Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ертелетіп телефон соққан адам Жамбылдың бұрынғы аудармашысы, 8-ші гвардиялық дивизияның «Отан үшін» газетінің алғашқы редакторы, ол кездегі «Правда» газетінің қызметкері Павел Кузнецов екен. Правдистер ертең, 23 февральда Момышұлы бізге келіп жарты сағат әңгіме айтып берсе екен деп өтініпті. Сағат бірде алты жүз адам «Правданың» актовый залында күтіп отырмақ екен. Бірге таман көлік жібереміз депті.

Содан кейін Бауыржан іштей толғанып, ойланумен болады. Көршісімен арадағы бұрынғы әңгіменің бәрі қалады. Баукең бөлмеде арлы-берлі жүріп, ертең сөйлейтін сқзін толғата бастайды. Ешқандай жазу жазбайды.

Ертеңінде сағат он екі жарымда Баукең атақты «қара көбелек» галстугын тағып, шытырдай боп киінеді. Сөйтеді де бірге он минут қалғанда бөлмеден шығып кетеді.

Біраз уақыттан кейін Бауыржан қайтадан бөлмеге келіп, шешіне бастайды. Қоңсы жазушы сағатына қарап бірден қырық минут кетіпті. Тегі көлік келмеген болар, Баукең содан соң қырсығып қайтып келген шығар деп ойлайды да:

— Бауке «Правдаға» бардыңыз ба, бармадыңыз ба? — деп сұрайды.

— Бардым.

— Кездесу болмады ма?

— Болды.

— Тіпті тез ғой.

— Правдашылар деген тәртіпті халық қой. Мен барсам актовый зал лық толып отыр екен. «Москва түбіндегі қорғаныс ұрыстары және оның Ұлы Отан соғысы тарихында алатын орны» деген тақырыпта жиырма минут сөз сөйледім. Правдашылар менің сөзімді бөліп, үш рет қол шапалақтады. Менің сөзімнен кейін: Сіздің ордендарыңыз көп дейді ғой, оның бәрін қай жерге тағасыз? — деген сұрақ қойылды. Мен оған: Отан берген, халық сыйлаған наградаларым өте көп. Оларды, басқа да совет қолбасшылары сияқты, кителімнің екі өңіріне қадаймын. Сыймағандарын арқама тағамын, алқа етіп мойныма асып аламын! — деп жауап бердім. Жұрт ду күліп, тағы да қол соқты.

Автор. Осы оқиға рас па, Бауке?

Бауыржан. Ы-ы-ың..., — деп алдымен сәл ыңылдап алды. — Рас. Бірақ онда екі сұрақ қойылған болатын.

Автор. Екіншісі қандай еді?

ІХ

Бауыржан. Екінші сұраққа көбірек жауап беруге тура келді. Бір журналист әйел: «Панфиловтың аузынан шыққан қандай қанатты сөздерді білесіз және оның қандай жағдайға шығарылғанын айта аласыз ба?» деді. Мен оған: Панфилов өте дана адам еді. Ол кісінің аузынан шыққан нақыл сөздер орасан көп. Сізге мен соның қапелімде есіме түскендерін ғана айтайын, — деп, бір-екі деп номерлеп, мына сөздерді айтып бердім.

1. Дүние толастамай мен шинелімді шешпеймін. Болашақ ұрпақтың өмірі мен өнері, бақыты мен байлығы — осы сұр шинельдің ішінде.

— Бұл генерал-майор Панфиловтың 1941 жылы августта, дивизиясын майданға бастап шығып бара жатқанда Алматы вокзалының перронында тұрып айтқаны.

2. Байыптап істелген батылдық — әскери таланттың туысы.

— Бұл артполктың командирі полковник Кургановтың бір батыл ісіне сүйсініп айтқан сөзі.

3. Кішкентай табыс — үлкен жеңіске үміттендіреді. Ол солдаттың жауды жасқауға және жаныштауға деген сезімін тудырады.

— Бұл дивизия ең алғаш Крестцы деревнясы маңында бекініс жасағанда жау тылына барлаушылар жіберіп, оларды жауға жанастырып үйрету жөнінде полк командирі полковник Шехтманға берген кеңесі.

4. Шеп құрдық — шатыр тіктің. Шатырыңды жел ұшырып кетпеу үшін қазығыңды мықтап қақ.

— Бұл дивизия 1941 жылы 7 октябрьде Волоколамск түбінде тосқауылға тұрған кезде айтқаны.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий