Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бер жақтың базарына енді қырдан топтап айдап кеп сататын: қой, сиыр, жылқы, түйе де жиі түсе берді. Семейдің базарына Қарағай ішіндегі Белағаштан, Ертіс бойындағы ылдидағы: Ақтас, Глухов, Степной станцияларынан және жоғарыдағы Өжерке, Секленке деп аталатын қыстақтардан қауын, қарбыз атаулы көп арбамен ағыла берді. Бидай тасыған, үн тарттырып базарға салған крестьян обоздары да екі жағаның базарын баса берді.

Аспан күн сайын бір ауық кірбің тартып сұрланады. Кейде күнұзын, тіпті екі күн, екі түн ұдайынан сүр бұлт қаптайды. Тұман оралып, суық дүлей желге де айналады. Қалың бұлт көшкін салқын жауынға, ақ жауынға ауысқан күндер де болды. Мөлдір сулы Ертіс қазір жиі-жиі құла суланып қалады. Көшелерде бірде шаң бораса, біресе жауын селінен лайсаң боп, жүргінші адам сирей береді.

Сармолланың өлгеніне екі жұма өтіп, оның қазасы жөніндегі айғай-шу, қызу-дырду басылған шақта, енді оба науқасы да қалада көрінеу саябырлай берді. Осы жайды Абайлар өзінше заңды деп түсінсе, молдалардың таратқан лақабы мүлде өзгеше болды. "Сармолланың шарапатты адам екені рас болды!", "Халықтың оны құрбан етуі анық шариғат хұкімі бойынша тауып істеліпті", "Анық осы қаладағы ең ғазиз, қымбат бәндә Сармолла екені енді көрінді", "Халық басына келген зор апат, қорқыныштар фәләкәт Сармолланың қанымен ұшықталды, жойылды", "Халық та дұрыс істеген", "Бір жақсысын құрбан етіп, бүкіл қаланың ендігі ата-анасы, өсер ұрпақ, бала-шағасын, қауым-жұртын сақтап қалды", "Исләм діні дін қарындастарын адастырған емес", "Имамдарға мың мәртебе алғыс пен шүкірлік!" – деген хабарлар медреселерде, мешітте түгел қаулады.

Патшалық кеңселерде онсыз да аяқтап, өшіп бара жатқан дознание жұмысының ең соңғы беттеріне соңғы молдалардың жауап сөздері жазылған еді. Олар: "Сармолланы Магометан шариғаты бойынша дін тұтқан халық дұрыс құрбан еткен. Соның шифа болғанын, міне, енді көрдіңіздер!" – депті. "Екі жұма өтісімен Семей шаһарында, ар жақ пен бер жақта оба науқасы мүлде тамам болды. Сармолланың құрбан болған шарафаты жалғыз магометандар, мұсылмандарға ғана емес, тіпті орыс халқына да тиді", "Ол ғана емес, патша-ағзам мәхкәмәләләрінде отырған өздеріңіздің, яғни чиновник жанабларының баршасының да аурудан аман қалуына сол бір құрбандық себебін тигізді" – деген тағы да дағуалар айтылып тіркелді.

Абай бұл сөздерді ести отырып, аса бір қапалық ызада, демі құрығандай қиналуда болатын. Айдан аса мезгіл ішінде қала халқының ұстазы деп жүрген имам, хазірет, молда-қожаларды өте жақыннан көрді. Бәрінің ішек-қарнына шейін тығып жүргендерін анықтап танып, білді де, қатты жиреніп шықты. Өмірінде аса бір былғаныш, қараңғы лас жерде жыбырлап құжынаған соқыр құрттар әрекетін көргендей. Шірудің, тозудың тірлікке қарсы алысушы құрттары. Тек қана ішудің, сіміре семірудің құлдары. Амалсыздық, айласыздық діңкені құртқан тәрізді. Қырдағы сорақы жыртқыштық біралуан болса, қаланы қаптаған қараңғы надандық, қыңыр дүлей, зорлық күштің меңіреулігі де өзгеше.

Абай ойлана түсіп, толғана шерленді. Анық бір тас қабырға, шойын есік алдында титығы құрып, демі бітіп тұрғандай. Осы орайда бір кеште Құмаштың астыңғы кең бір бөлмесінде дөңгелек үстелге лампы қойғызып, Абай жазу үстінде отырып қалған еді. Күндіз ойлана жүріп, бірнеше кеш бойы осылайша отырып жазу жазады. Күңгірт көңілден кешіп өткен ойлар күздің ақсұрғылт бұлтындай. Сол іреңсіз ойлар толқыны тудырған жолдарын күйлейді. Бір сәтте өлең боп оралған ойлар:

Құранды молда теріс оқыр,

Дағарадай болып сәлдесі.

Өзімшіл көңілі бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі!.. –

дегендей жайларға құйылып оралады! Тағы бір сағаттарда Абай ишан, имам, халфе, хазіреттермен олардың өз тілінде сөйлеседі. Жер-жебіріне жете, ызалана соқтығады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий