Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол жолы Сәбең үйіне шақырды. Бұл қонақасыда қазақ әдебиеті мен өнерінің, мәдениетінің белгілі қайраткерлері де бірге болды. Тап сол күні Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсрепов, өзімнің кластас досым, сонау 1928 жылдары Шымкентте бірге оқыған жолдасым Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев сияқты қазақтың қадірлі қалам қайраткерлерімен, Күләш пен Қанабек Байсейітовтар сияқты өнер ардагерлерімен тұнғыш рет Сәбең дастарқанының басында дидарластым. (Әбділда, Әлжаппар, Ғабиден үшеуі майданға келіп қайтқан болатын.) Осы сапарымда Сәбең қазақтың жақсылары мен жайсаңдардың танып-білуіме, сыйлас болуыма көп себін тигізді. Сәбеңнің арқасында сол жолы ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевпен де мәжілістес, пікірлес болып қайттым. Сол екеуінің ұйымдастыруымен Ғылым академиясында отыз алты сағат лекция оқуыма да тура келді.

Автор. Жаңағы журналда өзіңіз айтқан адамдардың барлығы да түсіпті. Айтылмағандардан генералдың жұбайы Мария Ивановна Панфилова мен ақын Иса Байзақовты да көзім шалып қалды.

Одан кейінгі бір кадрда өз қол астыңызда болған саяси жетекші, ержүрек азамат Жолтай Бозжановтың үйіне барғаныңыз бейнеленіпті. Жолтайдың туған ағасы Нұрмұхамед Бозжановтың балалы-шағалы үлкен семьясының ортасында әңгіме шертіп отырсыз. Тегі Жолтай жайында баяндап отырған боларсыз деп ойладым.

Енді бір кадрда Сіз «Эмка» қара машинасымен 28 панфиловшылар атындағы парктің алдына келіп тоқтадыңыз да, парк ішінде сапқа тізіліп тұрған қалың әскермен сәлемдестіңіз. Әскерлерді аралап көріп, оларға арнап сөз сөйледіңіз. Журнал осымен аяқталады екен.

Сол жолы Сізбен жүздескен адамдардың ішінен Қазақ ССР-інің халық артисі Серке Қожамқұловпен сөйлесіп, сол кісінің естелігін жазып алып едім, Бауке. Соны оқып берсем қайтеді Сізге?

Бауыржан. Оқығын.

Автор. Сераған былай деді: «1943 жылдың аяғында Бауыржан майданнан келді. Март айына дейін Алматыда болды. Екі жерде — Академияда және театрда лекция оқыды. Волоколамда болғанын, қоршауда қалғанын айтты. Панфилов туралы көп айтты. Генералдың адамгершілігі туралы айтқанда бүкіл зал тебіреніп отырды. Оны туған әке, ағамыздай көрдік деді. Ол біздің бойымыздағы ерлікті жанып отыратын еді деді. Мынау менің қойын дәптерім, соғыс басталғаннан бергі көрген-білгенімді осыған жазып келемін. Осыны аманат етіп Сізге тапсырамын, Қанеке, — деп дәптерін Қаныш Сәтбаевқа берді...»

Бауыржан. Рас. Соғыста жазғандарымның бәрін Сәтбаевтың сейфына тастап кеттім деп бұрын саған айтқан болатынмын.

Автор. Айтқансыз, Бауке.

Бауыржан . Ары қарай оқи бергін.

Автор. Бұрын жұрт лекция үстінде кіріп-шыға беруші еді. Бауыржан өйттірмеді. Лекцияға бір минут қалғанда ешкімді кіргізбейді екен. Үлкен-кішіңе қарамайды, есікті жаптырып тастайды. Сондықтан оның әр лекциясына 15—20 минут ерте барып отыратын болдық.

Біздің театрдан Бауыржан «Ақан сері», «Еңлік — Кебек», «Намыс гвардиясын» көрді. Бірақ спектакльден кейін ешқандай талдау, әңгіме болған жоқ. Жұрт оны кезектесіп, театрдан кейін қолма-қол үйіне қонаққа әкетіп отырды. Кешкі, түнгі уақыттары шақырылудан босаған жоқ.

Лекция оқығанда, кейбір қонақтарда болғанда айтқан сөздері, ойлары, ерлік тұлғасы есімде қалды. Қазір Бауыржан туралы сөз бола қалса, мен алдымен қырық үш-қырық төртінші жылғы Бауыржанды көз алдыма елестетемін. Бауыржан сөзді өте тауып сөйлейді екен. Әттен арасына «встаты» мен «молчаты» кіріп кетеді.

Өз басым сонысын сөлекеттеу көрдім. Бауыржанды ең алғаш көргенім жайында есімдегілер осы ғана.

Бауыржан. Ым-м-м...

Автор. Екі ай демалысыңыз біткеннен кейін Алматыдан бірден майданға қайттыңыз ба, Бауке?

Бауыржан. Екі айдан асыңқырап қайттым. Жолда Жуалыға соқтым. Одан бұрын, енді бірер күнде қайтамын деп әзірленіп жүргенімде бір күні Сәбит:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий