Knigionline.co » Казахские книги » Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин

Книга «Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұрын біздің ел жаз жайлап отыратын «Сабырқожа» деген өзенге келдік. Соңғы жылдары «Сабырқожаға» біздің ел келе алмай кейін, Есен деген өзеннің бойында қалған екен. Сабырқожа мен Есеннің арасы (100) жүз шақырымдай. Арада, жолда, жол маңында ел сирек. Тек Сабырқожадан он бес, жиырма шақырымдай жерде, жолымызда «Құндызды» деген өзенде бір-екі ауыл бар. Одан шыққан соң он бес, жиырма шақырымдай жерде, «Шөптікөл», «Жаманкөл» деген көлдердің басында бір-екі ауыл бар. Одан шыққан соң жолда «Нұра» деген өзеннің бойында бір-екі поселке бар. Одан әрі біздің елге шейін ел жоқ. Жұрттың айтуынша елсізде жол тосқан жүргінші ұры көп. Қорқыныш. Бұл хабарларды әркімнен әр түрлі естіп, торы шолақ айғырды айдап күн еңкейген кезде Сабырқожа өзенінен өттік. Жөнімізде, өзеннің біз өткен жағында бір-екі ауыл отыр. Бай ауыл, ақ ауыл. Мал көп. Өзеннің бойында қалың көгалды бырт-бырт жұлып, пысқырып, қаптап қыбырлап құлалы жылқы жатыр. Ауылдардың сыртында қаптап, бырдай болып, ызыңдап, қалың ақтылы қой жатыр. Ауыл маңында сиыр, түйе, қара-құра көп. Ауыл бай, атақты ауыл. Заманында Ақмола уезін билеген аға сұлтан Құдайменде Қоңырқұлжа төренің баласы Жәңгір төренің аулы. Бергі ауыл Жәңгірдің өз аулы. Арғы қасындағы ауыл бір байлау төлеңгіттің аулы. Жәңгір аулында күмбездей үш ақ орда тұр. Шағаладай шаңқан ауылдың сыртында жекерек тағы бір аппақ үй тігіліп жатыр. Екі көзім ауыл мен малда. Біздің елмен жапсар отырса да бұрын Жәңгір аулын көрген жоқ едім. Бірақ Жәңгір аулы туралы көп әңгімелер естуші едім.

Біз Сабырқожа өзенінен өтіп бір өзекке түсіп, енді одан шыға келгенімізде алдымыздан қарсы, бір ат жетектеген салт атты жігіт шыға келді. Сақал-мұрт жоқ. Ашаң, аққұба жігіт тәуір киінген... Тани кеттім. Сәлемдестік. Жөн сұрасып, тұра қалдық. Мұқай сөйлесіп тұр. Танымаған адамша, мен жай ауылға қарап отырдым. Бұл жігіт осы елдің баласы еді. Аты Әуесқан, әкесі Ахметжан қожа. Әуесқан Ақмолада мен оқыған қалалық орыс школында оқыған еді. Менімен бір класта емес, кейінгі класта оқыған еді. Өзі 1916 жылғы қазақ көтерілісі кезінде «бір орысты өлтірді» деген жаламен бір қыс абақтыда отырып шыққан еді. Мұқаймен екеуі жөн сұрасып тұр. Жай, суық жүзбен бетіне қарадым. Әуесқан маған қадалып тұр екен. Мұқайға:

— Тоқа, Енең баласының қай ауылына бара жатыр едіңіз?—деді.

— Жәнібек ауылдарына, — деді Мұқай.

— Ол ауылдардың қайсысымен жегжат едіңіз?

Мұқай:

— Сейфолла деген кісі біздің жиен болушы еді, — деді. Мен тағы да Әуесқанның бетіне жай қарадым. Әуесқан енді маған өте қатты қадала қарады.

— Сіз осы Сәкеннің несісіз? — деді. Мен түсінбеген болып: «Сәкеніңіз кім?» — дедім. Әуесқан: «Кәдімгі Сейфолланың Сәкені... Садуақас...» — деді.

Мен аң-таң болғансып, аңырайып Мұқайға қарап: — Бұл кісінің Сәкені кім? — дедім.

Әуесқан жылдамдатып: «Ойбай, Сәкенді білмеуші ме едіңіздер. Сейфолланың Сәкен деген баласы бар еді ғой... Шіркін, кетті ғой!» — деп менің жайымды айтты.

Танытпай кететін болдық. Бірақ Әуесқанды қимадым. Ал қазақ жайы белгілі. Сырыңды досыңа айтсаң, досың өз досына айтады. Сөйтіп, сенің досыңа айтқан сырың елге жайылады. Сонда да Әуесқанмен сөйлескім келді.

Әуесқан: «Қайыр енді!» — деп қозғала берді.

— Сіздің атыңыз кім? — дедім.

Тағы да менің бетіме қадалып тұра қалып:

— Әуесқан,— деді.

— Мені танымадыңыз ба? — дедім.

Әуесқан аттан ұшып түсті. Жылап келіп, мені құшақтай алды. Арсалақтап балаша қуанып жатыр. Аттан түсіп көгалға отырдық. Көп сөйлесіп отырдық, көп хабар білдім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий