Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

"Молдалар былай тұрсын, хусуән бұл заманның ишандарынан да бек сақ болыңыз. Олар фитнәи-ғалам, өздерін аһли тариқат біліп, басқаларды жеткізбек дағуасын істейді. Олардың барлық қуаты басындағы сәлдесі, қолындағы таспиғы. Одан басқа түк те жоқ. Наданның наданы, зорлықшыл жыртқыш, топасы солардың өзі!" – деген жолдарды жазып, ызалы көңілі ширығып отыр еді.

Соңғы күндері ораза кіріп, қаланың дін күткен үлкендері ораза тұтатын. Сол оразада қала балаларының бір әдеті бар-ды. Кеш қараңғылығы түсе салысымен түнгі ел жатқан уақытқа шейін, шәкірт балалар әрбір жарық терезенің алдына келіп, өздерінше жарапазан айтады. Жаңағыдай жалғыз үйде оңаша қалып, қағазына үңіліп отырған Абайдың дәл сыртындағы терезе түбінде жиілеп басқан аяқ дүбірі естілді. Сонша болмай үш баланың үнімен, жас шәкірт балалар тілімен әндетіп айта жөнелген жарапазан естілді. Тек мына жарапазанның бұрын осы қалада айтылып көрмеген алғашқы жолдары Абайды қатты елең еткізді. Ол терезеге бұрылып, үнсіз аңыра қарады да, жарапазаншы балаларды тыңдап қалды. Үшеуі бірдей көп айтып дағдыланып алған, бірінен бірінің үні мүлде айрылмастай қосылып алған жарапазаншы балалар жартылай кітапша, жартылай қазақша тілмен сарнап тұр.

Я илаһи, уа биллаһи,

Ертең құрбан ғайыти!

Біз айтайық, сіз тыңдаңыз

Сармолланың бәйіти!..

Сармолла шашын алдырған,

Алдырам деп шәшләрін...

Ғазиз басын қалдырған...

Сармолланың қызлари

Бір жыламай шай ішпес.

Сармолланың көк аты

Бір қышқырмай су ішпес!.. –

деп, тағы да осылай шұбырта барып, ең аяғында дауыстарын қатарынан қаттырақ көтеріп, "тәммәт-тәмәм, ағайлар!" – деп, жарапазаншы балалардың даусы басылды.

Абай үнсіз ғана, ұсақ ақша ұстаған қолын терезе сыртына созып, балаларды жөнелтіп, отырып қалды. Үлкен бір аңқау тазалықпен, жас балалар үнімен айтылған жаңағы олақ өлең жолдары Сармолланың жоқтауы болып шықты. Бұны шығарған, тәрізі, оның 14-15 жасар ересек шәкірттері болу керек.

Енді кешегі өлген Сармолла бұл көшелер мен махалланың аңызына айналды. Сармолланы ойласа, Абайды ауыр ыза қысады. Қандай суық бауыр қара күш жеңді?!. Ол және бүгін емес, бір күн, бір шақ емес, бір-ақ қана Слободкада емес, ұшы-қиыры жоқ әлем. Арты болса өлшеусіз алыстан келе жатқан, алды болса қашанда созылып барып, қай тақта соққы көріп, жол береді. Түп жоқ бір меңіреу күш... Дәл осы обаның тұсында Абай "мешіт, медресенің, дін ұстазы, шарапатты ишан, имам" дегендердің сұмдық салмағын ғана көріп қойған жоқ. Олардың әсіресе ендеп, тереңдеп, күшті тамыр жайып алған қара қуат құдіретін көрді. Сол құдіреті халық соры, қалың соры, арылмас соры екенін аңдады. Қазақ халқы бұл пәледен шеткерірек пе деуші еді, олай емес екен. Өнер ұясы, үлгілі халық орнаған "қала" дегенді алса, оған орнап жатқан қазақ халқын ойласа, бұрын Абай "сахара елі емес, осы қалалық қазақ елдің белі болар ма екен" деуші еді.

Енді көрсе, қаладағы қазақ халқын торлаған дерт-түнек, түн-түнек қандай қазалы да кәрлі... Қанша ата-ана күңіреніп өлді кешегі күндері! Нелер қыршын жас кетті! Арманға толы кеудемен кетті талай ыстық жүректі жақсы жар. Сан кеудеде ашылмай, айтылмай кетті ащы зар!.. Қырғын көрді қараңғы ел. Бірақ бәрінен ауыр, бәрінен ащы, бәрінен улы қайғы не?.. Оба науқасындай қара кесел, аяусыз, сезімсіз және онан да бетер қас қараңғы күш жатыр ғой! Ол – надандық... Ол - меңіреу зұлым қараңғылық... Абайдың ой иесі боп, көзін ашып шыққаннан басталған сол меңіреу дүлей кемісе нетті!.. Сәл де болса жеңілейсе нетті!.. Сергісе болмас па еді? Жоқ... жоқ!.. Әлі сол сор, әлі сол қасірет!.. Сау ақыл, сергек жанды санадан солдырар қара дүлей!.. Қан жылатпай тынбайтын тағы да зәр төгілген жан жарасы!..

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий