Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жаяу базардың оқшау бір белгісі: ең әуелі тынымсыз балдыр-бұлдыр, дабыр-дұбыр, саңғыр-сұңғыр, үздіксіз сөйленіп жатқан үндер, сөздер естіледі. Үндемей құлақ салсаң, бейнебір қалдыр-құлдыр, дабыр-дұбыр, құжынап қайнап жатқан дүние. Үздіксіз, тынымсыз мол сөздің селі қасыңнан ағып тұрғандай болады. Мыңдаған ауыздар өңшең құлақсыз, тыңдаусыз, тынымсыз ортада тек қана өзінің сөздерін қайнатып, ақтарып жатқандай. Абай қайран қалып, күле түсіп әлі құлақ салып тұр. Ендігі бір аңдағаны, жаңағы мың ауыздың толассыз, тоқтаусыз, салдырлатып айтып жатқандары қай тілдегі сөз екені де аңғарылмайды. Не сөздер екенін талай тыңдап тұрса да, айырып болар емес.

Анығында, бұл базарда дені қазақ болса да, орыс, ноғай адамдары да көп. Аралықта Түркістан жағынан, Қытай шегінен де керуен-кірекеш атанып келген дүңген, тараншы да көрінеді. Абай енді арбадан түсіп, топқа араласа беріп еді. Оюлы, аламыш шәлілерін бір иығынан қолтық астына қарай шалыс жамылып, құлақтарына үлкен сырға салған, алақандай қара көзді, қара шашты сыған әйелдері оралды. Абайға бал ашып берем деп, "бақытыңды тауып, атап берем" – деп сусылдап, алақанын жаза сөйлеп жүр.

Тағы біраз жүргенде, ескі сеңсең тымағының шошақ төбесіне шолақ, жыртық, кір сәлдесін орап алған оқшау біреу байқалды. Қолында шылдырмақты биік аса таяғы бар дуана екен. Кеудесі ашық, сүйегі адырайған, аяғы жалаңаяқ, қыли көзді, көсе қара дуана Абайдың қасынан сумаң етіп өтіп барады. Бір аяғын шоқ басқандай шапшаң шолтаң еткізіп көтеріп басады. Секіре түсіп, аңдаусыз тұрған жұртты шошыта селк еткізіп, бақырып, айғайлап қалады.

– Аллай ха-а-а-ақ! – Соңғы "хақ" деген сөзін шыңғыра, шаңқ еткізіп айтады. Содан әрі суық түсі, сирек тісі тыжыраңдай ыржыңдап, жыны ұстаған кісідей екі езуін көпірте, шұбырта сөйлеп кетеді:

Шайқы-бұрқы дуана, Кесір, кесел қуала, Кел, берекет, кет, пәлекет, Аллай ха-а-а-ақ! – деп бақырып қояды. Жалғыз аяқтап асасына таянады. Қаздаңдай ырши, ытқи түсіп, әп-сәтте топ ішіне сүңгіп жоғалып, Абайдың көз алдынан ғайып боп кетеді. Жаяу базар толы әралуан ұсақ ісмер. Қол саудамен не өздерінің, немесе үйдегі әкесі, шешесінің әзірлеген киім-бұйымдарын сатушылар көп.

Абайға қаракесек тымағын киген, сары сақал біреу өзінің екі иығына екі айырып іліп алған жарма қоныш жаңа қара саптамаларын ұсынады. Тағы біраз жүргенде, екі қолының басына қос-қостан ноғайша құндыз бөріктер қондырған, басына да екі бөрікті мінгестіре кигізіп бөрікші татар мен қазақ ісмерлері де тақайды. Абайды ноғай бөркін киюге лайықты кісі көріп, өз нәрселерін ұсына береді. Біреулер тақия тігіп әкелген. Тағы біреулер қайыс өрме қамшыны, ұзын өрілген божы немесе өмілдірік-құйысқан, ат-арба жабдықтарын көтеріп жүр.

Бір топ дұғалық шеккен жайнамазды бір құшақ қып иығына аса салған қартаң қазақ әйелі және де Абайдың алдынан көлденеңдей береді. Жасына, бой, қабілетіне қарап, Абайды не қылса намазға бас қойған адам шығар деп, бұл саудагер әйел өзінше топшылап жүр. Осылайша өзі істеген жүзік-сырғасын ұсынған, қазақша кіселі белдік жасап, қыны мен пышағын түгелдеген қол ісмерлері де кездеседі. Ескі киім сатушы, тон-шалбар алушы бар. Әр үлгілі тымақ, бешпетті қазақы қол қып тігіп әкелген кәрі, жас қазақ әйелдері байқалады.

Бұл топта да Абай өзінің кімге ораларын, кімге арнап сөз айтар амалын таппады. Жеңіл жұқа қара елтірі тымағын қолына алған Абайдың кең маңдайына жіңішке сызылған көлденең әжім жолдары жиылыпты. Көз айналасында, самайында тер шыпшып тұр. Сақалға "қырау түсті" дегендей, анық айқын бурыл ірең араласқан. Ойға ауысқан көздері, базардағы топқа қараған тәрізді болса да, ол қазір ешкімнің жүзін көріп тұрған жоқ. Бұл сәтте Абай анық қартаң тартып тұрғандай. Көңілде зіл қара тастай, шын қажытар уайым басып тұр. Күнұзын кезіп, қамқор сөзін тыңдатар жан таппады. Бүгін емес, көптен бері іштегі жегідей кеміріп жүрген бір жараның өзіне барып соқты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий