Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әнеугі ұрыстан кейін, Өрік Ақбілекті ықтатып алуға бел байлап еді. Шам сөнсе, Өрік сыбыр-сыбыр етіп, ақсақал: — е, е — дей беруші еді. Сол сыбырдың көбі Ақбілек болады екен. «Қызың мені кісі құрлы көрмейді; ас-судың билігін маған беретін емес... Балаларды азғырып маған жау қып қойды... Пәлен жерде пәлен етті...» — деп, өтірікті шындай қып, құлағына оқи береді екен. Алғашқы кезде ақсақал: «Қой!.. Бала боп па?., үйтпес... есі бар ғой...» десе де, күнде оқи берген соң еңбек қой: «Осы қатын неге айта береді?.. Әлде, рас та шығар...» деген күдік бірте-бірте пайда болды...

Дала меңіреу ақ кебін. Біресе, жел ысқырып, боран соғады: біресе, сақылдаған сары аяз болады; біресе, шашағы салбыраған бозғыл тұман басады. Қорадан шыққан сиырдың бақайы сытыр-сытыр етеді. Етіктің шақырына есік үн қосады; есік ашылса, екі арба аяз үйге кіреді. Тысқа шыққан қара сақал демде кәртейіп, сақал-мұрты аппақ болады. Қатын-бала жылы үйден шықпайды; қатынас сирейді. Еркек малмен әлек. Кәрлі қыс ақала бас бурадай басып адамның қырыс-тырысын жаздырмайды. Адам бірінен-бірі қыстың кегін алатындай, қырғи қабақ боп, тоңырайсып отырады.

Қыстың сондай тарқама, шау, тымырсық күндерінде әйелдер бірін-бірі аңдысып, қылп еткенді қылға тізіп, өсектеп, ұрыс-қағыспен күн өткізеді. Өрік өсекші қатындарды бауырына тартып, береген кісісі болды. Жар дегенде Өрік Ұрқиямен ұстасты: Ақбілекті азғырып, өзіне қаршыға қып салатын Ұрқия деп ұқты; Ұрқия келсе, бас терісі аузына түсіп, кірпідей жиырылды. Пәле іздеген кісіге сылтау табылмай тұра ма, бір күні Ұрқияға: «Қу бас қаншық! Келме үйіме, маңымнан көш жер аулақ жүр!» деп, жерден алып, жерден салып айдап шықты. Ұрқия да тоқалдың мінездерін ауыл үйге сөйлеп, өзіне тілеулестер тапты. Сүйтіп Мамырбай ауылы екі ұдай партия болды. Бір жағы Өрік бастаған көршілердің қатыны: екінші жағы Ұрқия, Ақбілек бастатқан ауылдың көпшілігі. Ақсақалдікінен ішіп-жейтіні бар, кедейлердің қатыны Өрікке ауды; өз ораза ашары өзінде, кісіге жалынышты еместері Ұрқия мен Ақбілек жаққа шықты. Партия болған соң, біреуді біреу аяй ма: бірін-бірі мұқатуға өтірікті, өсекті өрбіте берді. Кімнің не міні, не жамандығы бар, — бәрі де терілді, қазылды. Талай жасырын нәрселер жарыққа шықты. Осы қазбалаудың, аңдысудың салдарынан Ақбілектің екіқабат екені де мәлім болды.

Бұ хабарды естігенде, Өрік өлген байы тіріліп, екі баласы қолына тигендей қуанды. Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді. Қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді.

«Ақбілек екіқабат» деген сезді құлағы шалғанда, Өрік:

— Ә!.. Шешесінің күйігі екен десем, уһілеп жата беретіні... Камзолының түймесін салмайтыны, шапанын арқасынан тастамайтыны — сол екен ғой,— деді.

Содан кейін Өрік бір талайға дейін Ақбілекпен араздығын ұмытқан кісідей, сөйлесіп, жылы ұшырап, жылмыңдай қалды. Неге бүйтіп жүргенін Ақбілек түсіне алмады.

Бір күні Ақбілек тысқа шыққалы түрегеліп еді, Өрік қамқорсып:

— Ішіңе жел қарысар, түймеңді салып шықсайшы!— деді.

Шын екенін, аярлық екенін біле алмай, Ақбілек күдіктеніп, кірпігін мұңая бір қағып, үндемей шығып кетті.

Тағы бір күн Өрік әбдіре ақтарып, төрт кез сантон тауып алып, Ақбілекпен ақылдасқан боп, өзіне қынама пішті. Өз камзолын ұнатпай, Ақбілектің камзолына салып пішуді қалап:

— Қарағым, сенің камзолың маған шақ болар. Белінің қиғанын көрейін: түймеңді салшы! — деді. Енді аярлық екенін Ақбілек сезді:

— Мен киюші ме едім? Өлшесең, өз бойыңа өлшей бер!— деп камзолын шешіп лақтырып жіберді.

Өрік әлі де көзі жетпегендей, таңертең Ақбілек ұйықтап жатқанда, ақырын барып, көрпесін ашып қарады; ішіне суық қол тигенде Ақбілек шошып оянып:

— Ә, ә... немене... бұ кім?!— деп еді, Өрік:

— Көрпең ашылып қалғанға жауып жатырмын,— деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий