Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

─ Бала, отыр! Елге келген хабарыңды есітіп жатырмыз...- дей түсті де, іркіліп қалды.

─ Ие, ақсақал, елге келгелі біраз болды.

─ Ә- ә! Ә! Бізге деп келгені осы болғаны да. Жарайт, жарайт!.. Бұл үйге қайтып бара жатқан бетің шығар?

─ Ие, ақсақал,- деді Жасағанберген, бұл жерде де бұлтара алмай қалып.

─ Өзім де солай шамал aп едім. Жол үсті той. Бой жылыта кеткендерің бөтен емес.

Ебейсінде үн жоқ. Түлкі құлақшынды көзіне түсіре басып киіп алған. Төмен қарап тұқырайып апты. Үндемесе де қасындағы серігіне «өзіңе де керегі осы еді. Ал, қарық бол!»- деп ішінен табалап отыр. Сүйеу қарт оның бар- жоғын тіпті байқап отырған жоқ сияқты. Жақсы көретін күйеу баласы ұсталғалы көңілсіз. Үй ішіне тіпті қатал. Шалқарда түрмеде жатқан Еламан мен Райға бара алмағаны жанына батып, ызасын кімнен аларын білмей, от басындағы бала-шағаға жыландай ысқырып отыр еді. Бұнда келгелі қасында қол-аяғы бүрісіп отырған жас жігітке қызыл көздің қиығын тастады.

─ Бала, тағы оқисың ба?

Бұнысы, бейне «жұрт сені төре деп төбесіне көтере берсін. Өзің де төре болуға тырысып, өңіріңе жез түймелерді жалтыратып таға бер... Бешпет, шалбарды да сыптай ғып тарылтып, қанша тыраштансаң да, сен әлі шіп-шикі баласың»,- деген кекесін сияқты.

Елге келгелі Жасағанберген қошаметті көп есітіп, көңілі кәдімгідей өсіп қап еді; соның бәрін мына қызыл көз шал дәл бір жол торыған ұрыдай, тұла бойын тұттай жалаңаштап сыпырып шешіп алғандай. Жас жігіт келуін келсе де, енді бұл үйден қалай шығып кеткенше асығып, шайды да бір шыны аяқ ішті де, кесесін қисайта салды.

─ Бала, неге аз іштің?

─ Рақмет, ақсақал.

Жасағанберген сыр бермей, үй ішімен сыпайы қоштасып жүріп кетті. Былай шыққасын Ебейсін:

─ Бармайық дегенім осы ғой. Бұл шал тіліне у - зәрін жиып отырған осы даланың улы жыланы,- деп еді, жас жігіт оның ренішті күңкілін есіткісі келмей, атын тебініп шаба жөнелді. Ауылға Ебейсіннен бұрын жетті. Келе сала шешініп жатып қалды. Сонан ол ертеңіне қан сәскеде бір- ақ оянды. Шай-суын ішкесін бұл әулеттің өз арасында қалыптасқан дағдылы әдет бойынша бұл әуелі софы ағасына, сосын болыс ағасына барып сәлем берді. Үстінде қара костюм, сары жез түймелі жұқа пальто. Құдайменде есіктен кіріп келе жатқан інісіне күле қарады:

─ Жасанжан қызық. Тірек ұстайтын татар байлары құсап, бұты - қолын сыптай ғып қалада киетін қара шекпенін ауылда да тастамайды.

Осы ағасының тілін қызық көретін Жасағанберген төрге озбай, үй ортасында аш мықынын таянып, сылқ - сылқ күліп тұр.

─ Қой, шырағым, қала сәнін ауылға әкеліп опа таппайсың. Абайла, бала, абыройдан айырылып қап жүрме.

─ Неге?

─ Ауыл арасын қалаңдай көресің бе? Тамына тамы бөксесін тақап тұрған қалада кісі тоңады дейсің бе? Мықтаса, көп бөлмелі татар байының үйін аралағандай шығар. Қыс бойы бір үйден шыға сала қол созым жердегі екінші үйге кіріп, көбең боп жаман үйренбей кәйттім дейсің.

Жасағанберген бұл жолы да сылқ - сылқ күліп, деректесетін жерде де ағасымен белдесуден қашып тұр. Құдайменде інісінен әлі де көз алмай, басы мен аяғына тосырқай қарады. «Әй, мына күшік немене, қалада болған аз уақытта күлкісіне дейін өзгертіп қайтқан ба? Апыр - ай, ә?!. Бала кездегі баяғы қылуа мінездерін Орынбордың қай көшесі, қай үйінің бұрышында қалдырып кетті екен? » Қаладан келгелі талай жерде байқап жүр, інісі бірде болмаса да бірде қызып кетіп, желпініп сөйлеген емес. Бұл шіркіннің сезімін ар жағында біреу қолға үйретіп алып, тізгіндеп тұратын сияқты. Күлсе де, сөйлесе де сараң қатынның қолынан шыққандай сығымдап, сыртқа шым-шымдап тек шетін шығарып отырады. Өзінің осы байқағандарын бір жолы үйде софы ағасы отырғанда Тәңірбергенге айтты:

─ Сен осы күшікті оқытып, алтын иық төре етем деп жүрсің, ал көре қал, осы бала бұзылып кете - туң.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий