Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Е, сұрағын. Есімде барын айтайын.

Автор. «Қол көтерген дұшпаннан гөрі, қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды сыйла» деген мақалыңызды қандай оқиғаға негіздеп шығарып едіңіз?

Бауыржан. 1941 жылы 4 декабрьде біздің әскерлер Москва түбінен ең алғашқы шабуылға шықты. Біздің дивизия сол тұңғыш шабуылдың алғы легінде болды. Алғашқы деревня босатылды тұңғыш тұтқындар қолға түсті. Жаңа ғана бір үйге бас сұғып едім, іле-шала саяси жетекші Бозжанов кіріп келді.

— О не, Жолтай? — дедім мойнымды бұрып.

— Ақсақал, екі немісті тұтқынға алып едім. Соны Сізге көрсетейін деп айдап келдім. Есік алдына шығып, көріңізші, — деді.

Жолтайға ілесіп сыртқа шықсам бір неміс анадай жерде, автоматын алға кезеген қалпында өліп жатыр екен. Мен қолдарын көтеріп тұрған тірі тұтқындардың қасына бармай, өліп жатқан немістің жанына жақындадым. Оған біраз қарап тұрдым да, қасымдағы Бозжановқа:

— Ана екі тұтқынға мына өлген немісті көмдіртіңдер! — деп бұйрық бердім.

— Неге? — деді аң-таң болған Жолмұхамед.

— Қол көтерген дұшпаннан гөрі, қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды сыйлау керек. Понятно! — деп жауап бердім мен оған.

Автор. «Бір жаралыға жәрдем беріп, оны аман алып қалған жауынгер — он ұл тапқан анадан артық» деген сөз қалай аузыңыздан шығып еді?

Бауыржан. Москва түбіндегі қырық бірінші жылғы қиян-кескі ұрыстардың бірінде Вера Гордова деген санитар қыз бір өзі он жауынгердің жарасын танып, ұрыс даласынан арқалап алып шықты. Сонда қасымда отырған Жолтайға:

— Апырай, мынау жұдырықтай қыз он ұл тапқан анадан артық болды-ау, — деген едім.

Автор. «Үлкенді — ізетте, кішіні — күзетке» деген сөзді неден шығарып айтып едіңіз?

Бауыржан. 1941 жылы он сегізінші ноябрьде генерал Панфиловтан Волоколамск тасжолының бойындағы Горюны деген деревняда жауды екі күн бөгеуге бұйрық алдым. Сол кезде дивизиямыздың басқа бөлімдері жана шепке қарай шегініп орналасуға тиісті еді. Генералдың бұйрығын ойдағыдай орындап, үшінші күні жау қоршауында қалып кейін шегіндік. Жолда, орман ішіндегі жалғыз үйге сәл тыныс алуға тоқтағанымызда бірнеше күн жаумен шайқасып әбден қалжыраған жігіттер қисая сала қор етіп, ұйқыға кетті. Мен штаб бастығы Рахимовқа қарап:

— Кәне, екеуміздің қайсысымыз ояу отырамыз? — дедім.

Сонда анадай жерге жаңа ғана жантайған Жолмұхамед Бозжанов орнынан атып тұрып:

— Ағатай, екеуіңіз де ұйықтаңыз. Мен тұрайын, мен кішімін ғой, — деді.

Мен Бозжановтың бетіне қарадым да:

— Үлкенді — ізетте, кішіні — күзетке деген. Жарайды, сен тұрсаң тұр. Бірақ жарты сағатқа қалай да шыда! — деппін.

Тура жарты сағатта мен өзімнен-өзім ояндым да, Бозжановты ұйқыға жатқыздым.

Бозжанов деген екі көзі тостағандай, екі беті әппақ манардай шиыршық атқан шапшаң, шектен тыс кішіпейіл, үлкенді аға, кішіні іні тұтып тұратын аса бауырмал, әрі ақылды, әрі алғыр, әрі батыр жігіт еді. Мені жанындай жақсы көретін, мен де оны туғанымнан артық деп есептейтінмін. Жоғарыда айтқанымдай, ол менің ұйқы-күлкіме, тіпті аузымнан шыққан әрбір сөзіме дейін қамқор болып жүретін. Менің өзіне ұнаған кейбір сөздерімді дереу жазып алып, артынан бірнешеуін өзіме әкеп беруші еді. Жаңағы өзің тарихын жазып алған мақал-мәтелдерді Жолтай маған өлерінен бір күн бұрын әкеп табыс етті.

— Аға, ертең шабуылға шығамыз ғой, мына сөздеріңізді көк дәптерге көшіріп алыңызшы, — деді. Сөйтіп ол қай сөздің қандай жағдайда айтылғанына дейін қоса баяндап берді. «Айдындана шапқаннан ажал да сескенеді» деп Горюны түбінде жауға жалғыз шапқан танкист туралы айтқан бір сөзімді планшетіндегі топографиялық картаның ақ жеріне түртіп қойған екен, соны да тауып берді. Ертеңінде есіл ер опат болып кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий