Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қойтекенің астында желқом, оның асты Торшолақ: қолында шығыршықты кендір қамшы: кигені шолақ қаудыр тон: аяғында шана бас шоқай. Көз барында түйенің қарасын көрейін деп, аяғын тыпырлатып, шолтаң еткізіп Торшолақты борбайға салып қалады. Торшолақ қырсаудың қырсауы: бит шаққан құрлы хабарына келмейді. Торшолақтың көрген қоқайы осы-ау!

«Ой жамандат! Ой ісік келгір!.. Құлағыңды... иттің малы!» деп, Қойтеке тістеніп, шапқа да, басқа да, мойынға да ұрады. Со кезде Торшолақ басын бір изеп, екі адымдай ғана бүлік-бүлік борсаңдайды да, жорғасынан жаңылып кеткен немеше, жалма-жан қыбыр аяңына қайта түседі. Қойтеке тағы ұрады, боқтайды, қарғайды, сілейді, жұлқынады, тыпырлайды. Торшолақ міз бақпайды. Жұлқына-жұлқына Қойтеке әбден терледі, қол, аяғы да талды, сонда да тыпырлауын қоймайды. Әлден уақытта бір дөңге шығып, көз ұшында бұлдыраған төрт-бес қараны көрді. Қас қарайып барады. Енді тезірек жетейін деп, Торшолақты тағы да басқа, кезге төпей бастады. Сол төпеудің үстінде кендір қамшының басы ұшып кетіп, сабы шолтаң ете түсті. Олай іздеді, бұлай іздеді. Шөптен айырғысыз кендір қайдан табылсын.

Кендір қамшы адыра қалған соң-ақ, Қойтеке мен Торшолақтың басына бір алуан жаңа дәуір туды. Бұл дәуір туысымен-ақ, Торшолақтың мерейі үстем бола бастады: қу шекесіне, жұқа шабына шылтыңдап маза бермейтін шыбыннан құтылды: шолақ саптың сіреу теріге былп еткенін бұйым көрсін бе! Бірақ бұл дәуір. Қойтекеге жайсыз келді: қажып қалған қары қатты ұруға жарамады; ұрғаны өтпеді. Торшолақ аянды азайтуға айналды. Мына қыбырмен жуырда анау бес қараға жете алмасын сезді. Қарғалап, зарлап, боқтап, кейіп, ақтық күшін жиып, қос тепекке салып тыпырлап көріп еді, Торшолақтан қайран болмады. Қойтекенің жүрегі өртеніп, күйіп, долданып, кейіп, еңіреп домалақ етті де, Торшолақты басқа бір салып қоя берді.

Қара түн жан-жағын қамап, жұтып қоятындай ұмтылып келе жатыр. Таулар бұлдырап барады. Айдалада жермен-жексен қыбыр-қыбыр етіп, домалаңдап Қойтеке келеді. Жүрісі өнбейді: қайбір борбайы ұзын кісі. Тойталандаған шоқай етік кекжиіп кейін тартады: томаршаға бұлтылдап тайғанай береді. Сонда да ентелеп, ентігіп, жанұшырып, тырбаңдауын қоймайды. Тер пұшпағынан ақты. Жыртық милық, жалбыр тымағын қолына алды: жаман тонның белін шешті. А дегенде бойы әнтек сейілген тәрізденсе де, аздан соң шекесіне қыл бұрау салған адамдай, басы тарыла бастады. Тер қатқанын біліп, жаман тымағын жалп еткізіп қайта киді.

Не дегенмен жанды қарға ғой, борбайы тырбыңдап, жер кенеше қыбырлап келеді. Бір игі жері: алыс, жақынды көп кезіп, тырбық борбайы жер мөлшерін алған ғой: алғашқы бетінен адасқан жоқ. Әлден уақытта серейген мойнақтарды көзі шалды. Келе: «Шөк былай, ақ шелек!» деп, шырылдап, айғайды салды. Түйелер: «Сен қайдан келіп қалдың?» дегендей, әуелі аңтарылып, бір қарады да жаяу Қойтеке екенін көрген соң, «Быж-ыж!» деп мазақтаған немеше мойындарын қақырайтып, көрмегенсіп, қырындап жайыла берді. Әйткенмен тырбыңдаған Қойтекенің шолақ ағашы тірсектеріне тықылдай бастаған соң, түйелер елейін деді: айдаған жағына ығыса берді. Бір жаман жері: ішінде бас білгі түйе жоқ екен. Мойнақ ит қайбір жөнге жүрген: бірін қайырса, бірі теріс лағып, сілесін әбден қатырды. Қайырған сайын қарғайды: «Жау алғыр, иттің малы!» деп қояды. Түйелерге «Қарағым!» дегенмен бір есеп.

Тойталаңдап, алас ұрып жүргенде, өкшесі даладай боп қажалып қалған екен: қаны сорғалап, майы шығып ауырып жүргізбеді. Жерде қарбық қар, түн жалтыр, шытқыл еді. Амал жоқ, шоқай етігін қолтығына қысып, жаяу жүгірді. Әудем жерге бармай-ақ мұзға тыққандай аяғы ағаш боп қатып қалды. Аяғы мұздаған соң, бойы жаурады... Тісіне тісі сақылдап, дірілдеп, қалшылдап, өлдім-талдым дегенде, түйелерді айдап ауылға келді. Келе мұрттай ұшып, ас үйдегі жаман жабудың арасына кірді...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий