Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

"Өлең жазып, өсиет таратып жүрмін", "халқым үшін қам жеп жүрмін" дейтін Абай, көп уақыттарда күдікке түсуші еді. "Тыңдап жатқан, ұғып-танып, керегіне жаратып жатқан қазақ баласы бар ма осы, жоқ па?" – деп толқитын. Қазір, міне, сол күдігінің шындығын анық көзбен көріп тұрғандай. Және қандай кезде?! Қаншалық сұмдық дерт үстінде? Қандайлық қажет сөзін, ем сөзін тыңдарлық жан таппаған деген не қорлық? Неткен қатты мазақ... Қатал тағдыр жазасы?!.

Осы жайды егілген назалы көңілмен шұғыл бір ойлап қалды да, артынан қайратты ойын қайта жия берді. Сөйтті де, өз халіне өзі мысқыл ажуамен көлденең бір көз тастады...

"Не қыларсың... қайтіп амал табарсың, сен де бейне бір қу дала, қу медиен елсізде, әдемі, әсем қызыл, жасыл бұлдарын жайып салып, өлшеп кесер кезін ұстап, оңтайланып отырған жан тәріздісің! Бұл да бар, кез де бар, кездеп берер сатушы да бар... тек алушы жоқ. Қанша тоссаң да мейлің... алушың шығар шақ жоқ. Солсың ғой, Абай, сендағы", – деп басын изеді де, кейін бұрылды.

Қалдыр-құлдыр, дабыр-дұбыр еткен жаяу базардан енді бір кез сытылып шыққан Абай, қала шетіндегі құм төбешіктің беткейіне жиналған салт атты саудагерлерге тақап келді. Бұл жер белгілі ат базары болатын. Жиыны шағын, тұрған орындарынан көп қозғалмай, базарға түскен атты тобымен тұрып көз алдарынан өткізіп жатқан осындағы аттылы, жаяу қазақтар өзге базаршыдан гөрі Абайға қолайырақ келді. Бурыл сақал, жирен мұрт және бір көселеу сұрғылт келбетті үш саудагер Абайды танып, бұрылып кеп сәлем берісті. Осылармен өз арбасының үстінде сөйлесіп отырып, Абай қаланың мына ат базары жақ шетіндегі өлім-жітім хабарларын естіді. Саудагерлердің өздері бастаған оба науқасы жайы енді Абайдың да сөйлеуіне жетекші болды. Көптен бері іздеген қауымның азғана бір шөкімдей тобын кездестірген болса да, Абай ойда жүрген жайларының көбін айтып шықты.

Арбада отырып, бір топ саудагер қоршаған Абай көпке естірте ақыл сөз айтады. Жақын маңдағы аттылы-жаяу, арбалы жүрген қазақ, ноғайдың, еркек-әйелдердің бірталайы оралып кеп, сөз тыңдай бастады. Абай әуелі обадан сақтанудың ел үшін аса қажет екенін айтты. Сол жөндегі бұның сөздеріне ден қойып тыңдаған торы атты, бурыл сақалды саудагер "жаназаны, хатім, садақаны көпті-топты жимай, аз адаммен өткізу дұрыс" деген сөз бар дейді. Осыны қалай етеміз?" –деп те сұрады.

Абай ол жөнінде, әнеугі хұтпада Сармолла айтқан аңғарда ғана сөйлеп қойған жоқ. Ол: "жаназаны тек халфе, қария, молда, мәзін ғана шығарсын деген шариғат жоқ. Әрбір мұсылманның дұға, намазды білетін аз оқыған адамы да жаназаны шығаруға болады" – деді. Соған қоса: "өліктің үй ішінде өз жақыны жаназа шығара білсе, ондайларда молдаларды шақыртпай, мешіт, медресені мазаламай жаназа шығара, құран аудара, хатім қыла берсін!" – деді.

Абай өзін молда, хазірет дағдысынан бөлек ұстады. Ол өзі ашық, білім қасиетіне сүйенген адам боп ашыла бастады. Сол себепті тазалықты қатты айтады. Әрдайым қолды ыстық сумен жуғанды дұрыс дейді. Суық су, сұйық асты ішпеу керек екенін айтады. Қарбыз-қауын тәрізді, қала қазағы, әсіресе қала балалары құмар келетін көкті жемсу керек дейді. Тек қатты қайнаған ас, қатты қыздырып қуырып берген тамақты ғана жеу дұрыс екенін айтады. Су суыған соң ауру тыйылатынын да сөйледі. Қысқасы, Александра Яковлевнаның өсиет, кеңесінің бәрін де бұлжытпай, ұғымды, байыпты етіп салмақты қоңыр даусымен жақсылап айтып берді.

Осыдан әрі бұл адамның Абай екенін және сол жерде Абайдың өзі кім екенін естіп, біле түскен қала адамдары Сармолланы да ауызға алысты. Оны молда, халфелер жамандап, айыптап қойыпты, дейді. Сол рас па? Имамдардың осы істері мақұл ма, жоқ па? – деп те сұрасқандар болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий