Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абылай ордасын жақында Бадам мен Арыс өзені түйіскен тұстағы Бөрітас деген жерге қондырған. Қазықұрттан бұл ара елу, Түркістаннан жүз шақырымдай жерде. Мұнда келген ойы Арыс бойын мекендеген Қоңырат пен Бадам өзенін жайлаған Шанышқылы, Қаңлы руларымен белдесе жақындасу еді.

— Ә... әлі көш жерде екен ғой, — деді хан, — Ташкенттен кейін олар Түркістанға қарай шығады ғой, оған жеткенше, біз де етек-жеңімізді жиып болармыз. — Абылай уақыт мөлшерін білу үшін аспанға қарады. Таң жұлдызы туып қалған екен. Аспандағы таң жұлдызы, жаңа өзі шығып кеткенде есік алдында қалған екінші таң жұлдызын есіне түсірді. Ол бұйыра сөйледі.

— Қазір Сіргелі Елшібек батырға, Дулаттың қос бөрісі Бөкен мен Сағырға хабар беріңдер. Бар қолдарымен осы Қазықұрттың етегіне тез жетсін. Албан менен Суанға да, жақын жатқан Бестаңбалыға да, бергі етектегі Жалайыр батырларына ат шаптырыңдар. Бәрі осы Қазықұрт маңына жиналсын!

— Құп, болады! — деді бас шабарман.

— Сәскеге дейін өзіміздің жігіттер де алдаспанын қайрап, дайын тұрсын! Жыланды үш кессе де кесірткелік күші бар. Қазақ әскерінің үш бөлігінің бір бөлігімен-ақ, құдай бұйыртса, Қоқанның қорқау қасқырының кеңірдегін жұлып алармыз!...

Ол қайтадан Ақ Ордаға кіріп кетті. Енді шешінген жоқ. Қылышын былай қойып, белбеуін босатты да, жүкке сүйеніп, көзін жұмды. Оң жағындағы төсектен жас сұлудың өксігін баса алмай, булыға жылағаны естілді... Жаны жай тапқандай, Абылай тағы езу тартты.

О, тағдыр!.. Расында да тағдыр — өзінің ақ бурасы шығар. Міне, қазіргі киесі — екінші ақ бура. Ең алғашқысы қартайып әбден жүдеп бір күні өзінен өзі мүлдем жоқ боп кетті, ал мынау өзгесі... «Хан киесі — осы ақ бура» бүгін тым көңілсіз еді... Мынау бүлік соған көрінді ме екен?

Рас, Абылайды қатыгез, тас бауыр дейтіндер көп. Бірақ осы «қатыгез» Абылайдың тұсында ешкім де қазақ елін кейін кетті дей алмайды. Қоқан хандығына желке жүнін үдірейте көрсетіп, айдаһар мен арыстанның аузынан ебін тауып құтылып, көкжал Абылай аман-есен өмір сүріп келе жатқан жоқ па? Ал бұның темір тегеурініне шыдай алмай, кей ру беті ауған жағына қашқысы келсе — оның да себебі бар. Абылайға бір тайпаның көрген зәбірінен, бар қазақты шашау шығармай ұстау қымбат.

Алтынемел айқасынан кейін ол өзінің ағасы Жолбарысты қытай боғдыханына жіберген. Бұл кезде қытай әміршілерінің арасында өзара қырғын, бақ таластық күрестер қатты жүріп жатыр еді. Абылай келіссөзге дәл осы тұс дұрыс деп тапқан. Қытай императоры Хун Ли өзіне қарсы бас көтеріп, күнде жанжал шығарып отырған Шыңжаң қазағы мен ұйғырына қазақ елі қосылып кетпесін деп қауіптеніп, қазақ ханының елшісін сый-сияпатпен қарсы алған. Абылайға князь деген ат беріп, құндыз ішік, жібек кілем тәрізді көптеген тарту-таралғыларын жіберген. Осы берілген көп сыйлықтың ішінде сол жылғы қытай календарь да бар еді. Бұны қытай императоры, тек өздерінің мәдениетінің үлгісі ретінде ғана емес, қазақ елі бұдан былай қарай күн, ай, жыл санаттарын шүршіт есебімен жүргізсін деп әдейі жіберген. Бұ да басқа жұртқа өз әсерін тигізудің бір жолы...

Екі жыл өткеннен кейін, яғни бір мың жеті жүз елу сегізінші жылы Шыңжаңдағы ұйғыр мен қазақ көтерілісін қан-жоса етіп басқаннан соң, қытай әскері қазақ жеріне қайтадан кірген. Бұ жолы олар Тарбағатай тауынан төмен түсіп, Көкше теңізге дейін жеткен. «Ақтабан шұбырындыдағыдай» қытай әскерінің жолындағы бүкіл қазақ ауылдары «шүршіт келе жатыр» деп тағы босқан. Кешегі көкорай шалғын, бықыған малды ауылдардың орнына, шегірткесіне дейін желінген, өртенген орман, құлазыған қу дала қалған...

Абылай шүршітке тағы қарсы шықты. Аякөз тұсында болған қырғын соғыста өлдім-талдым деп жинаған әскерімді қырып алмайын деп, Қытайдың құрт-құмырсқадай қаптаған қолынан ол тағы шегінген. Осы жолғы айқаста Малайсары батыр оққа ұшты. Шегініп келе жатқан қазақ қолы оны қазір «Малайсары тауы» деп аталатын құмдауыт төбенің басына әкеп қойды...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий