Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әбіш оқыған тағы бір романда шебер жазушы айтқан бір сын болжау бар. Онда: жіңішке, сұңғақ бойлы, ашаң, жұқалаң жүзді сұлу әйел махаббат жолында ең тұрақты сезім иесі болады депті. Толық қанды, қалың денелі әйелде тұрақты сезім сирек кездесіп, құрбандыққа шыдамсыздық көбірек ұшырасады – деп те ұққаны бар-ды. Өзі білгеннің көбін көңілде түйгенмен, сыртқа шығармайтын Әбіш, бұл сахарада жүрген қыздардың арасында Мәкенді өзгеше бағалайтын. Дәрменді болса, Әбіш оның өнері үшін де, жігіттік қасиеті арқылы да және әсіресе кіршіксіз жастығы үшін де жақсы көретін. Кейде Әбіш өз сырымен болып, әділ мінезділігіне салып, құпия ойлағанда, осы сахарада бар туыс, дос, жақын-жаран ішінде әкесінен соң Әбіштің ең жақсы көретін азаматы осы Дәрмен тәрізденуші еді. Кейде өзіне-өзі сұрақ беріп: "Мен Дәрменді ең сүйікті бауырым, інім Мағаштан да артық көрем бе, осы қалай?" – деп қалатын кездері болған.

Қазір Әбіш Дәрмен, Мәкен екі арасынан не түйін шығарын қызығып тосатын. Олар өмірінің алдында қандай ауыр толқын, тосқауылы болса да, жаңағыдай қызығып, қуана қарайтын үмітінен Әбіш өзін қайтарып ала алмай жүретін. Егер ол екі жас бұған ақылдасар болса, Әбіш олардың алдында от тұрса да тайсалмауын, тайлықпауын құптар еді. Қалайда ол, іштей өз қатарына Мағышты қосып, Дәрмен мен Мәкеннің қостаушы, құптаушы серігі боп алған. Бірақ бұлар тілеу қосып тұрғанмен, әлі де Дәрмен, Мәкен арасы ашылыспай және басылыспай жүрген бүркеулі бір оттай.

Екі шыншыл, бірақ аңқау, адал жастар жүрегін енді оңай ашылысуға қатал бір жай жетектеді.

Мағыш ұзатылардан үш күн бұрын ерекше бір хал туды. Күндегі әдеті бойынша жастар кеш батар шақта ауыл сыртына сейілге шығып еді. Жұқа, көркем қара жібек шапан жамылған Мағыш, өз шапанының астына сұңғақ бойы өзіне тең келген, талдырмаш Мәкенді тартты. Құшақтасқан екі қыз жай, баяу басып, жігіттермен қатар келе жатты.

Кейін ай туып, ымырт жабыла бастаған шақта, Мағышты Мәкеннен бөліп, Әбіш ертіп кеткен еді. Қастарында қалған Әлмағамбет пен және бір-екі қыз серіктерді әзіл-әңгімемен көңілдендіріп Дәрмен сейіл етіп жүрді. Осы кезде бұл жастар тобына қарай астындағы жерқылаң, жүрдек атын тебіне түсіп, омыраулай бастырып, бір жуан денелі, жасы үлкен кісі кеп тоқтай қалды.

Жігіттер берген сәлемді жөндеп алмастан, шоқша сақалды, зор мұрынды, қалың кеуделі жігіт қатаң үн қатты.

– Осында Мәкен бар ма? Анау тұрған Мәкенсің бе? Бері қарай бас, бері, маған бұр мойныңды! – деп әмір ете сөйледі.

Жаңағы сөздерінің арасын үзіп-үзіп айтқан шағында аңырып қалған жастар, әлі де таңдану үстінде болатын. Бірақ бәрі де мынау адамның қатқыл үні мен мінезін көріп, аңысын аңдады.

Мәкен бұл кісіні таниды екен. Баяу, салмақпен басып, оның қасына тақады.

– Бертаман жүр! Бас бері қарай! – деп тағы да әмір етіп, келген адам атының басын бұрып, Мәкенді оқшаулап апара жатты.

Сол келген салқын үнді, қатаң ажарлы жүргінші Мәкен басына әлек әкелген. Ол – Дайыр дейтін Мәкеннің әмеңгері. Қыздың әкесі Әзімнің тірі шағында Оразбай байдың жақын ағайыны осы Дайыр, өзінің кенже інісі Қайырға Мәкенді айттырған екен. Қазір бұған бес жыл мезгіл өткен. Одан бері Әзім қайтыс болып, Мәкен жетім қалды. Кедей шаруа боп шешесі басқарған үй-жайы шалдуарлыққа айналды. Енді қысқы соғым, жазғы сауын сияқтыны Мәкен үйі сол қайын жұрттан амалсыз алатын кіріптарлыққа түсті.

Мәкен Дайырдың інісін көрмесе де, тағдырына көндіккен. Сол белгісіз жар "қосағымын" деп бағына өскен. Бірақ былтыр бұған атастырған Қайыр, өзі құрбы жас, аттан жығылып қаза болды. Енді міне, жыл мезгілі толар-толмаста сол Қайырдың ағасы, қырықтан асқан жасы бар, үйінде аюдай қатыны бар мынау Дайыр Мәкен мен оның шешесіне суық сөз сала бастаған. Ақыл, кеңес емес, өтініш, тілек емес, бұйрық, байлау жолдаған.

"Інім өлсе, жесірім тірі, әмеңгері өзім бармын. Мәкенді өзім аламын. Осы жазда, не күзде ұзатуға қам-қарекет істесін!" – деген бұйрық жіберген-ді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий