Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл мекен-жайдың "Затон" деп аталу себебі де – сол кемелер орналасатын ерекшелігінен туған ат. Жаңағы қараңғы көшелеріне аласа, қоңырқай үйлері тығыз орналасқан кішкене қала, сол Затондағы көп кемелердің жұмыскер, қызметкерлері жайғасқан орын болады.

Дәл осы пароход жұмысшыларының арасында жүк таситын, грузчик деп аталатын мол бір топ бейнетқор бар. Жаз пароход пен баржаларда арқаларына ауыр жүк артып, қиын еңбекті кәсіп етсе, қыста да сол грузчиктер қара күшіне сеніп, неше алуан қара қайраттың ауыр еңбегін кешеді. Соның орайына бір замандарда аш-арық, елдерінен кәсіп іздеп, ішерлік, күн кешерлік талшық іздеп келген қазақ кедейлері, Затон пароходтар жұмысында аш-жалаңаш болмай, әлім-берім күнелтеді. Еңбегіне жалынғаны болмаса, ешкімге де көз сүзбей, өз күндерін өздері көреді. Қол-аяқ сау шағына азамат ырза. Ішіп-жемін біреуден тілеп алмай, өз үйлерінен татқанына қатын-бала, кәрі-құртаң, әке-шеше де ырза болысатын.

Затон жұмысшылары Семейдің қаласы мен Слободканың көпшілік саудагер тұрғындарынан бөлек. Әр мінез-қылықтары ерекше болушы еді. Әншейінде қала көпшілігі бұларды білмейді. Тек жыл он екі айда болатын айт мерекесінде грузчиктердің, Затон жігіттерінің атағы қала халқының, қазақ, ноғайының аузынан түспейтін. Семей мен Слободканың базарлары тұрған үлкен алаңдарда айт күндерінде ұдайымен екі-үш күндей қалың күрес болады. Күреске Затонның грузчик жігіттері үштен, төрттен, бестен, оннан келіп, шешініп түсе қалғанда, қарсы топтардың нелер аты шыққан, мақтан алған балуандары табандасып белдесуге жарамай, қирай жығылатын. Арқалы, жоталы келген қалың иық, жуан балтырлы атпал азамат, кесек грузчиктер күрессе, нелер алпамсадай жігіттерді жағадан ұстай бере, арқадан соғатын. Иығынан асыра, екі табанын тарс еткізе, шалқасынан құлату "грузчиктер күресі", "Затонның әдісі" – деп, айт күндерінің айыз қандырар аңызы боп тарайтын.

Сөздері аз, қуаты мол, өздеріне сенімі зор қалың қайрат азаматы, осы Затон жұмысшылары қаланы мекен еткен қазақ баласының өзгеше бір ажарлы қауымы боп, оқшау байқалады.

Қалаға Мәкенді алып бет қойғанда, Дәрмен мен Әбдінің Абайдан соң пана тұтқаны дәл Затонның елі. Әбді бір кезде, осыдан үш-төрт жыл бұрын өзі де кәсіп іздеп Затонға келіп, екі жылдай тұрып, еңбек етіп қайтқан. Оның көз таныс, тамыр-дос дейтін сенімді үйлері осы Затонда. Дәрменнің де қалаға келіп, ұзақ жатқан шақтарда көп аралап, өлең айтып, думан-сауықтарына көп қызық қосып жүретіні – осындағы грузчиктер ортасы болатын.

Қазір Әбді мен Дәрмен екеуі де Затондағы өздерінің ең сенімді досы Сәменнің үйіне келді. Оның қорасы тар, тұрғын-жайы сүр кірпіштен салған ауыз үйлі, төр үйлі кішілеу екі ғана бөлме. Жүргіншілер жеткенде, Сәмен үйі жатып қалған екен. Қақпаны Сәменнің әйелі, жіңішке, ұзын бойлы Айша ашты. Сәмен мен үй ішіне өз жайларын ұғындыру үшін Әбді жалғыз кірді.

Сәлден соң кішкене екі бөлмеге бірдей жарық жағылды. Үйден саудырай сөйлеп, аңсағай бойлы, қылаң жүзді, қара мұрт жігіт Сәмен шықты.

Қонақтар үйге отыра бере-ақ, ауыз бөлмеде Айшаның самауыр мен қазанға қатар қам жасай бастағаны байқалды. Мәкеннің көзінше Дәрмен мен Кәкітай да Сәмендерге шешіліп сөйлеген жоқ. Тек бар жүріс әрі жасырын, әрі тәуекел деген ер-азамат қимылы екенін Кәкітай сездіріп өтті.

Ең алдымен айналаға сақ болып, жасырына тұру біраз күннің міндеті екенін білдірді. Сол арада Кәкітай шайға қарамай жүретін болды.

Ол осы түнде Әбішке жету қажет. Бағана Абай айтқан арыз неғұрлым тез жазылып, неғылса керекті ұлық кеңсесіне тез кіріп қалу керек.

Кәкітайдың дәл кетер шағында Дәрмен оған бір хат ұсынды. Сәл таңырқап қараған Кәкітайға оның айтқаны:

– Мынау хатты жаңа Абай ағам Әбішке жазып еді. Ала баршы, жөнін айтпай, үндемей беріп еді. Осы істің жайы болар. Әлде көмек ақыл айтып жатқан шығар!.. – деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий