Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұлар қаланың ішін аралап келе жатқан шақта, тағы да үлкен Семейдің орта тұсына, ақ диірменнің жағасына, бірінің артынан бірі ілесе кеп, үш үлкен қайық тоқтады. Қайықтар үстінде алты ат, бір арба салған он шақты кісі бар. Олар түйілген қалыпта, ұйқылы жағаға кеп, үнсіз тоқтаған еді.

Сейіл қайықшы көнбесе де, Ертіс бойында Қорабайға таныс үш қайықшыны жеті түнде тұрғызып алысқан. Енді солар дәл Дәрмендер түскен жағадан алдыңғылардың іздерін баса түсіпті.

Сәменнің төргі үйінде оңаша болған Дәрмен мен Мәкен, бұл түннің ендігі жарымын ұйқысыз өткізуде. Бірі туралы бірі "тынықсын, ұйықтасын" – деп ойлап, қыбыр етпей жатса да, екеуінің де көңілдері тынымсыз. Іште күдік пен қауіп мол.

Дәрменнің қазіргі есіне өз махаббатының әр кезеңі оттай ыстық болып айқындап түседі. Қысқа ғана тарихы бар бұл сүйісудің өлсе де естен шықпас шақтары бар... Биыл жасы жиырма беске жеткен Дәрмен бұл кезге дейін махаббат шұғыласына, сүйіспендік жалынына жанасып көрмеген-ді. Ол өзгенің, достарының, құрбылас қыз-келіншектің араларындағы достыққа, ынтызарлық махаббатқа барынша тілеулес. Қалтқысыз таза дос, жан аямас көмекші, делдал болғанды сүйетін.

Сол ретте Әбіш пен Мағыш арасындағы ойда жоқ күйден туып ұлғайған мол махаббат жайын Дәрмен көп қуаныш етіп тамашалайтын. Олар сезімінің арасында бұның інілік, құрбылық, ақын достық сезімнің бәрі біте қайнасып, бірге араласып кеткендей.

Әбіш пен Мағыштың қандай жақын туысын алсаң да, олар арасындағы ендігі тірлік тілек қызығын Дәрмендей бар жанымен толық сезінген кісі жоқ деуге болады. Ол екі жастың өздері де Дәрменнің бұларға деген тілеулестік достығын қатар қуаныш ететін. Дәрмен бұлар махаббатына әнімен, әсем өлең жырымен үнемі араласып, біте қайнасып кеткен.

Биылғы жаз ортасында, Керегетас сияқты көрікті қоныстағы ноғай аулына Әбіш күйеушілеп соңғы рет барғанда, жиырма күндей думан-сауық шақтары өткен. Әбіш күйеудің жолдасы Дәрмен сол сапарда, жайлау кештері мен жарық айлы түндерінде, өзінің де бұрын татпаған жан рахатын тапқан-ды. Мәкен Мағыштың қасында көп күндер бойында ұдайы кездесіп жүріп, Дәрменнің ендігі бір арманындай оралған-ды.

Бұлар арасындағы махаббат Әбіш пен Мағыш арасындағы ыстық сәулелі өзгеше таза қасиет сезімінен әсер ала туған махаббат есепті еді. Мүмкін, Әбіш пен Мағыш сөзбен, мінезбен, не болымсыз да болса, іс-әрекетпен бұл екі жастың жарастығын есптемеген шығар. Бірақ ол екеуінің Мәкен мен Дәрменге жиырма күн бойында көрсеткен достық ажарлары тілсіз, үнсіз күйде-ақ бұл екеуін де өз жалынымен тұтандырған болар. "Мәкен мен Дәрмен екеуінің сүйіспендігі қай күнде, немен басталды" десе, қазір Дәрмен өзі де, Мәкен көңілі де анық жауабын айта алмас еді. Әрине, Мағыш пен Әбіштің бұл екеуін кейде бірге шырқатып он салдыратыны да текке кетпеген болар. Жарық айлы кештерде, ауыл сыртына сейілге шыққан шақтарда, әдейі аз ғана топ болып, оқшау кетіп, соның үстіне Әбіш пен Мағыш екеуі ғана боп оңашаланып, өзді-өзімен болысқанда, Дәрмен мен Мәкен ойда жоқтан оңаша қалысатын да кездері боп еді. Бұл да текке кетпеген болар.

Қалың жиын арасында шабытты Дәрмен, шалқыған ескек өлеңді ойдан шығара жырлағанда, бар жан тамашалай сүйсінетін. Сонда Мағышқа қосылып Мәкен де, ақсұр жүзді, қиылған қара мұртты, майда қарайтын нұрлы көзді өнерпазды тамашалап мақтайтын. Бұның да гүл бағына үмітті дән көмгендей мән-мәнісі, өз жемісі тамыр шашқан болар.

Мәкеннің кедейлеу аулында жалғыз шешесі мен өзі тірлік еткен қоңырқай үйі бар-ды. Сонда бір кеште Әбіш, Мағыш, Дәрмендер болып қонақтаған шақта, Мәкеннің есті шешесі Дәрменге сүйсініп, мақтағаны да бар. Алғыс айтып, қаралы ана бата берген. Шебер тілін, орамды нәзік сезімін, майда мінезін құптай отырып мақтаған-ды. Сол Мәкеннің анасындай, кедей ауылдың барлық үлкені мен кішісі де, күйеулер қонаққа келген кештен кейін, ауыздарынан Дәрмен атын тастамай, тамаша етіскен. Өнерлі, үлгілі бір оқшау жасты момын ауыл өзіне жақын тартып, жақсы көріп қалған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий