Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қала мен қырдың жайын бірдей білетін айлакер Дайыр, Абай пәтеріне қонбаған қашқындар "бер жақта қонбас, ар жаққа қашар" деп сезіктеніп келген. Бұлар осы есеппен Ертіс жағалай жүрген. Құмаштың үйінен аттанысымен Дайыр өз қасынан үш кісіні бөліп, киізші Сейсеке байдың үйінде жатқан Оразбайға шаптырды. Өздері әкеле жатқан сұмдық хабарды естіртуге жіберген.

Дайыр Оразбайдың аталас, ауылдас жақыны болған да және ағайын ішінде аса сырлас, көңілдесі. Бүгін қашқан Мәкен - Дайырдың жесірі. Дайыр ғана емес, Оразбайдың жесірі. Алып қашып отырған мекенсіз, елсіз Дәрмен емес, ежелгі жау Абай болып шығып отыр. Оразбайға осыны ғана жеткізу, білгізу шарт. Дайыр бүгін жалын құшып тұр. Жауының қолында өлмей, намысын жер қып кеткен, оң жақтағы жесірі Мәкеннің жолында өлмей, тоқтамақ емес. Сабыр, тақат таппайды.

Түнді таңға қосады, таңды таңға ұрады. Жерге кірсе де, жесірі мен азғырғыш жауын табады. "Қолынан келер көмегі, етер себебі болса, енді Оразбай қам қылып көрсін", – деген болатын.

Осы сәлемші үш кісі Дайырдың долбарын және де жеткізген. Қашқындар ар жаққа өткен болу керек. Кім өткізді, қай қайықшы жәрдемші, себепші болды? Паромның жүрмейтіні анық. Ендеше, Дайыр түн бойы Ертіс жағасында, сол қашқындарды алып кеткен қайықшыны тосумен болады. Осыны да Оразбайға және қаланың қайықшыларын білетін Сейсеке байға әдейі айтқыза жіберген.

Оразбай Дайырдың хабарын естігенде, жын буған бақсыдай бүлінді. Салған жерден ауызға алып, иянаттап, айыптап сөйлегені жалғыз Абай болды. Дайырдың хабаршысы кетік тіс, жайнақкөз, шұбар Жемтік дейтін қара сақал, сөзуар шапшаң адам. Ол қасындағы екі жолдасын байдың ауыз бөлмесінде қалдырып, Оразбай, Сейсеке отырған төргі, жасаулы үйге мысықша ептеп кірген. Дөңгелек үстел айналасында отырған Оразбай, Сейсеке және бұл бөлмедегі үшінші адам жуан, зор денелі сары кісі – Есентай үшеуі. Солардың қатарына отырмай, Жемтік әуелі есік алдына жүгіне ғана қалған.

Біразда жаманат хабарын біртіндеп, нақтылап жеткізе, тарата түсумен қабат, үстелге қарай екі тізесімен жорғақтап, ентелей берген. Қазір міне ол Мәкеннің қашқанын, оны Абайдың жігіті Дәрмен алып қашқанын, Дайырдың жеті-сегіз кісі боп қуып келгенін, қалаға өздерінің жаңа, осы іңірде ғана ат сабылтып жеткендерін айтты. Тізгін ұшымен шапқылап отырып, осы қақпаға асығыс әлек хабар әкелгенін айтып болған.

Есентай кесек мұрынды, маңдайы тайқылау келген зор басты, бітік көзді, зіл салмақты адамның бірі. Оразбайға жасы да тақау. Елде Сармырза деген үлкен рудың аса сотқар, жуан бел атқамінерінің бірі. Бірі ғана емес, тіпті бірдің өзі. Ол Оразбайдың ор пәледе, әр кесір әлекте ұдайы қасынан табылатын үзеңгі жолдасы. Жасырақ шақтарында бұл екеуі ұрлықты да бірге істескен дейтін сыбыс барды.

Есентайдың Оразбайдан айқын бір басқашалығы да бар. Ол өте аз сөйлейді. Оразбай сапылдап: ашуын да, боқтығын да, шешен тілді қара борандатқан дауын, жаласын да аласапыран айта жөнелгіш кісі. Ал Есентайдан сондайда Оразбайды бес-алты рет ақтарылта сөйлетіп алмай үн шықпайтын. Тегі, әр жиынның ең артқы сөзін айтуды өзіне тәсіл ететін. Әуелі сөзге сараң, онан соң айтса, неғылса біреуді біреуге соқтыра, өшіктіре, қиян-кескі қиталастыра сөйлемесе іші кебетіндей болатын. Пәлесіз, үлкен ыладсыз, алыс-жұлыссыз аяқтайтын сөздің тұсында Есентай көбінше тіл бермей, үн қатпай жым-жырт қалатын.

Әсіресе даңғойлау, есерсоқ, аңғалдау адамдар болса, Есентайдың қолына түссін. Ол бітік көзін жұма беріп, маңғаз, биік бойдағы сырын сездірместен сызданып отырып алады. Бірде-бір езу тартып, жылы жүз беріп күлген, жылыған, жібіген ажар көрсетпейді. Сырт қалпында адамды алдар деген титтей белгі болмайды. Бірақ сөйте отырып, талайларды алдап соғады. Мысқыл етеді, мазақ қып кетеді.

Тәкежанның Әзімбайы өзінің көп арам есеп, айла-тәсілін, сырты суық тоң-торыс мінездерін осы Есентайдан оқитын. Тобықтының ішінде ендігі бір топ арам, айлакер атқамінерлер анығында сол Әзімбайша Есентайды ұстаз көретін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий