Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қонақтар амандасып, жайланған кезде үлкен көк дастарқан жайылып, бауырсақ шөмеле боп төгіліп, ақ тарелкамен екі жерден сары май қойылып, сары бие самаурын күжілдеп үйге кірді. Самаурынның екі жағындағы екі епті даяршы қара ботносқа қызыл кәрлен шыны-аяқтарды қатарлап тізіп шәй құюға кірісті. Шәй құюы да тәртіп: бірде-бірінің аяғын ауыстырмайды, ілгерілі-кейінді құймайды, ернеуінен асырмайды, бірін-біріне соғыстырмайды, әккі дүкеншілердей қолы-қолына жұқпайды. Төрдегілердің шәйі күрең, қаймағы кесек боп құйылады: Мүсірәліден төмен кеткен соң, шәйі көгілдірленіп, ар жағынан Семей көріне бастайды. Май да, бауырсақ ұйтқысы да ақсақалдың алдында, төменгі жаққа шашырандысы барып жатыр. Біздің Ұлтарақтар шетке шыққан бауырсақты қасқырша қақши берген соң, бай:

— Ана жаққа бауырсақ жіберші,— деді.

Мамырбай ақсақал: «Бауырсақты үркітіп отырған сен бе?» дегендей жолдасына зілді көзімен бір қарап қойды. Бытырап жайылған тоқтыларға содан кейін азырақ құт қонайын деді.

Шәй үстінде пәлендей сөз бола қойған жоқ. Ақсақал сегіз бүктеулі орамалын суырып, мандайын сипай түсіп отырғанда, бай шыны-аяғын төңкерді. Кейін қалса, айып төлейтіннен жаман өзгелері де төңкере бастады.

Шәй жиылды. Байдың малдасын құрып отырғанын көріп, бір адам аяғын көсілген жоқ. Әлдекей өзіне-өзі келіп, қара шақшасын суырды. Бай ым қақты. Топырақ салған, қалақшалы кішкене шылапшын Әлдекейдің алдына жетіп келді. Сондай бір шылапшынды өз алдына қойып, түкіріп отырды. Оны көрген Ұлтарақтар қалай болса солай былш еткізуді доғарып, қақырғысы келсе, тысқа шығатын болды.

Әлдекей қаз мойынды баяғы қағысына салды. Мүсірәлі құс көрген қаршығаша қобдиланып, алақанын жайып еді. Әлдекей бетіне ажырая қарап, басын шайқап, шақшасын тұтамдап отырып алды. Алақаны жаюлы қалған соң, Мүсірәлі ұялыңқырап:

— Кішкене, кішкене...— деді.

— Өзіңдікін атсайшы,— деп Әлдекей қырын қаранды.

— Әкел бері,— деп, Мүсірәлі омыраулап, тізеден тартты.

— Болмайды,— деп Әлдекей оны елең қылмай, жәйімен түкіріне берді.

Со кезде бай жымиып, Әлдекейге қарап:

— Мүсірәлі саған неге жабыса береді? — деуі-ақ мұң екен, Әлдекей қоқайланып:

— Білмеймін осы иттің маған не ғып үйір боп жүргені!— деп, бір жымиып алды.

Мүсірәлі Әлдекеймен құрдас еді; әзілге доғал болған соң, Әлдекей оның иығынан түспеуші еді. Бай сонысын біліп, әлгі ишарасы: «Тағы бір қолға ал!» дегені еді, байдың мұнысын сезген соң, Әлдекей ұзын кеңірдегін созып:

— Баяғыда осы Мүсірәлі Шаян ноғайдың бақалын қыдыртып жүр еді...— деген кезде-ақ, отырған жұрт жымыңдап, күлуге ыңғайлана бастады,— бұл онда Бөкетпен құда ғой, Бөкет бір тілді адам еді. Сонда Мүсірәлі қалмақшы Исабаймен оңаша сөйлесе беріпті. «Құдаңыз сізді керек қылмай кетті-ау» деп жұрт Бөкетке, қалжыңдаса керек. Сонда насыбайын атып болып, Бөкет айтқан екен: «Батыр мен батыр — маңайласқан жауда бас қосады: шешен мен шешен — таңдайласқан дауда бас қосады; молда мен молда жайнамазда бас қосады; ит пен ит — жер ошақта бас қосады. Анау қалмақшының иті, мынау қасқыр тымақтың иті. Екі иттің бас қосқан жері осы болды ғой»— деген екен...

Жұрт ду күлді. Мүсірәлі қызарақтап:

— Уа, шіркін-ай, уа шіркін-ай!.. Қашан сүй деп... Өзің кім едің?..— деп келе жатқанда, Әлдекей тағы киіп әкетті:

— Тәнті мырзаның аузынан жалыны шығып тұрған кезі. Біздің Сәрсекеңе қырындап жүрсе керек. Қозыкеге келіп түсіпті. Қозыке: Сәрсекең алдына жай, Сәрсекең алдына жай!— дей берсе керек. Сонда Тәнті мырза дастарқанды серпіп жіберіпті. Жұрт аңтарылып отырып қапты. Омарәлі ділмар адам екен: сөзді со кісі бастапты:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий