Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қарқындары басылған соң, қатындар тарай бастады. Төрт-бес еркек, бірді-екілі қатын қалды. Үйлеріне қайтқан қатындар жаңа бәйбішені сынап, сөйлесіп бара жатты.

Біреуі:

— Кәпірдің тікірейген көзі жаман екен: оңдырмас,— деп; Енді бірі:

— Ерні қаймыжықтай екен: сөзге соққан шығар,— деп;

Тағы бірі:

— Қабағы қаймақтай боп, танауы делдиіп тұр екен: дәу де болса, долы шығар...— десті.

Бәйбіше марқұмға салыстырғанда:.

— Қайдағы!.. Басқан ізінен садаға кетсін,— деді. «Балаларға қалай болар екен?»— деген сұрауға:

— Ай, мынау шеше болып жарытпас. Қатытез тұсақша бедірейіп тұр екен,— десті.

Өрікті қадірлеп, ешкім еріп келмегені де қатындарға сөкетті көрінді.

— Соқа басын сопитып қоя бергені несі!— деп тамсанысты...

Ұрқия тоқалға шәй әперіп отырып, байқастады. Өрік түк қымсынбастан тізесін шошайтып, жұртқа қарсы қарап, шалқайып отырып шәй ішті. Ұрқияға онысы ұнамады: «Жаңа түскен кісі тым болмаса қырындап отырсайшы!» деген ой келді. Өріктің байы өлген жесір қатын екені, екі баласы онда қалғанын ұмытып кетті. Жаңа түскен әйел баяғы өзіне ұқсап, сызылып, ұялып тұру керек деп шамалады.

Ac ішіп, жұрт тараған соң, қатындар төргі үйге төсек салуға кірісті. Кекселеу қатын бәйбішенің құс төсегін көпіртіп, алақанымен шартылдатып, байдың орнына салды. Оны көргенде, Ақбілектің іші қазандай қайнады. «Есіл апасының қасиетті орнына әлде кімнің жаман қатыны шынымен жатқаны ма?! Апасының аруағын қорлады ғой, аяқ асты етті ғой!». Мана, алғаш көргенде-ақ, денесі жиіркеніп еді, енді апасының төсегіне жататынын көргенде, бұл бөтен қатын Ақбілектің асыл нәрсесіне озбырлық қылғалы, бірдеңесін ұрлағалы келгендей көрінді; өзіне де, осы үйге де оны жау деп түсінді. Бұрын төргі үйге жататын Ақбілек, бөтен қатын келген соң, екі бауырын алып, ауыз үйге жатты. Бөтен қатын келе, бәрін айдап шығып, әкесін жеке иемденіп кеткені де Ақбілекке ауыр тиді; әкесінен біржола айырылғандай көрді.

Көпке дейін Ақбілектің көзі ілінбеді. Төргі үйдегі әкесінің сыбдыры тоң жермен жүрген аттың дүбіріндей естіліп жатыр. Үлкен кісінің ебі де кетіп қалады екен. Әкесінің дем алғаны, жөтелгені, қатынның шылапшын салдыратқаны, судың сарылдағаны, бәрі сайрап тұр. Естімейін деп көрпемен басын оранып біраз жатып еді; оған да болмады. Бұрын апасы барда мұның бірде-бірін құлағы естімеуші еді. Енді өзі де қатын боп қалғандікі ме, немене — әйтеуір құлағын салмайын десе де, еріксіз сала береді. Бұрын әкесін әке деп ойлаушы еді. Енді әкесі жұрт көзінше биеге оқыранған айғыр тәрізді көрінді. Әкесін ұятсыз, жаман адам көріп, жиренді... сүйтіп жатқанда, қара мұртпен, Бекболатпен бірге жатқан, құшақтасқан... күндер көзіне елестеп, өз көңілі де еркекті тіледі... Әкесін мына бөтен қатынға қызғанған тәрізденді. Адам есіне келмейтін, жаман-жаман былғанып, жиреніш ойлар басына келіп, енді өзінен өзі жиреніп, дөңбекшіп, қайтерін білмеді. Мұндай жаман ойды ойлауға кім, не себеп болғанын да біле алмады... Қалайда жүрегі дүпілдеп, басы айналып, тұншығып, пысынап, кеп азап тартып жатып, әбден талған кезде көзі ілінді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий