Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

5. Фашистер жегенді, одан соң ішкенді жақсы көреді. Ендеше анау консерв-гранатты танктың табанына жемге беріңдер де, ал өртенгіш сұйық затты сусынға ұсыныңдар. Шақырылмаған қонаққа бұдан артық сыйлық болмайды. Жақсы солдат жан сауғаламайды. Ол ақылмен, айламен, ынтамен соғысады. Фашист болат қораптың ішінде ғана батыр. Сыртындағы қабығын сыдырып тастасаң сары үрпек балапанның өзі болады да қалады. Содан соң танкты табаға айналдырып, оларды шыжылдатып шығару сендердің қолдарында.

— Бұл генерал Панфиловтың Москва түбінде дұшпанды қарсы алар алдында жау танкіне тоқпақ граната мен жанғыш затты қалай лақтыруды өз қолымен көрсетіп, алғы шептегі жауынгерлерге айтқан ақылы.

6. Мергенге қырағы көзбен қоса, қыңқ етпес төзім керек. Көз — көреді, төзім — жеңеді.

— Бұл дивизияның атақты мергені Төлеуғали Әбдібековке берген кеңесі. Генерал Панфиловтан ақыл алған бұл батыр қазақ 397 фашисттің көзін жойып, 1944 жылы 22 февральда ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Оның ТВ-2916 номерлі мергендік винтовкасы қазір Қазақстанның Орталық музейінде сақтаулы тұр.

7. Әскери карта — ардақты документ. Ол — тарихтың, ұлы шайқастар тарихының тамшысы. Карта — мыңдаған адамдардың өмірі мен өлімінің өмірбаяны, шешен шежіресі.

— Бұл Волоколамск қорғаныс шебінде тұрған кезде генералдың картасын абайсызда жыртып алған штаб бастығының көмекшісі Колокольниковке ренжіп айтқан сөзі.

8. Беліне байлаған котелогы жоқ солдатты қарусыз солдат деп есептеу керек.

— Бір жолы генерал кухнядан жапырлай ас ішіп жатқан солдаттардың қасына келеді. Олардың біреуі ас ішсе, екіншісі жолдасының котелогіне телміріп қарап отырғанын көреді. Сұрастыра келсе, телміріп отырғандар бөлімге жаңадан келген жауынгерлер болып шығады, олар жолдасының котелогы босауын күтеді. Бұған қатты кейіген генерал полк командирі Капровты шақырып алып, дереу полкта котелок жасатуға бұйрық береді. Капров генералға полкта котелок жасаттыратын лайықты материал жоқ екенін айтып, ақталады.

— Материал деген мынау емес пе? — деп генерал сол маңда шашылып жатқан мырышталған темірден жасалған патрон қораптарын нұсқайды. — Осыдан үш күннің ішінде алты жүз котелок жасаттырыңыз және бірінші біткен котелокты маған алып келіңіз.

Полковник Капров бұл бұйрықты орындап, жасатқан котелоктарының біреуін генералға алып барып көрсетеді. Генерал котелоктың ішіне ыстық су құйдырып, сақылдатып қайнаттырады да, оны төктіртіп тастайды.

Содан кейін таза су қайнаттырып, оған өз қолымен шай салып, Капров екеуі сол котелоктан шай ішеді. Жоғарыдағы сөзді генерал сонда айтады.

9. Төзімділік — солдаттың төтенше қаруы.

10. Сен менің қызымсың, ал солдаттар — ұлым. Әр солдатты ағаңдай көріп, оларды ажалдан арашалай біл, Валюша.

— Бұл екі сөз генералдың медсанбатта медсестра боп қызмет істеп жүрген өз қызы Валентина Ивановнаға ұрыс арасында бір кездескенде айтқан өсиеті.

11. Солдатты сыбап боқтай беру сардарлықтың белгісі емес; Солдат сыйлаған сардар ғана қадірлі командир.

— Бұл генералдың Афанасьев деген майорға ренжіп айтқаны.

12. Ауыр ұрыс кезінде полктарда болғым келеді. Ауырып жатқан баланы әкесі маңдайынан сипаса, ол едәуір әлденіп қалады. Ал ұрыстағы солдат аурумен емес, ажалмен айқасады. Командирі қасында болса, солдат ешқашан да ажалға әл бермейді.

— Бұл генералдың Волоколам ұрыстары кезінде алғы шептегі бөлімдердің бірінде комиссар Мұхамедияровқа айтқан сыры.

13. Біздің дивизияның жауынгерлері тоңса, жау танктерін өртеп, соның отына жылынады. От өшіп бара жатса, олар тамыздыққа тағы да танк әкеп салады.

— Бұл генералдың Дубосеково оқиғасынан кейін аязды күні қолын отқа жылытып отырып, дивизия комиссары Егоровқа айтқан сөзі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий