Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абайдан бұл істерлік қандай жәрдем, көмек барын жабыса сұрап еді. Әбіштің талпынуын әкесі дұрыс көрсе де, ол істейтін іс жоқ екенін айтты. Жалғыз-ақ баласынан сұрайтыны халыққа арнап сөз сөйлеу үшін, қай жерге барсам мақұл болар! Енді Сармоллаға ара түскен сөзді аяғым жеткен, тілім жеткен жердің бәріне барып айтуым қажет боп тұр. Бірақ осыны қай жерден, қай ортадан, кімдерге кездесуден бастаймын, осыған ақыл қос! – деп Әбіштен сұраған еді.

Әбіш әуелі Абай ар жақ, бер жақтағы мешіттерден бастап, имамдарға сөйлессе қайтеді, деп ойлаған еді.

– Сармолланың жауы солар ғой. Енді молда тобынан шықпай, халық арасынан келген, сіздей қалыс адам сөйлесе, әлде олар ойланар ма екен, өзгерер ме екен! – деп үміт айта сөйлеген.

Абай Әбіштің бұл сөзінің тұсында Павловтың әйелі Александра Яковлевнаны еске алды. Әбіш те сол тәрізді, үстірт ойлап отыр. Абай: "Имамдар сәлдесі мен таспиғына сенген. Өздерін ишан, хазірет деп бас шұлғитын надан қауымға қатал боп дағдыланған, зорлығы күшті қауым!" – деді.

– Олар "айыбың бар, құдай алды ғана емес, махшар күні емес, осындай қасірет күні, осы махалла халқының алдында берер жауабың бар!" – деген сөзді айтушыны кәпір қауымына қосуға іркілмейді! – деп бір тоқтады. Тағы ойлана отырып айтқаны:

– Олармен халық алдында көптің үні, сыны қосылып отырар жерде сөйлесең бір сәрі болар еді! Сен оның қараңғы топ қауымына барасың. Немесе кәрі сопы, қартаң шәкірттері сияқты қара құзғындай қамау, қоршауының ортасына барып сөйлейсің. Олар болса, өздерінің имамының аузынан шыққанының бәрін, иманын сата қостап, құптағаннан басқаны білмейді! – деді.

Әбіш өз ойының бұл жөнде ұшқары екенін аңғарып:

– Мен жұма намазы сияқты, бөгде халық көп жиналатын күні хұтпаның артынан Сармоллаша шығарсыз ба, деп едім. Ол қалай? – деді.

Абай баласының бұл сөзіне де күлді.

– Сармолла имам, халфе болмаса да, мешіттің мінберіне шығып сөйлейтін қисыны бар. Басына сәлде ораған молданың бірі. Ал мен ол жерге мынау шешең тіккен тобықты тымағымен барам ба, жоқ әлде, енді қартайғанда дуанадай болып басыма сәлде орап барам ба? – деп өз жайын мысқылдап күліп алды.

Әбіш бұл айтқанынан да тез қайтты. Бірақ іздене отырып, әкесін халыққа кездестірерлік ендігі орын – "базар", "базар ғана" деп байлады. Және екі жағының жүргіншілерін мол таситын паромдардың аузы, Семей халқы айтатын "қайық аузы" сияқты жерлерді атады. Қалайда жұрт жиналатын орынға әдейілеп ешкімді шақырмаса да, Абайдың енді бара түсіп, сөйлей түсуі даусыз қажет. Сармоллаға ара түсіп, өзінің де оған айтқанын Абай жасырмай, ашықтан-ашық халыққа білдіру шарт екенін атады.

Бұл соңғы жайды Әбіш тағы да алғаш бастап сөйлегеніндей ширығып, қызына сөйлеп тоқтады. Ең соңғы айтқаны:

– Аға, халыққа сіз өзіңіз барып айтпаған сөз, бәрібір сіздің атыңыздан жетіп жатыр екен. Енді тілесе молдасы, саудагері білсін. Әсіресе жаңағы өзіңіз қамын жеп отырған қазасы көп қара халық білсін! Бер жақ пен ар жақтағы жұрт ортасына барып, тура өзіңіз де өз ойыңызды айтып шығыңыз! Қажет болған жерінде Сармолланы арашалап та, ақтап та сөйлеңіз. Бұл тұста дұрыс сөз айтыпты ғой. Сол жайына ара түспесеңіз әділет емес, дегелі отырмын. Дәл осыны сіздей жандардан халық әсіресе тоса ма деп ойлаймын! – деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий