Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Немене, Сейіл, саған менің ақшам арам ба? Жауап та бермей, жотаңды неге көрсетесің? Қара түнде қысылып кеп тұрмын, жұмысымыз тығыз. Мін қайыққа қайтадан! – деп жанжалын да, бұйрығын да қатар жұмсады.

Бірақ Қорабайдың бұл жолғы кәрі даритын емес. Оның үйреншікті айғайы мен шатағынан ықтайтын кісі Сейіл болмады. Бұл салмақпен ғана кесер сөзін бір-ақ айтты.

– Онсыз да жұмыстан кешігіп қайттым. Қара түнде қара баспаса, Ертісті арлы-берлі кезген қайықшыны қашан көрдің? Енді қыбыр етер жайым жоқ. Асығыс болсаң, таңертең ерте кел, қазір менің қайығым саған тимейді! – деді.

Иығына салған ұзын ілгекті темір сүйменін салмақтап алды да, жолдастарына: "тараңдар, жігіттер!" – деп әмір етті. Өзі де үйіне қарай аяңдай берді.

Үйреншікті кәрі өтпей қалған Қорабай, енді қайсар, суық мінезді Сейілден амалсыз көңілі қайт болса да, соңынан қалмады.

– Кімді өткіздің ендеше, сол жөніңді айт. Неге оның айтқанына көніп, қараңғыда қайық саласың да, біз келсек, сылтау айтасың? Тым құрса жөніңді айт! Сені осы түнде тұрғызған қай әулие? – деп қадалды.

Дайыр да жанасалай отырып:

– Тым құрса соны айт! Өткізгенің қала адамы ма, танысың ба? Жоқ әлде қыр адамы, бөгде жандар ма? Соныңды ғана айтшы! – деп еді.

Сейіл бұл сөзге де сараң, сырдаң жауап қатты.

– Менің танысым ақша, жігіт! Мың сан адамды өткізіп жүріп, көбінің жүзіне қарамайтын, кім екенін аңдамайтын Сейіл бар. Іңір қараңғысында қайыққа мінген жүргіншінің орысы, қазағын да, қаласы, даласын да аңдаған мен жоқпын! – деді де, үйінің қақпасына кіре берді.

Қорабайдың ендігі үміт қылғаны сыртта қалып, көрші үйге қарай қозғалған жігіт – қайықшы Түсіп. Сейілден күдер үзген күйде Қорабай мен Дайыр сол Түсіпті ұстап алып, көп айналдырды. Қатты да, тәтті де сөйлесіп барып, ең ақыры Түсіптен, ол аңдаған бірнеше дерек алды.

Бұлардың өткізгені үш жігіт, бір әйел екен. Тәрізі, қыр адамдары сияқты. Кейбір сөздерінен бұның аңдауынша, ар жақта, Затонға баратын тәрізді. Төрт жаяудың ортасында әйел ерімен ерттелген көк ат бары да айтылды.

Осы соңғы дерек әсіресе Дайырға барлық жайды мәлім етті. Ол түу Шыңғыстан бергі керуен жолымен қашқындарды қуып келе жатқанда, жолдағы елден әйел мінген ат пен еркектер мінген аттардың түсі-түгін үнемі сұрап, жадында сақтап келген. Қазір бұл білгенінің үстіне сол адамдардың бәрі қайыққа, Ертіс жағасына салт атпен келгенін, бес атты екі кісі қайтадан алып кеткенін естіді. Бар жай мәлім болды. Із-тоздары анық, айқын көз алдында тұр. Тек асығыс қана әрекет керек. "Жүр, жөнел! Осы түннен асырмайық. Жасырынды ашамын, жау көңілін басамын!" – деді Дайыр, Қорабаймен екеуі "Қайық, қайық!", "Қайықшы...", "Жақын қайықшы қайда" десіп жөнелісті.

Үлкен Семейдің орта тұсынан, ақ диірмен тұсынан шыққан Дәрмендер Затонға жеткенше, көп уақыт өтіп еді. Қаланың ылди жақ шеті ұзақ болатын. "Қазақ-орыс жағы" деп аталатын ағаш үйлі, құмы қалың көшелермен жүргіншілер ұзақ кезді. Содан әрі қаланы тауысып, енді елсіз алаңға шыққан-ды. Бұдан кейінгі жол біресе жар қабақты жағалап, кейде ойға, тоғай арасына түседі. Біресе шалқиып, кең жазық жотаға шығып, қаладан көп аулаққа тартады. Арада оқта-текте ғана кездескен топ үйлер бар. Олар не тоншылардың немесе былғары заводының, пима басатын заводтың және сыра заводы мен арақ заводының өнім жайларын аңғартады. Осылай бірінен-бірі аулақтау орналасқан кәсіп жайлары Семей қаласының "Затон" дейтін бір үлкен шеті болады.

Жаңағы кәсіпорындарына жалғаса созылған тағы да көп қараңғы көшелі қала жай бар. Бұл сол кәсіпорындарының неше алуан жұмысшы, қызметкері жайғасқан қалашық. Осы жерде, жақын маңда, үлкен Ертістің бір мол мүйіс жасап оралатын қойнауы бар еді. Сол тұста қыс бойы көп пароход, баржалар тұратын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий