Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең

Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Трилогия Абдижамила Нурпеисова «Кровь и Пот» - это способ социального и психологического анализа, сплетение в две ткани одного каната. Автор повествует о стране народе, о его судьбе. Произволение в жанровом отношении не схоже ни с одним. Трилогия «Кровь и пот» состоит из романов: «Сумерки», «Свежесть», «Разруха». Название «говорит» о том, что мы мало встречаемся с Солнцем, светящим с потолка. Главный герой произведения постоянно томится, но в сердце его родной край занимает особое место. Любовь автора к своей культуре, природе, считывается в описании истории страны, песни Шалкара.

Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Үй іші қара кемпірдің қандай қатал мінезін де көтеріп үйренген-ді. Тек қолдағы баланың кішісі болғасын басқаларға қарағанда, қайта Айғанша еркелеу өссе де, анасы шын тіктелгенде бұ да жым болатын. Айғанша ас сұрап қыңқылдай бастаған балаларды бауырына қысып алды да, құлазыған үйде көз жасын күшпен тежеп булығып отырып қалды. Қалау қабағын қарс жауып, бірдеңе деп бұрқылдап отыр. Аузындағы астан қаққан анасына Төлеудің де атарға оғы жоқ. Ауру кемпірге бата алмаса да, ызасын кімнен аларын білмей, үй ішіндегі әлі жететін бала - шағаның қыбын бағып қапты.

Осы кезде есік ашылып, ішке Мөңке кірді. Қолында бір асым балық. Жағаға көшіп келгелі Төлеудің үйіне жиі қатынап, қамқорлық етіп жүрген-ді. Ол, әсіресе, қазіргідей қазан қайната алмай отырғанда бұларға қол ұшын беріп, жүдеу жандарды жарылқап тастайтын. Төлеу ұшып түрегелді:

− Төрге шық, Мөңке аға.

− Рахмет, шырағым. Осы арадан кетем. Шаруам бар...

Ой, тәйірі, шаруа қайда қашатын еді...

Қара кемпір мырс етті. Төлеу анасына ызалана қарады. Мөңке үй ішінен ештеңе байқамаған сыңай танытып:

− Төлеу шырағым, - деп әңгіме бастады, - балалы - шағалы жігіт көрінесің. Ұялма, бізден асымдық балық алып тұр.

− Рахмет, Мөңке аға. Әуелі Құдай, қалды өздеріңе сеніп отырмыз.

− Бізде қайбір бақ-дәулет асып - төгіліп жатыр?.. Тірлігің - теңіз.

– Құдай берген ырзық - несібе болғасын, барымызды бөле-жара көрейік деген ой ғой біздікі.

− Дұрыс қой... Құдайдан қайтсын. Өй, не қып отырсыңдар, қазан көтеріңдер!

Кенжекей маздатып от жақты. Жалпылдақ отын лезде тұтап қызыл ұшқын сіркіреп, сытыр-сытыр жанып ала жөнелді. Күні бойы көлеңке басып тұнжырап тұрған бұрыш -бұрыштарға лапылдап жанған жалпылдақ отынның сәулесі түсіп, үй ішіне қабақ жапқызбады. Сырқат кемпірден басқаның бәрі ентелеп қазанға жақындады. Қалау ғана қозғалған жоқ. Ін аузын баққан мысықтай беті буланған қазанға қыбыр етпей қарап қапты. Балық маңына біреу жақындай қалса, түсі бұзылып кетеді. Қазан қайнағалы Төлеу де мазасыз.

Сұр балықтың иісі шыққан кезде ол, әсіресе, шыдамынан айырылып:

─ Отты, отты молырақ сал, - деп Кенжекейдің жанын ала бастап еді. Қазанға ас әкеліп салатын азаматтың түрін ұнатпаған Мөңке:

− Әй, жарқыным, - деді ақырын, - келешекте қандай - қандай ойың бар?

− Ол жағын ойлағам жоқ, Мөңке аға...

− Сөз болғаныңа. Мына балалардың келешегін сен ойламағанда кім ойлайды?

− Бәсе десейші...

− Әй, апа, қойшы... сен тыныш отыршы! - Қара кемпір үндемеді, Төлеу тағы да үңіреңдеп қазанға бір, Кенжекейге бір қарады. Астан басқаның бәрін ұмытып, осы қазір ол қарт ана мен қарт балықшының жақтырмаған салқын назарын да сезбеді.

− Енді түсір, езіліп кетер.

− Жә, шырақ, - деді Мөңке, - қазандағы балық қайда қашар дейсің? Сен, кәне, ендігі тірліктің жайын ұқтыршы.

− Қайдан білейін... қолдағы бірлі - жарым қараның ағын ылаждамасақ...

− Жарайсың!.. Бұл араға түйенің түкке керегі жоқ.

− Неге?

− Теңіз жағасында отырған кісі бір- жар түйенің желінін тартып жүрек жалғай алмайды. Ал, теңізді саусаң, өзіңдей қайратты жігіт бір үйді асырайды.

Жаңа ғана жайраңдап отырған жігіт кенет жүні жығылып, сүмпиіп кетті.

─ Төлеу қарағым, қармақ жұтқан балықтай, кейін тарта берме. Үлкеннің тілін алатын бала болсаң, сен басқаны қой да, балыққа түс.

− Ей, балам, басыңды көтер! Мөңке ағаңның ақылын ал! Мынау жөн білген кісіге жалғыз түйесін беріп сатып алатын ақыл, - деді қара кемпір.

− Жоқты айтасың - ау... Балықты қалай аулаймын?

− Е, балық аулаған кісі сенен кем бе?

− Кем емес, әрине. Бірақ ол менің істемеген кәсібім ғой.

Мөңке күйіп кетті:

─ Баланың сөзін соқпа. Балықшы боп теңізде туған кісі жоқ. Ықылас қойса үйренбейтін несі бар?..

− Ықылас жоқ қой. Құрысын, қашанғы қақсай берейін, - деді кемпір, кем талап балаларынан қажығанын жасырмай күрсініп.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий