Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бүкіл дивизия сияқты, біздің бөліміміз де ұлы Москва шайқасының даңқты жауынгерлік дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтап келеді, — деді оның сөзін толықтырып полк комиссары Ф. Д. Толстунов.

Жауынгерлермен әңгімелесіп, полктың қорғанысы және оның дұшпанға оқ ату жүйесінің қалай ұйымдастырылғанымен танысқаннан кейін менің бұл сөздердің шындығына әбден көзім жетті. Полк жауынгерлері өз рубеждеріне көп еңбек сіңірген екен. Бұл жердің жағдайы қорғаныс жұмысына көп қиындық келтірерлік болатын, орманы мен батпағы өте көп еді. Бірақ гвардияшылар бұл қиыншылықтардың барлығын да ойдағыдай жеңіпті...

19-шы гвардиялық атқыштар полкының қорғаныс шебіндегі бекініс тіректері де, пулемет-артиллерия күшінің екі қанатқа бірдей өзара жымдаса жайғастырылуы да — жақсы ойластырылған екен. Әрине, оның кей жерлерін одан сайын жақсарта түсуге болатын еді. Мәселен, орман шетіне орналастырылған дзоттар анадайдан «мен мұндалап» білініп тұрды. Ал орман ішіні салынған дзоттардың бақылау және атыс аясы тар екен. Соңғы кемшілікті түзеу үшін орман ішінен биік пулемет мұнарасын орнатып, сол арқылы жерден көрінбейтін нысананы атқылауға болатын еді. Менің бұл кеңесім майор Момышұлына қатты ұнады».

Бауыржан. Дұрыс. Ол шақ Галицкийдің 3-ші екпінді армияға командашы боп келіп, қызметін жаңа қабылдап, енді кірісіп жатқан кезі болатын. Галицкий мен Чистяков біздің полкта болып кеткен күннен кейін іле-шала біздің 2-ші гвардиялық корпусқа генерал-майор М.П. Кутузов деген кісі командир боп келді. Бұл кездегі біздің 3-ші екпінді армияның мойнына жүктелген міндет Холмды қолдан шығармау, біздің қарсымызға келіп шоғырланып жатқан жау әскерінің шабуылына төтеп беру, шама келсе олардан Великие Луки — Невель — Новосокольники үш бұрышын тартып алу екенін жаңа айттым ғой. Бұл үшін еңбек қорғанысымызды нығайтып, шебімізді мықтап ұстау бірінші міндет еді. Майдан, армия командашылары мен корпус командирлерінің бізге жиі келіп, жағдайды өз көздерімен көріп, кемшілігімізді көрсетіп, ақыл, кеңестерін айтып жүргендері сондықтан болатын. Біз күні-түні тынбастан жұмыс істеп, қорғанысымызды одан сайын нығайта бердік. Жаңадан толып жатқан окоптар, орлар қаздық. Ұрымтал жерлердің бәріне доттар, дзоттар орнаттық. Бір сөзбен айтқанда солдаттың шебер қолы Холмның айналасын өнерлі қыз кестелеген орамалдың өрнегіндей етіп әшекелейді. Солдат қанды аз төгу үшін терді көп төгеді. 3-ші екпінді армия солдаттарының ол кезде төгілген тері анау Арыс, Бадам сияқты кішігірім өзендердің суынан кем болмаған шығар деп ойлаймын. Полк комиссары Толстунов, штаб бастығы Курганский үшеуміз жау шабуыл жасаған күнде, өзіміз шабуылға шыққанда істеуге тиісті мүмкін деген жобаларымыздың бәрін де жасадық. Осы қызу қорғаныс кезінде, 1942-жылы екінші октябрьде маған кезекті әскери лауазым — подполковник атағы берілді. Мынау сол кезге қатысты документ, мә, оқып шық, керек десең көшіріп ал.

ІІІ

Баукең қасында жатқан қызыл папкадан алып, табақтай фото көшірмені қолыма ұстатты. Онда былай деп жазылыпты: 3-ші екпінді армия командашысының

ТЕЛЕГРАММАСЫ

8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 19-шы гвардиялық полкының командирі подполковник Бауыржан МОМЫШҰЛЫНА

Енді Октябрь революциясының 25 жылдық мейрамымен құттықтаймын нкт Армияның Соғыс советі Сізді американ жұмысшыларынан келген сыйлық сағатпен наградтайды нкт Армияның Соғыс советі Сіз жүргізіп жатқан жауынгерлік жұмыс бөлімнің жауды толық жеңуге әзірлігін арттыра түседі деп сенеді.

Галицкий, Литвинов, Юдинцев.

7. 11. 1942 ж. № 1168 .

Дұрыс қабылданды.

19-шы гвардиялық атқыштар полкы штабының бастығы капитан И. Курганский.

Автор. Телеграммаға командашыдан кейін қол қойғандар кім, Бауке?

Бауыржан. Бригада комиссары А. А. Литвинов — армияның Соғыс советінің мүшесі де, генерал-майор И. С. Юдинцев — штаб бастығы.

Автор. Ол сағатты кейін берді ме Сізге?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий