Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Енді біразда үй өртенгені былай тұрсын, Самұрат мәзін кеше кеште каталашкеге жабылды. Осы кеште бұл хабарды өзгеден бұрын естіген соқыр қари ат жеккізіп алып, хазіретті, халфелерді үркітіп тұрғызады. Ел жатар мезгілге шейін тыным алмай шапқылап жүріп, өзі тәріздес Шәрібжан халфені де, Самат халфені де жүріске салады. Қаланың бар беделді байларын хабарлап, ұрандасып "дін ісләм үшін", "хақ жолы үшін" забедейшіге қарсыласуға әзірлейді.

Осыдан кейін үш-төрт күн өтеді. Енді Семейдің барлық жеті мешітінің имамдары мен махалла байлары да ұлық кеңселеріне приговорлар, арыздар түсіреді. Пысық, білгір адамдарын жүріске салады. Сонымен, Сармолланың өлімінен кейін бір жұмадай қалың шу, үздіксіз өсек, ойда жоқ әңгімелер тарай-тарай келіп, ең ақырында ұшық-ұшықпен бітеді.

Ар жақтан полицмейстер және городской голова зілмен араласқанда, забедейші алғашқы әрекеттерінен сәтте бет бұрып, тоқтала қалады. Самұрат мәзін үйіне қайтады. Имам, халфелер мен қала саудагерлері енді көңілі жай боп тыныштық алады. Бұл кезде полицмейстерден бастап забедейші Смирновқа, тергеуші Зенковқа және олар ғана емес, приговорларын беріскен ар жақтың бірнеше имамдарына қат-қат "аққұйрық" дейтін делдал араласып еді.

Забедейшілер өздері анық танып ұстап алған қанды мойын кісі өлтіргіштерін көрінеу босатты. Айтқан дәлелдері: "Бұл қылмыс емес, исләм дінінің өзінің закуні", "Магомет дінін тұтынушы қазақ, татарларға сол дінде болу рұқсат етілсе, олардың өзінің шариғаты рұқсат еткен. Кейбір қарекетін де рұқсат етпеске болмайды!", "Әсіресе бұл мынандай оба апатының үлкен қаупінің үстінде қара халық, қалың жұрт істеген қарекет", "Ол дін жолында істелген іс", "Ауру, апаттан құтылу үшін жасаған надан елдің топас әрекеті", "Бұған ешбір жаза Россия заңында көрсетілмеген", "Со себепті айыпкер жоқ!" – деп, бұлар да өздерінше "дағуа" айтып, "пәтуә" жасасты. Осымен Сармолланың өлімі де өтті, оның артындағы жоқшының сөзі де өшті. Қылмыстының қылығы да жоққа айналып, жұтыла берді.

Абайдың соңғы күнде бер жаққа, Құмаш үйіне қайта бір келгенде естігені, көпшілік ашуының жазасын соқыр қари да шегіпті. Оны да түнгі намаздан қайтқанда, өздері Сармолланы өлтірткен шақта, дәл қақпасының алдында белгісіз, үнсіз бір топ адам ұстап алады. Лезде алып соғып, арбаға салып, бірталай уақыт шапқылатып жүріп, үнсіз күйде соққылап, тепкілеп жазалайды.

Көзі жоқ қаридың құлағы адам үніне ерекше зейінді дегенді білетін кісілер болу керек. Оны қинаушылар бірде-бір үн қатпастан езгілеп, тепкілейді. Сөйтіп, апарып әлдекімнің ат қорасына кіргізіп жіберіп, сыртынан бастырып қояды. Сәлдесін шұбатып оралтып, сүйрете апарып, бір ұшын төбеге киетін фәсімен қоса, әжетханаға тастаған.

Соқыр қари өзін қинаушылардан босадым ғой деп, маңайын сипалап, ыңқылдай тұрып, қозғала бергенде, бір жағынан теуіп қалған аттарды аңғарады да, қыбыр етпей отырып қалады.

Сармолла жөнінде аты белгісіз, сөзі жоқ, үнсіз бір кекшіл күштің талайдан ыза қып жүрген молда, сопыларға еткен соңғы мазақ, сотқар әрекеті осы болды. Енді августың 20-сынан асып қалған шақ еді. Семейде түн ғана суық болмай, күндіз де салқын жел күшейіп, жауын көбейіп, күздің мол бұлыңғыр ызғары біліне бастады. Аралдың тоғайлары алтын арай іреңге айналып, сарғая берді.

Күз болса Ертіс бойында, әсіресе Семейде жел қатайып, дауылға айнала бастайды. Қазір күн санап құм боран құтыра соғатын болды. Қатты жел енді суық лепті күз тынысын білдіре берді. Қала халқы жазғы жеңіл шапаннан сырма шапан, қалың бешпетке ауыса бастады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий