жетім жастарды интернатқа әкеп қосуға тырысқан. Сол ретте қазір Семейде Данияр қатарлы оқып келе жатқан, алды кеңселерге енді-енді түсе бастаған Самалбек, Нұрлан, Орманбек деген тағы бірнеше жас "қаратаяқтар" бар.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий