Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Төлеу екі әйелін ертіп, сыртқа шықты. Айғанша анасының үлкен, кесек бітіміне сүйсіне қарады. Осы қара кемпірдің жатырынан шықса да, бұл өз басы әлі күнге ана сырына жете түсініп болған жоқ-ты. Басқа тартса аяққа жетпейтін тапшы дүниесі құрғырдың тарлығын көп көргесін бе, былайғы уақытта үй ішінің қазан-аяғына, ішкен - жегеніне араласып, әрі -берідесін келіндерінің қазан-аяқ ұстағанына ырза болмай, зәрін төгіп отыратын тарқол, қытымыр ананың кейде тап осындай кісінің кісілігі сыналатын жерде қолы ашылып кететіні бар. Ондайда аз ғана дәулеттің алды-артына қарамай, лақ еткізіп төге салатын жомарт.

Ебейсін қалғып отырған-ды. Мал сойылатын болғасын оның көнмен қаптағандай тобарсыған бетіне күлкі тепсініп, жанындағыларды шынтағымен түрткілеп жымыраңдап сала берді. Кемпір үй ішіндегі кісілерге назар аудармай, Еламан екеуі өзара сөйлесіп кетті:

─ Бір істі істеп салған екенсің. Оң - терісін біз қайдан білейік?!. Тек, әйтеуір, өзіңнен төмен әлдекімдерден қорлық көріп, күнде-күнде өле бергенше, бір тірлікте бір өлген де дұрыс шығар,- деді.

Бойы жылығасын Рай асқа қарамай, ағасының тізесіне басын салып ұйықтап кетті. Еламанды да ұйқы қысып, өзін зорға ұстап отыр. Астан кейін Айғанша үлкен жеңгесі екеуі қонақтарға төсек салды. Қараторы келіншек Еламанның басы астына салатын жастық таба алмай тұр еді, Айғанша жүгіріп барып, өзінің жастығын әкелді:

─ Еркем- ау, өзің?..

─ Асты жұмсақ болсын, тағы бір көрпе сал! Шамды сөндірмей, сығырайтып, білтесін басып қойды. Кеш жатқан жұрт жастыққа басы тиер - тиместе қор етті. Қатты қалжырап отырған Еламан тап жатар жерде ұйқысы ашылып кетті. Бұны айдар алдында қоштасуға біраз балықшы келген-ді. Әлсіз Ақбала келе алмады. Шала туған жеті айлық бала тыныш, аса кеп жыламайды деп балықшылар жұбатпақ болды. Оған Еламан онша илана қоймады. Шала туған баланың адам боп қатарға қосылуы екіталай. Түнімен ой қажытқан Еламан сонан тек таң алдында көзі ілініп бара жатыр еді, қаба сақал:

─ Әй, тұр,- деп, Рай екеуін бір- бір теуіп оятты. Еламан денесін зорға қозғады. Райдың да ұйқысы қанбаған. Бойын билей алмай, былқ-сылқ тұрған інісін Еламан қолтығынан алып, сүйемелдей берді. Қол-аяғындағы темір кісен шылдырап, ағалы-інілі екеу ақырын қозғалды. Есіктен дәл шығар жерде, түндегі жас қыз жүгіріп кеп, қоламтадан жаңа шыққан ып - ыстың күлшені Еламанның қойнына тыға сала, дереу жалт бұрыла берген-ді. Еламан оның нәзік білегінен ұстай алып, жібермей, кеудесіне қысып тұрып:

─ Айналайын-ай! Не дейін, аман бол. Жамандық көрме, мұңсыз өс!- деді де, қызды маңдайынан сүйді.

* * *

Теңіз жағалауымен аттылы екеу ақырын аяңдап келеді. Бірі - Жасағанберген, екіншісі -ана жолы оны Шалқардан алып қайтқан Ебейсін. Сонан бері ол жас жігіттің қасынан бір елі қалған жоқ. Оны әуелі ағайын-тумаларға апарды. Онан ағаларының сілтеуімен бұл өңірде билігі жүріп тұрған рубасы ақсақалдарды адақтап, әуелі Көлқора табанында отырған Рамберді, Жылқыбай секілді байлардың үйіне бір - бір түстенді. Сонан кейін ғана мойнындағы мықты бір парыздан құтылғандай боп теңіз жағалауымен үйге қайтып келе жатқан беті еді. Жас жігіт шаршаған. Көңілсіз. Қабағында ұйқы бар. Күнұзын талай үйден ет жеп, іркіт ішіп, ер үстінде отыра алмай, былқ-сылқ келе жатқанда бұлардың алдынан шөккен қардай үлкен ақ шоқалақтың ығында отырған бір қыстаудың төбесі көрінді. Іле-шала үрген иттің даусы шықты.

─ Мынау Сүйеу қарттың қыстауы емес пе?

─ Ой, оны қой. Болыс ағаң, қызыл көз шалмен қырғи-қабақ.

─ Қызық екенсіз, Ебейсін аға...

Жасағанберген ат басын дереу жалғыз қыстауға бұрды. Сүйеу қарт үйде екен. Аппақ қудай шалдың сақал-шашы ту сыртындағы терезеден түскен қысқы күннің сәулесіне шағылысып, қақ төрде қазықтай шаншылып апты. Қонақтарды көрсе де қозғалмады. Қағысып қасынан орын да ұсынбады. Сендерге лайығы осы дегендей, өзінен төменірек жерді иегімен нұсқап:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий