Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Ол заман өткен! Ол не деп отыр, сен елші боп не әкеп отырсың өзің? Қай заманда, қайда отырмын деп ойлайсыңдар? – дей бергенде, Абайдың сөзін тоспай, Есентай киіп кетті. Ашулы, зекіре сөйледі.

– Әй, Ыбырай, шешендік салыстыра келгем жоқ! Ендеше, қалғанын тыңда. Оразбай осы жолы қашқындар ғана емес, Ыбырайдың дәл өзін қанды мойын айыпкер етіп, табанымның астына салмай тынбаймын! – деді. – Жітікке саяқ бір қуды, бұзықты ол ұстаса, бұ қаланың ішінде қалған бар бұзықты мен де ұстай білемін! Соның бәрін Ыбырайдың өз соңына қаптатып салып, қанқақсату менің де қолымнан келер! Аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Көзін ашып қарасын Ыбырай! – деді.

Осы сөзді айтқанда сары жүзіне қызыл қан ойнап шығып, Есентай анық төбелеске шыққан кісідей құтыра қарады.

Көп заманнан бері қарай Абай, өзінің жүзіне дәл осы естігендей тұрпайы, сотқар қатты соққанды естіген жоқ еді. Әсіресе Оразбайдан келген байлау – барып тұрған жыртқыштың, жауыздың бұйрығы. Өзінің қаншалық күйіп, намыстанып ызаланғанын Абай аңдап та үлгірген жоқ. Аузынан ақырып айтқан ашу сөз шықты.

– Сен келіс сөзді әкелмей, кетіс сөзді әкеліпсің ғой. Бар, жөнел ендеше! Айта бар Оразбайға, істеп көрсін жауыздығын, бірақ өкініп жүрмесін! Жер тәңірісіп құтырыпты ғой, жерге қағатын күш бар екенін ұмытпасын! Шық, бар, жүре бер! – деп қатты ашуланып, қабақ түйіп, екі көзі қанталай түсіп Есентайға қадалғанда, анау салмақпен ырғала түсіп, үн қатпастан сіресіп тұрды да, есікке қарай тарта берді.

Есентайлар қайта келгелі байдың қорасы жан-жаққа бұлан-талан кісі жүгіртіп, асығыс әрекетке кірісіп, әлекке түсті. Ал бер жақ жағада тыным таппай қуғыншылар жүр еді.

Дайыр аяусыз ыза жетектеген бойында, қазір ізге түскен иісшіл иттен бетер, сергектеніп, сақайып алған. Ол басжатақтың, ортажатақтың ұзын бойына жаңағы өз қасындағы алты жігіттерін тыным алдырмай жоғары-төмен жүргізіп отырды. Оразбай мен Сейсеке хабар жетісімен олар да: "Қашқындарды алып кеткен қайықшы қайта оралған жоқ, келер уақыты болған жоқ" – деп топшылаған-ды. Сейсеке сәлем айтып, бұндай әлек, жанжал үстінде "шабар қылыш, атқан оқтай" құралы Қорабай саудагерді шақыртып алған. Ол өз көмекшілерін және бай қорасының әлуетті екі малайын ертіп, ат жектіріп, Ертіс жағасына шапқан. Сонда Дайырды тауып, елсіз, үнсіз жағада, мезгілсіз кеткен қайықтың қайта оралуын тосып қалған-ды. Бұлардың тосуы ұзаққа созылған жоқ. Терең, тұңғиық бетінде жүзген үлкен қайықтың ескек сыбдыры Дайырдың сергек құлағына естіліп қалды. Сол белгіні аңдай сала Дайыр, Қорабай мен өз жігіттерінің бір тобын жар жағасына жабыса отырғызып, қайықшыларды жым болған, үнсіз күйде тосып алды.

Тек үлкен қайық ақырын жылжып кеп тоқтаған соң ғана, қарауытқан жар астынан қуғыншылар тобы түгел көтерілген. Қайықтан Сейіл түсіп болғанша, бұлар да су жағасына жетті. Жерге түсе берген үш қайықшыны бұлар кеуделерімен тосып, бөгей берді. "Бізді де алып өтіңдер" десті.

Ожар, содыр Қорабай болса, сезікті ойларын енді Сейілге соқтыға айтып қалды.

– Немене, қара түнде қандай қара ниетті жүргіншіні тасыдың, кімді өткіздің, әуелі соны айт?! – деп еді.

Сейіл үн қатпай, салмақпен басып, жағаға түсті. Екі жолдасына қайықтан түсіп, күректерін алуды бұйырды. Олар бөгелместен үлкен қайықшының дегенін орындап, ескектерін көтеріп алысып, жағаға секіре-секіре түсті.

Дайыр мен оның жолдастары қатар үн қосып:

– Тоқта, түспе!

– Бізді алып өт!

– Алдыңғылар төлеген ақшаны біз де төлейміз! Асығыс, тығыз жұмысымыз бар, көмек ет! Алып өт бізді! – десіп, қайықшыларды қамап, дабырласып тұр.

Сейіл қапсағай денесін ырғалта басып, әлі де жауап қатпады. Үлкен қайығын екі серігінің көмегімен судан тартып, малта тастың үстімен сүйрелеп, құрғақ жағаға шығарды. Бұл үнсіз әрекетінің бәрімен, кесек мінезді Сейіл, Қорабайдың жаңағы зіл ызғарын елең қылмаған қалпын білдірді. Қорабай енді ұрысқа басты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий