Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әбен ауылы Алтайдың бір шұрай қойнауында. Былқылдақ бұлақ. Бұлақ бойы тал. Сырты — орманды, ақбарлы заңғар тау, алды бұйрат. Бұйрат ішінде қамысты көл. Бұлақтан өте берістегі ұзын қора Әбендікі. Анау таудың ет бауырындағы жеке қора әкесімен туысқан Сатай қажынікі.

Мамырбай ақсақал бұлақтан өтіп, қораның ығындағы тармақ діңгекке таман келе жатыр.

Арты тұтас, алды ашық, жарыса созылған екі ұзын қора. Ортасы — беті ашық аран. Бұл аранға бес-алты жүз жылқы сыйып кетеді. Теріскейдегі ұзын қораның күңгей беті жағалай есік, мұның бәрі қойға, түйеге, сиырға, ботаға, тайыншаға арнап соғылған бөлек-бөлек мал қора. Анау артқы көлденең өңшең ат қора. Күнгейдегі ұзын қора байдың үйлері: өзі отыратыны бір басқа, екі қатынның үйі екі басқа, баласының отауы, қонақ үй, малшылардың үйі, шошала, еттік, астықхана...

Қораның төңірегі тап-таза. Аранның түкпірінде буы бұрқырап екі құр ат суып тұр.

Ақсақал аттарын діңгекке байлатып етегін қамшымен бір қағып, қақырынып, теріскей жақтағы кішкене есіктен байдың қорасына кірді. Қадалары бір-бір кісідей, көш құлаш дөңбекпен, сыпсың шырышпен жабылған бүп-бүтін, оқтай, заңғар қораға кіріп келгенде, не дәуір-ақ денелі ақсақал баладай боп кетті. Өмірі мұндай қораға кіріп көрмеген Ұлтарақтың көзі бажырайып, аузы аңқиып қалды. Толып жатқан есіктің қайсысына кірерін білмей, аңырып тұрғанда, бір есіктен оңтайлы аттай даяршы жігіт шыға келіп, сәлем беріп, қонақ үйге бастады. Сықырлаған жаңа есіктің тақтай табалдырығын аттап, қонақтар үйге кірді. Ақсақал сәкі тақтайға отырар-отырмаста даяршы жып етіп етігін тартты. Ұлтарақ қолбаңдап жете алмай қалды. Етік қоятын жері де бөлме тақтайлы қабырғадан шығарған шкаф екен. Үйдің асты тақтай: төбесін қолдың саласындай мүсін шырыппен ит арқалау қыла жауып, ақпен сылап тастапты. Кіре беріс жер аласа, құр тақтай, одан арғы жер төрдегі үлкен әйнектерге шейін, киіз, алаша, көрпе, бөстек төсеулі биіктеу сәкі. Екі әйнектің арасында жоғарыда желдеткіш шырылдап ән сап тұр. Ұлтарақ тиірмен бе деп ойлады. Бұрыштағы карнезді нар пештің қуысында қаз мойын жез шәугім; пештің алдында үлкен жез шылапшын. Төрдегі көлденең сырықта қызыл ала тек жайнамаз, екі сүлгі. Осы секілді үш қонақ үйдің ортадағысына Мамырбай ақсақал келіп отырды. Оң жақтағы үйде қонақтары бар екен: күбірлеген дауыс естіледі.

Қас қарайған кез еді: даяршы жігіт жетілік лампыны жағып, қайыңның безінен нақыстап істеген үш сирақты күрсіге орнатып, ортаға қойды. Біраздан кейін даяршы кіріп:

— Бай келе жатыр,— деді.

Ақсақал өңірін жиып, қобдиланып, тамағын кенеп, ұлық келе жатқандай шалқайыңқырап, сіресіп қалды. Бай келді. Ақсақал ұшып түрегеліп, қол қусырып сәлем берді. Бай даусын әрең шығарып әлік алды.

«Жарықтық» әлі қартайған жоқ екен. Без белді қара бүркіттей, айыр сақал, қылыш мұрт, қабақты, қасты, мұрынды, айбынды, арғымақ, ақсары кісі; келбеті бұрынғының батырындай. Байдың қасында Мамырбай ақсақал емес, қарын тұғыршық тәрізденіп кетті. Бай түрегеп тұрып даяршыға аятын ұсынды. Даяршы мысықша жып етіп, етігін еппен суырып, тері шалбарының құрысқан балағын жазды. Мамырбай ақсақал екі қолын ұсынғанда, бай бір-ақ қолын берді де, тіп-тік болып, қара ешкі терісі бөстегіне келіп отырды.

— Шаруалар амандық па? — деп келте ғана амандасты. Ақсақал байдың күйі-жайын, ауыл-аймағын да қазып, амандық сұрағанда, бай:

— Аман,— деп бір-ақ peт жауап берді. Аз тым-тырыстан кейін: — Сапар оңғарылсын!— деді.

— Әлей болсын! — деп ақсақал қаутаңдады.

— Ана үйдегі кісілерді мұнда келтірші!— деп, бай даяршыны жұмсады.

Деуі-ақ мұң екен — төрт-бес кісі жетіп келді. Бай:

— Сіз берірек...— деген сөзінен ақсақал қадірлі қонақ өзі екенін сезіп, мардамсып қалды.

О келген қонақтардың ішіндегі сорпаға шығары: Иманбай би, Әлдекей, Мүсірәлі екен: қалған екеуі солардың жолдасы. Бұлар сол ретімен ақсақалға таяу жерден орын алды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий