Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Маған арналған өтінішің болса, күндіз айтарсың, — деді де адуындай басып, күміс сапты қылышын сүйрете ақбоз үйден шығып кетті.

— «Аттан» салған кімдер? Қайдағы жау? — деді ол орда алдында тұрған топ жігітке. Күзет бастығы баяғы Батыр Баянның сүйегін алып шыққан қара сұр жігіт, қазір ақ түсе бастаған қою келте сақалын бір сипады да:

— Әзір белгісіз, хан ием, — деді сол алға шығып, — «Аттан» салған жігіттерді ауыл сыртындағы күзет тоқтатқан тәрізді. Дәу де болса, мына келе жатқан солар-ақ шығар.

Дабырласа сөйлескен бір топ жігіт орда тұсына келіп те қалды. Күзетшілер жанында тұрған Абылайды көріп, ұзын сары шабарман иіліп сәлем берді.

— Алдияр тақсыр, жаман хабармен келіп тұрмыз, — деді.

— Қандай хабар? Айт!

— Орта жүз бен Кіші жүздің әскерлерін елдеріне қайтарып жібергеніңізді естіп, Қоқан ханы Әлім атқа қоныпты. Қоқан, Әндижан, Маргелан, Наманган бойын қойып, Ташкент маңындағы кешегі өзіңізді жақтаған Шанышқылы мен Қаңлы тайпалары тайлы-тайлағына дейін қалмай, соларға еріп келеді.

— Қанша найзасы бар?

— Алпыс мыңнан асар...

Телікөлдің жағасында қазақ еліне хан сайланғаннан кейін үш жүздің елу мыңнан астам әскерін бастап Абылай Қоқанға қарсы жорыққа аттанған. Он күн жан аяспас ұрыстан кейін Нұрбота бидің баласы Қоқан әміршісі Әлім ханның әскерін күйрете жеңген. «Ақтабан шұбырындыдан» бастап, кеше ғана Қытай боғдыхандарымен соғысқан аласапыран кездерде Қоқан хандығына қарап кеткен қазақ руларын бостан еткен. Осы жорықтың нәтижесінде Сырдария бойындағы Түркістан, Сайрам, Шымкент, тағы басқа қалалар қайтадан қазақтардың қолына өткен. Ташкент алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болған. Бұнымен қатар бұрын Ташкент хакіміне зекет, гараж төлеп тұратын Шу мен Талас өзендерінің бойындағы және Қаратау қойнауындағы Қоңырат, Дулат, Жалайыр, Суан рулары алым-салықтан мүлдем босатылған. Ал Ташкент пен Әндижанның аралығында көшіп жүретін Ұлы жүздің Шанышқылы, Қаңлы рулары көптен бері сол араларды жайлайтындықтарынан өз қоныстарында, Ташкент құшбегінің қарамағында қалған. Әйткенмен, Абылайдың қамшысы батып кеткен бұл елдердің арасында қазақ ханына деген наразылық та басыла қоймаған. Сондай наразылықтың бірін Абылай кеше ғана осы арада қан-жоса етіп басқан.

Ақыры өзіне тиімді бітімге қолы жеткен Абылай «енді ұрыс жоқ, ел іргесі қоныс тапты», деп әскерінің негізгі жауынгер күші болған Орта жүз жасағы мен Кіші жүзден келген қолды тегіс елдеріне — Арқа мен Жайыққа қайтарып жіберген. Абылайдың қасында ханның өз гвардиясы есепті мың қаралы төлеңгіт пен Дулат, Жалайыр, Албан, Суан руларынан құралған бір санға жуық әскерлері ғана қалған.

«Үлкен Орда» ханының тек өз әскерімен қалғанын білген және Ұлы жүздің жігіттері Абылай жағына мүлдем шыға қоймас деп үміттенген Қоқанның жас ханы Әлім дереу бас көтерген. Ташкентті алып, содан кейін Түркістанды да өзіне қаратпақ боп жорыққа шыққан.

Жағатай ұлысына қараған үш жүз жылдан бері Жетісу өңіріне жан бастырмай келген, ерлігі бүкіл Шығыс еліне аян Дулат, Жалайыр Қаңлы, Шанышқылы, Албан, Бестаңбалы руларын да Абылай өзімен бір болады деп ойлаған. Сыр бойын Қоңырат, Қыпшақ, Табындар қандай қорғаса, Ұлы жүздің жігіттері де өз ата мекен жерін сондай қорғайды деп сенген. Ал кенет Қаңлы мен Шанышқылы руларының қоқандықтардың азғырғанына ергені, оған Қоңыраттың да делебесі қоза бастағаны ханды қатты ренжітті.

Ташкент төлейтін алым-салықты Қоқан ханы сол маңдағы Қаңлы мен Шанышқылының мойнына салған. Және Ташкент құшбегі өз тарапынан бұл елдерге зекет, гараж мөлшерін көбейткен. Жұртқа осының бәрі Абылайға бағынудың салдары деп түсіндірген. Халықтың ереуілге шығуына осылар себеп.

— Бүлікшілер қай тұста жиналып жатыр?

— Шыршық өзенінің бергі қабағында.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий