Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әділетті үкіміңнен айналайын-ай, құдіретті хан иеміз! — деп анандай жерде тұрған Божбан ақсақалдары, маңыраған қойдай, шуласа баталарын берді.

«Бес адамын ат құйрығына байлағанымды көрген соң бұлар маған баталарын беріп жатыр, — деді Абылай ішінен, — жазаламай бәрін бірдей кеше босатып жібергенімде, бүгін бұл алғыс болмас еді!».

Кенет Абылай «Жаныбек! Қаныбек!» деген сыбырлай шыққан үн естіді. Бұрылып еді, кетіп бара жатқан жігіттердің ішінен өзінің екі ағасын шақырып тұрған Қоңырат аруын көрді Екі ағасы қыздың жанына келді. Әлденені сұрады. Содан кейін екеуі үйлеріне қарай жүгіре жөнелді.

«Осы екеуін бекер босаттым-ау», — деп ойлады Абылай тағы да, бірақ сол сәтте-ақ оларды есінен шығарды. Тек бір жеті өткеннен кейін ғана, біреуге істеген жамандықтың жойылмайтынына, қанды кектің бәрібір жүрек түбінде сақталатынына көзі жетті.

Абылайдың газауат ұранына қосылмағанын пайдаланып, Қоқан әміршілері оны біржолата құртпақ еді. Олар бүкіл мұсылман қауымына: «кімде-кім Абылайға жәрдем беруді ойласа, оны алла тағаланың қарғысы атсын» деп жар салды. Бірақ діни дәстүрге онша берік емес қазақ даласы бұған мән берген жоқ, өйткені бұл ежелден келе жатқан өзінің әдет-ғұрпы бар ел. Дінді қорғаудан көрі, жерін қорғау ата-бабадан қалған мирас. Осы дала заңына салып, Самарқант, Хиуа, Бұхар, Қоқандардың мың сан минареттерінен қазақ ханына «лағнат» айтып жатқандарына қарамай, Ұлы жүздің көп руларының жігіттері Абылайдың ақ туының астына жиналды.

— Әй, Тұрымтай шабарман! — деді Абылай дауысын көтеріп.

Шабармандардың ішіндегі ең пысық, жарқын жүзді бала жігіт ханның жанына жетіп келді.

— Не айтасыз, алдияр?

— Жалайыр ауылдарына қайтадан шап. Тезірек жетсін де. Егер дер кездерінде келмесе, Қоқан ұрысынан кейін, Қоқанға туған кеп, Жалайыр билерінің де басына туып жүрмесін! Соны ескерт!

— Ал егер жауап қайырмаса ше?

— Мә, менің қамшым... Жауап қайырмайтын болса алдарына таста да, өзің кейін шап!

Шабарман үйден ата жөнелді.

Кең дала сойыл ұстаған салт аттыларға тола бастады. Қазықұрт тауының басынан кемінде он шақырымдай жер ап-айқын көрінеді. Абылай әлсін-әлсін батыс жаққа көз тастап қояды. Біреуді сабырсыздана күткендей. Ханның неге осынша тыпыршып тұрғаны жанындағы серіктеріне де аян. Хан Бұқар жыраудың келуін күткен еді. Бұл күнде әбден қартайған Бұқар жырау бұрынды-соңды қазақ көрмеген қызық адам еді. Өткір тілі, алғыр ойы үшін, оның иығына талай рет мауыты шапандар жабылған. Бірақ жырау оларды жанындағы серіктеріне тартып, өзі көнетоз шидем шекпенімен қалатын. Ал қыс болса киері — түйе жүн қалың күпі, тозығы жетіп қалған қарсақ тымақ. Кейде жорыққа мінетін аты да болмай қалады. Сөйтсе де, Бұқар жырау келіп түскен ауыл қызық-думанға бататын. Үлкені мен кішісі тік тұрып күтетін.

Осы кәрі бүркіттей тұғырда отырып қалған қарт жырау хан кемшілігін жұрт көзінше батыра айтқанменен, Абылайдың негізгі істерін қолдайтын, оны жұртқа жеткізетін жаршысы болатын! Бірақ, соңғы жылдары әйгілі жырау Абылайдың қатыгездік, жан шошырлық көп ісінен көңілі қалып, хан қиянатын ашық айта бастаған. Бұрынғыдай емес, хан ордасына да сирек көрінуге айналған. Жыраудың бұл қылықтары Абылайдың көңілін бөле беруші еді. Бұқар кедей болғанменен, сол кедей қалың бұқараға жұмсайтын құралы екенін хан жақсы түсінетін. Ал хан қанша айбарлы, қаһарлы көрінгенмен сол кедейлерсіз, «импрамсыз» ойлаған ісінің бірде-бірін орындай алмайтыны тағы оған мәлім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий