Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мұндай көңілсіз ойлардың керегі не! — Рязанов қасыма келіп, қолын иығыма артты. — Бәрі ойдағыдай аяқталады. Командование барлаудың нәтижесін күтеді. Атқыш жөніне келсек, оны өз қалауыңыз білсін. Ал, жолыңыз болсын, капитан.

«Ильюшин» міне әуеге көтеріліп те кетті. Төменде не көргенімді команда пунктіне түгел үздіксіз баяндап келемін. Луккенвальде артымда қалды, Берлинге дейін енді жиырма километрден аспайды.

Ойда жоқта тап алдымнан аэродром, онда самсап тұрған истребительдер көрдім. Мәссаған!

Дереу қырын бұрылдым да, газды аямай беріп, қауіпті өңірден қаша жөнелдім. Ағашы селдір орманның арасымен бірде жерге тие жаздап төмен, біресе жоғары ұшып келемін. Аэродромнан аулақ кетейін деген жалғыз ғана ой бар басымда. Неміс истребительдерінің әуеге екеуі ғана көтерілсе болды, — мені оп-оңай жоқ қылады.

Сәті түсіп, әйтеуір, аэродромдағылардың көздеріне шалынбай кеттім. Команда пунктіне едәуір мезет жауап бере алмадым да, ондағылардың мазасы кете бастапты.

— Он үшінші, неге үндемейсіз? Он үшінші, неге үндемейсіз? — деген үрейлі дауыс естіледі шлемофоннан.

Аэродромнан ұзап алған соң, байланысымды қайтадан бастап, истребительдер жайын екі сөзбен хабарладым. Сөйтсем, бір жарым сағаттан кейін біздің полктан екі эскадрилья келіп атака жасап, аэродром құрытылыпты, самолеттер сол тұрған орнында өртеліпті.

Берлиннің шет аймақтары көрінді. Бірнеше минут өткен соң орталық көшелер үстімен ұшып келемін. Төменде қаптаған адамдар, машиналар. Скверлерде, алаңдар мен сау тұрған үйлерде орнатулы жүздеген зениткалар. Иә, генералдың биіктік туралы айтқаны дұрыс екен. Бес жүз — алты жүз метрге көтерілейінші, зенитчиктердің қағып тастайтыны даусыз. Мына қалпымда «Ильюшин» зу етіп үстерінен өте шыққанша олардың мойындарын бұрып та үлгере алмайтындары анық.

Міне көпірге де келдім. Оның үстінен төрт қатар шұбап танктер, бронетранспортерлер, жаяу әскер тиеген автомашиналар өтіп барады. Мұны команда пунктіне хабарладым да, атака жасауға рұқсат алдым.

— Атака жасаушы болма! Қой оны! — деген қатаң дауыс естілді.

Шынында да атака жасасам өзімнің мерт болуым мүмкін еді. Жаяу әскерлер сасқалақтамай қимылдады дегенше самолет мылтықтың өзімен-ақ атып түсіре алады. Өзің осындай барлауда жүргенде ондай тәуекелге бару орынсыз болар еді.

Бұрылып алдым да, Потсдамға тарттым. Менің келу сапарым, немістерге ойыншық көрінбеген болуы керек, Потсдам шетіне жете бергенде алдымнан құлшына атқылаған зениткалардың кәріне тап болдым. Жалт бұрылып, екінші жағынан енуіме тура келді. Зениткалар мұнда да гүрсілдете қоя берді. Сонда мен үйге құр алақан қайтпақпын ба? Жоқ мен мұнда тектен текке ұшып келгенім жоқ.

Сәл жоғары көтерілдім де, артиллерия шебіне шүйіле құлдырап келген бойда бомбалар тастап, зеңбірек пен пулеметтен оқ жаудырдым. Батареяның үні өшті. Сол саңылаудан өте ұшып, Потсдам үстін бір айналып, артиллерия шептерін фотосуретке түсірдім де, зениткаларға қайтадан атака жасап, арыздасып-қоштасып жатқан Гитлер Германиясы астанасының төңірегінен сытылып шыға бердім.

Енді үйге қайтуыма болады. Берлинге қарап ұшқандағы ізіммен оралып келемін. Тек аэродромды алыстан орағытып өттім. Оны біздің жігіттердің тып-типыл еткенінен хабарым жоқ қой менің.

Майдан шетінен өттім. Енді көкіректі кере дем алуға да болады. Орындығымның арқалығына шалқая кетіп, бір секундтай көзімді жұмдым. Сонсоң сағатқа қарадым да, өз көзіме өзім сенбедім: барлау сапары көп болса 20—25 минутқа ғана созылған секілді еді, әуеде мен ұшып жүргелі бақандай екі сағат болыпты.

Аэродромға келіп, жерге қонуым сол екен, достарымның он шақтысы жапырласа жүгіріп келіп, мені кабинадан суырып алды. Ұшқыштар, механиктер, атқыштар мені аспанға лақтырып жүр. Әлде не күйге ұшырайды деп, достарымның зәре құты қалмаған екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий