Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл күндерде Сармолла болса, көңіл жайы мейлінше тынышталған, жайбарақат дейтін жақсы күйде болатын. Ол айтам дегенін айтты, істеймін дегенін істеді. Соқыр қари, Самұрат мәзін, Шәрібжан халфелер ғана емес, ол ишан, хазіреттің өзін де, Сармолланы ілтифатсыз шеткері қалдырғаны үшін, лайықты жазаға ұшыратты... Қазіргі Сармолла со жайды сәл ойлаған еді. Аңдаса, хазіреттің өзі де соңғы жұмаларда күн санап түсім табыстан мақұрым қап барады. "Болсын солай", "Барсын хаман", "хоб, хоб аст, бисияр хоб аст'" деп соңғы бір жайларды Сармолла парсыша сөйлеп те кетті. Осылайша "кәйфі көтерілген".

Келесі күні кешке, Сармолла ақшам намазынан соң ішкі үйдегі Бибісара, Әсма деген қыздарын шақырды.

– Қызым! Қызым, Бибісара, Әсма! Әнилеріңізге айтыңыз. Самаурынын хазірлей берсін. Мен әлі ғана шаштаразыға барып келейін! – деді де, жеңіл, жұқа шапанын киіп, аяғына кебісін іліп жатты.

Бұның 15-17 жастағы, жаңа өзі атап шақырған Әсма, Бибісара деген жіңішке, сұңғақ бойлы екі қызы аталарының алдынан есік ашты. "Тез келерсіз, самаурынды хазірлеп қоямыз" – деп аталарын құрмет тұтқан қалыпта, алдынан шам ұстап, жоғарғы үйдің басқышынан түсіріп, сыртқа қарай ұзатып салысты.

Сонымен, бұл екі қыз аналарына келіп, сәл уақытта самауыр қойды. Ac үйлеріне дөңгелек үстел жайды. Бірақ самауыр қайнағанша аталары қайтпады. Кейін самауырға бірнеше рет демдеп көмір сала отырып, Сармолланың үйге қайтуын ұзақ тосты. Кешіккен сайын таңданып, әр дыбысқа елеңдеп, неше түрлі жорамал, болжау айтысты.

– Намазға кеткен болар, шаштаразы асқа қалдырған болар. Әлде біреу қаза болып, шақырып алып кеткен болар ма? –деседі.

Бұндайда айтарлық себеп, сылтаудың да бәрін тауысты. Жатар уақыт болды. Лампының керосині таусылды, түн ортасы болды. Уақыт өткен сайын ашаң жүздері күдіктеніп, ақшыл тарта түскен екі талдырмаш қыз, енді жылай бастады. Анасына қосылып, сарғыш қабақтары қатты түйіліп, аһылай береді.

Қалың түн ортасы да ауып өтті. Шамы сөнген үйде ұйқысыз, үнсіз жатқан бір ана мен қасірет сезген жас қыздар таңғы қораздың алғашқы қышқыруын да есітті. Келмеді, қайтпады ата! Ғайып қараңғылық жұтқандай. Әлдебір бақытсыздық торына Сармолла шын шырмалған тәрізді.

Осы өткен кеште жаңағы момын жандар ұзақ тосқан Сармолланың басынан кешкен хал басқаша, ойға келмес өзгеше болатын.

Бас мешіттің сыртында Сармолла үйінен төрт пұшпақ айналған жерде, бұған таныс шаштаразы бар-ды. Ақшам намазын үйде оқып, іңір қараңғысы түспей тұрып көшеге шыққан Сармолла шаштаразының үйіне бөгетсіз жеткен еді. Үйінде шай әзірлеп, әйелі мен қыздары тосып отырғанын ойлай түскен Сармолла, шаштаразымен сөзге айналып, бөгелген де жоқ. Бірақ шашын тазалап алғызып болып, күтімді сақалын да таратып, ықшамдатқан. Мұрт, сақалын мұсылманша, мұхтасар айтуынша бастырып болып, енді үй иесіне дағдылы алғысын айтып, тысқа шыққан-ды.

Тегі, бірталай бөгеліс, айналыс болып қалса керек. Қазір айсыз кештің қараңғы ымырты анық болып, жарықсыз көшелер елсіз түнде қап-қараңғы, құлазып тур екен. Сармолла өз үйіне апаратын тура жолға түсіп, мешіттің шарбағын күншығыс жақтан жанасалап жүріп келе жатты. Енді пұшпақ айналса, өзінің кішілеу қоңыр шатырлы үйінің отын көреді. Сөйтіп, сәл пұшпақ айнала бергенде, қарсы пұшпақтағы көлеңкелі үлкен ағаштың түбінен бір-екі адам тап берді.

Сармолла үн шығарып: "Кімсің?" дегенше болмады. Мешіт шарбағының пұшпақ айналар тұсында тағы бір үш адам тұр екен. Қолдарын көтеріп, қысқалау қаруларын сермей түсіп, Сармоллаға қарай олар да тап берді. Сармолланың тек қана: "Ей, жандарым, кімсіңдер, тоқта!" – деген сөздерді айтуға ғана мұршасы келді. Жан-жақтан ұмтылған бес кісі түгелімен жабыла кетті. Бәрінің аузында: "сұбыханалла", "астағфиралла", "ләйләһа иллалла" – деген үндер. Бейне бір сәждаға иілген, "таһлил" айтқан сопылар дерсің.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий